Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін жандандыру тапсырмасына сәйкес өңірде бірқатар жаңа кәсіпорынның таспасы қиылды. Кәсіпорындардың ашылуына өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов пен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қатысты. Инвестициялық жобалар өңірдің агро-өнеркәсіптік кешенін дамытуға серпін бермек.
Қызылжардағы қатты ірімшік шығаратын жалғыз кәсіпорын – «Eurasian Milk» серіктестігі биылдан бастап қоюландырылған сүт өндірісін қолға алмақ.
Жобаға 5,2 млрд. теңге инвестиция құйылған. Кәсіпорынға ел бойынша баламасы жоқ заманауи қондырғылар қойылған. Өндіріс желілері барынша автоматтандырылған. Нәтижесінде мұнда жылына 12 мың тонна қоюландырылған сүт өндіріледі.
Серіктестік директоры Андрей Гриценконың сөзінше, жұмыс 98 пайызға автоматтандырылған. Өндіріс барысында жергілікті шикізат пайдаланылады. Бүгінде өңірдегі 18 ферма сүтті осында өткізеді. Жаңа цех келер жылдың бірінші тоқсанында толық қуаттылықта жұмыс істей бастайды. Өндіруші қоюландырылған сүтпен отандық нарықты толық қамтамасыз етуге ниетті.
Цехтың ашылуынан кейін Ғауез Нұрмұхамбетов пен Айдарбек Сапаров «Зеленый Север» серіктестігіндегі жылыжай жұмысымен танысты. Бүгінде мұнда жылына 3 мың тонна көкөніс өсіріледі. «Зеленый Север» – өңірдегі төртінші буынды жалғыз жылыжай. Алдағы уақытта өндіруші жылыжайды кеңейтіп, 4,5 мың тонна көкөніс сатуды мақсат етіп отыр. Жоба құны – 4 млрд. теңге. Нәтижесінде жылыжай аумағы 52 мың шаршы метрге дейін кеңейіп, тағы 30 адам жұмыспен қамтылады.
Бұл күні «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында «ECO GLADE» саңырауқұлақ фермасы жұмысын бастады. Жобаға жұмсалған 11 млрд. теңгенің жартысы мемлекеттік қолдау механизмдері арқылы берілген.
– Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеудің мысалын аталған кәсіпорыннан көруге болады. Мұнда тек саңырауқұлақ өсіріліп қоймайды. Жиналған өнімді консервілеу, мұздату мүмкіндігі де бар. Бұл – Қазақстандағы ең ірі фермалардың бірі. Алдағы уақытта жергілікті нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, Ресейдің көршілес облыстарына экспорттау мүмкіндігі де бар, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялы-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмрин.
Мұнда саңырауқұлақ арнайы камераларда өсіріледі. Әр камераның ішінде мол өнім алуға қажетті жағдай жасалған. Камерадағы ылғалдылық пен температура цифрлық жүйе арқылы басқарылады. Қажет болған жағдайда ферма жұмысын қашықтан бақылауға да болады. Саңырауқұлақты егу, компост дайындау жұмыстарын арнайы қондырғы атқарады. Жұмысшылар тек өнімді жинау кезінде ғана камераға кіреді. Камераға жайылған қара топыраққа 18 күнде жұдырықтай шампиньондар өсіп шығады. Мамандар оны салмағына қарай сұрыптап, жәшіктерге салады.
«Саңырауқұлаққа деген сұраныс жоғары. Егер жоба толық аяқталса, импорттық өнімге тәуелділіктен арыламыз. Компания басшылығы кәсіпорынды тез арада іске қосып, өндірісті жолға қойды. Бүгінде алғашқы өнімді жинап жатыр. Жалпы елімізде ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлінуде. 11 айдың қорытындысы бойынша салаға тартылған инвестиция көлемі 28 пайызға артқан», – деді Айдарбек Сапаров.
Ферманың қазіргі өндірістік аумағы 10 мың шаршы метрді алып жатыр. Әзірге мұнда жылына 2,4 мың тонна өнім шығаруға мүмкіндік бар. Жаңа фермада 65 адам еңбек етпек. Алдағы уақытта кешенді кеңейту жоспарлануда. Оған сай тағы 6 млрд. теңге қаржы құйылып, өндірістік алаң 17 мың гектарға жетпек. Бұл жылына 4,8 мың тонна өнім шығаруға жол ашады. Осылайша жергілікті нарыққа қажет саңырауқұлақтың 45 пайызы Қызылжарда өсірілмек.
Сапар барысында Айдарбек Сапаровқа «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының №3 субаймағына инженерлік желілер тарту жұмыстарының барысы таныстырылды. Былтыр мұнда 15,8 шақырым электр, 6,7 шақырым су желілері тартылса, биыл 1,2 млрд. теңгеге ұзындығы 4,1 шақырым кәріз жүйесі орнатылған. 3,5 шақырымдық жылу желісінің жұмыстарын желтоқсанда аяқтау жоспарланған. Ал келесі жылы 11,2 шақырым жол салынып, 2,3 шақырым темір жол пайдалануға беріледі.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суреттерді түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.