
Дауды шешудің ең тиімді тәсілі – келісімге келіп, бітімгершілік жасау. Қазіргі таңда соттарда тараптарды татуластыру рәсімдерін дамытуға айрықша назар аударылады. Тұрғындардың сот жүйесіне сенімін арттыру үшін оларды осындай үрдістерден хабардар етіп, тиімділігін түсіндірудің маңызы зор.
“Татуластыру рәсімдері деген не және ол қалай жүзеге асырылады?” деген сұраққа жауап беру үшін Азаматтық процессуалдық кодекстің 17-тарауына назар аудару керек. Қазіргі таңда азаматтар соттағы және соттан тыс медиацияның, партисипативтік рәсімнің және татуластыру келісімінің арқасында бітімге келе алады. Тараптардың сот отырысында өзара тиімді тәсілдер арқылы бейбіт келісімге келуі түсінікті. Ал дауды медиациялық және партисипативтік әдістер арқылы реттеу жөнінде бірқатар сұрақтар туындауы мүмкін. Заңға сәйкес медиаторлардың негізгі мақсаты – екі тарапқа мәселені шешуге мүмкіндік беріп, дұрыс жолға бағыттау. Елімізде медиаторлардың көмегі әлеуметтік салаларда, әсіресе, отбасы мәселелерінде кеңінен қолданылады.
Партисипативтік рәсім кезінде кәсіби өкіл-адвокаттардың рөлі артып, тараптардың татуласуына кедергі келтіретін, ісіне ыждағатсыз қарайтын қорғаушылардың қызметіне тыйым салынады. Процеске қатысатын адамдардың міндеттерді орындамауы, құқықтарын асыра пайдалануы да регламенттелген.
Қазіргі таңда облыста соттан тыс татуластыру орталығы, отбасылық кеңес алуға болатын үш кабинет, кәсіподақ ұйымдарының жанында төрт, әкімдіктер жанында 91 медиация кабинеті, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының жанында татуластыру орталығы жұмыс істейді. Былтыр ондағы 40 кәсіби және 323 кәсіби емес медиатор азаматтық даулар бойынша 876 келісімге қол жеткізді. Сонымен қатар Уәлиханов ауданының Қулыкөл ауылындағы билер кеңесі әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты бір дауды шешуге көмектесті. Бұлардың барлығы сотқа дейін шешілген істер екенін айта кеткен жөн. Ал “Соттағы татуластыру рәсімдері” жобасы азаматтық істер қаралатын соттарда жүзеге асырылады.
Жалпы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыс соттары өткен жылы 16677 азаматтық істі аяқтады. Соның 1614-інде дау тараптарды татуластыру арқылы шешілді. Яғни, мұндай әдіс-тәсілдер дауды шешудің заманауи тәсілі ретінде оң нәтижесін көрсетіп келеді.
Әлия АЙСИНА,
облыстық соттың судьясы.