Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатта көп жылдар бойы еңбек етіп жүрген ұстаздарымыз бен жас мамандарымыз өзара тәжірибе бөлісуде. Мектебімізде деңгейлік курстардың бірінші, екінші, үшінші, көшбасшы сатысын оқып, өз іс-тәжірибесімен бөлісіп жатқан мұғалімдеріміз “Тәжірибе негізіндегі зерттеу” атты ашық сабақтар өткізді. Ұстаздар сабақтарында жеті модульді оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін тиімді пайдаланды.
Мәселен, Бекзат Тоқпанованың география пәнінен 10 “а” сыныбында “Баламалы энергия көзі және “ЭКСПО – 2017”, “Ғылыми техникалық революция түсінігі. Техника мен технологияның даму жолдары” тақырыптарындағы дебат сабақтары өте қызықты өтті. Оған Дариға Қоспанова, Руслан Айтжанов, Айнагүл Қабдулина, Раушан Исахметова сияқты бірінші, екінші деңгейлі және көшбасшы мұғалімдер сарапшы болып, сабақтың барысын жоспарлау, мұғалім мен оқушы әрекеті, бағалау қырлары бойынша қадағалады. Соңында кері байланыс жүргізіліп, дебат сабағының нақты өлшемдерін көрсету бойынша ұсыныстар жасалды.
Тәжірибе алмасу барысында 12 ашық сабақ талқыланып, жүйеленіп, мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсетілді, сабақта кеткен кемшіліктер мен ұсыныстар төңірегінде коучинг ұйымдастырылды. Екінші жүйелі ашық сабақтарда алдыңғы кемшіліктер түзетіліп, нақты мақсат қойылды. Жекелей, жұптық, топтық жұмыстар ұйымдастырылған сабақта функционалдық сауаттылық көрініс тапты.
Ұстаздарды жаңаша оқыту мазмұнына сәйкес даярлау мақсатында үш деңгейлі он бір мұғалімнің кіріктірілген ашық сабақтары өтті. Қазақ әдебиеті мен тарих, әдебиет пен география, математика мен ағылшын тілі, орыс тілі мен қазақ тілі, әдебиет пен биология, химия мен ағылшын тілі пәндері кіріктіріліп жүргізілді.
Деңгейлік бағдарлама бойынша курстан өтпеген он сегіз мұғалімге жаттықтырушы Жанар Әбілованың бастамасымен “Тәжірибедегі рефлексия” жалпы білім беретін мектеп педагогтерінің кәсіби даму бағдарламасы жасалды. Ол 100 академиялық сағат көлемінде мектепте оқытылды. Мектеп оқушылары өзін-өзі, құрдасын бағалауға, топ басшысының баға беруіне үйреніп, қанығып алды. Сабақтарға ата-аналар да қатысты.
Әлем елдері сияқты біздің Қазақстанның білім беру жүйесінде өзгерістер жүргізіліп жатыр. Бүгінде мектеп те, мұғалімдер де, оқушылар мен ата-аналар да оң өзгерістерді анық сезінуде. Мұғалімдеріміздің жұмыс әрекетінің нәтижелілігінің арқасында биылғы оқу жылында мектептің қоржыны облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардың алтын, күміс, қола медальдарымен толықты. Бұл ретте бірнеше жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан мектеп шеберханаларының маңызы зор. Онда олимпиадаларға дайындалып, ғылыми жобалар жазып, зерттеу жұмыстарымен айналысқан оқушыларымыз облысымыздың алғы шебіне шықты. Оқушыларымыз облыстық олимпиадаларда – 53 орын, ғылыми жоба жарыстарында – 18, республикалық кезеңде 5 орынды еншіледі. Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механикадан зерттеу жұмыстарының жетінші халықаралық конкурсынан екінші орынды иелендік. Түлектеріміз әр елде оқып жатса да, ізбасарларын қашықтықтан дайындауға белсене қатысады. Жыл аяқталып, 37 түлегіміз алдағы сынаққа дайындық үстінде. Біз түлектеріміздің ертеңгі күні еліміздің бетке ұстар азаматы болатынына сенеміз.
Айнагүл ЕСҚАЛИЕВА,
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған
гимназия-интернат директорының бейіндік оқыту ісі жөніндегі орынбасары.