«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕЛІН ДЕ – ҚЫЗЫҢ

Босағаны оң аяғымен аттап, басынан орамалын тастамаған келіндер жайлы бірер сөз. Үлкендер жағы ұзатылып бара жатқан бойжеткенге “тастай батып, судай сіңіп кетсін” деп ақ баталарын береді. Осылайша, отбасылық өмірге аяқ басқан жас біреуге абысын, біреуге жеңге болады. Ал бірақ “келін” деген атау өмір бойы сақталып қалады. Кеше ғана босаға аттаған жас келін уақыт өте ақ самайлы әже болса да, әдемі әңгімесін: “Мен осы үйге келін болып түскен кезде…”, – деп бастайды.

Келіннің алғашқы ұстазы ол, әрине, ене.  

“Келінім саған айтам, қызым сен тыңда” деген сөз тегін айтылмаған. Бұрынғы келіндер осындай сөздерді естігенде оның мән-мағынасын бірден түсіне қойған. Бұл да тәрбиенің бір түрі деп ойлаймын. Отбасының түтінін түзу ұшыру жолында мол үлес қосатындар да – келіндер. “Бауырым” деп бауырларына басатын да, күйбелең өмірде кездесетін түрлі жағдайды ушықтырып алмау үшін сабыр сақтап, шыдамдылық танытатындар да – келіндер. Жиған-тергенді ойын-тойға үнемдеп шашатын да, ара-тұра баласын құшақтап, төркініне қашатын да – осы нәзік жандар. Көп жағдайда үйдегі тіршіліктің көңілден шығуы келінге байланысты болады. Келін дұрыс болса – ырыс, кесапат болса ұрыс болуы әбден мүмкін.

Әрине, әркімнің аузына қақпақ бола алмайсың. Бірі келінді жақтайды, мақтайды. Ал басқалары, керісінше, ой айтады. Қалай болғанда да, көп нәрсе келіннің өзіне байланысты. Келін өзінің жұбайына шын сезіммен тұрмысқа шыққан соң ата-енесін, ағайын-туыстарын барынша сыйлап, жақсы көруі керек.

Барлық ұлттық салт-дәстүрді сақтау мүмкін емес шығар? Әсіресе, қазіргі жастардың көбі ата-баба салтын сақтамайтын шығар. Бірақ келін болып түскен босағаның адамдарын сыйлау, құрметтеу, ол – парыз, міндет. Керек болса, тәртіп. Осы күні мұны түсінетін келіндер бар, түсінбейтіндері де, өкінішке қарай, жоқ емес.

Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай қоймайды. Әр нәрсеге ренжудің қажеті жоқ. Қандай жағдай болса да, келін сабыр таныта білсе, үйде береке, татулық орнайды.

Жас келіннің үйдегі адамдарды қалай атауы керек екеніне де аса зор көңіл бөлген жөн. Біз, көбіне, келіндердің әке-шешесін “мама, папа” деп атауына әрекет жасаймыз. Меніңше, бұл дұрыс емес. Келін “ата-ене” деуі керек.

Өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары келіндер бетіне орамалдарын жауып, аталарына “ата” деп айтпақ түгіл, түрлерін де көрсетпейтін. Бір-бірімен тілдеспейтін де. Бұл ойдан алынған дүние емес, көзіміз көрген соң жазып отырмын. Келіндер енелеріне көбіне “апа” дейтін. Мұның да өзіндік мән-мағынасы бары сөзсіз.

Менің өзімнің 5 қарындасым бар. Бүгінде бәрі де тұрмысқа шығып, өз отбасын құрып отырған жайлары бар. Мына күйбің тірлікте бауырларымен күнде кездесе беретін уақыт та табыла бермейді ғой. Бір қарындасымның той-томалағында сәті түсіп, барлығымыз жиналып қалдық. Бір үстел басында жиналып, шүйіркелесіп отырғанда екінші қарындасым күйеуінің туған-туыстарымен отырған үлкен апасына қарап: “Біздің ортамызда неге жүрмейді?” – дегені есімде. Сонда жеңгесі: “Жүре берсін, ол енді өзінің ортасы, мен жүрген жоқпын ба, міне, сендермен біргемін”, – деп әдемі жауап берді. Қарындасым болса, жеңгесінің жауабына дән риза болып, туған бауырындай құшағына алды.

Осы бір әдемі көрініс әлі күнге көз алдымда. Әрбір отбасында қыздар мен жеңгелер, ене мен келін арасында осындай жібі үзілмес жақсы қарым-қатынас орнаса, нұр үстіне нұр болар еді.

Сұратай ӘЙТІМОВ.

Аққайың ауданы,

Смирново ауылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp