Қазіргі кезде мемлекетіміздің құқықтық саясатында сот тәртібімен қаралатын даулардың санын қысқартуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру қажеттілігі маңызды болып саналады, себебі шет мемлекеттерде (АҚШ, Австрия және т.б.) барлық даулардың үштен бірі соттың қатысуынсыз медиация тәртібімен қаралады.
Медиация (ағылшын сөзі “mediation” – араға түсушілік) – үшінші бір мүддесіз тараптың екі немесе бірнеше тараптардың арасындағы даулы және шиеленісті жағдайларды келісімге келтіруі.
Азаматтар мен заңды тұлғалардың арасында туындаған дауларды жеңілдетілген тәртіппен өзара ерікті түрде шешу мәселесін құқықтық негізде реттеп, сол арқылы тараптардың дауын шешетін сот ісін жеңілдету үшін медиатор институты енгізілді.
Қазақстан Республикасының “Медиация туралы” Заңы (әрі қарай – заң) 2011 жылғы 28 қаңтарында қабылданды.
Заңды тұрғыдағы түсініктемесі бойынша медиация дегеніміз – тараптардың ерікті келісімімен жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі. Дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім жазбаша келісіммен жасалады.
Медиация рәсімі мына жағдайларда қолданылмайды: егер медиация рәсіміне қатыспайтын үшінші тұлғалардың және сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдардың мүдделерін қозғаған немесе қозғауы мүмкін болған жағдайда; тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларға (дау-шарларға); сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша.
Медиация барысында медиатор бір мезгілде барлық тараптармен де, тараптардың жеке-жеке әрқайсысымен де кездесулер өткізуге және оларға дауды (даушарды) шешу жөнінде ауызша әрі жазбаша ұсынымдар беруге; құпиялылық қағидатын сақтай отырып, өз қызметін жүзеге асыруы туралы жұртшылықты хабардар етуге құқылы. Сонымен бірге, медиатор медиацияны жүргізген кезде тараптардың келісімімен ғана әрекет етуге; медиация басталғанға дейін медиация тараптарына оның мақсаттарын, сондай-ақ, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге міндетті. Кәсіпқой медиатор медиаторлар қауымдастығы (одағы) бекітетін Медиаторлардың кәсіптік этикасы кодексін сақтауға міндетті.
Енді, азаматтық сот ісін жүргізу барысында тараптардың арасындағы дауларды шешуде медиацияның жүргізілу тәртібіне тоқталсақ.
Медиация туралы заң қабылданғаннан кейін Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы №402-ІV заңымен кейбір заңнамалық актілермен қатар, соның ішінде Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің 49, 53, 55, 56, 61, 79, 113, 153, 170, 185, 192, 193, 240, 242, 244, 247, 342, 383-11 баптарына да медиация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Атап айтқанда, Азаматтық іс жүргізу кодексінің 49-бабы бойынша тараптар істі немесе дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқтай алады, оларға тараптар қол қояды және сот бекітеді. Егер бұл іс-әрекет заңға қайшы келсе немесе басқа біреулердің кұқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін бұзатын болса, сот талап қоюшының талап қоюдан бас тартуын, жауапкердің талап қоюды тануын қабылдамайды және тараптардың бітімгершілік келісімін немесе тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін бекітпейді.
Судья істі сотта қарауға әзірлеу және істі мәні бойынша қарауды бастауда тараптарға дауды медиация тәртібімен шешу құқықтарын және мұндай әрекеттің салдарларын түсіндіреді.
Айта кететін жайт, заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтық іс жүргізу барысында медиацияны жүргізуге байланысты оған белгілі болған мән-жайлар туралы медиатордан куә ретінде жауап алуға болмайды (Азаматтық іс жүргізу кодексінің 79-бабының 2-тармағының 3-2-тармақшасы).
Азаматтық іс жүргізу кодексінің 193-бабының талабы бойынша тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің шарттары сот отырысының хаттамасына енгізіледі және оларға тиісінше талап қоюшы, жауапкер немесе екі тарап та қол қояды. Егер тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімі сотқа жолданған жазбаша арыздарда жазылса, олар іске қоса тіркеледі, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі.
Тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін бекіту туралы сот ұйғарым шығарады, сол арқылы осымен бір мезгілде іс жүргізу тоқтатылады.
Тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасаса және оны сот бекітсе, іс жүргізу қысқартылуға жатады (Азаматтық іс жүргізу кодексінің 247-бабының 4-1-тармағы).
Сот тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін бекітпеген жағдайда, сот бұл туралы ұйғарым шығарады және істі мәні бойынша қарауды жалғастырады.
2014 жылы Петропавл қаласының №2 соты барлығы 8940 азаматтық істі қарады, соның ішінде 51 (0,6%) азаматтық істің өндірісі тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімшарт жасауына және оны соттың бекітуіне байланысты қысқартылды.
Еліміздегі жеке және заңды тұлғалардың арасында туындаған даулар бітімгершілікпен, аралық-сотпен немесе медиация тәртібімен келісімге келу арқылы шешіліп жатса, дауласқан тараптардың ұтпаса, ұтылмасы анық.
Қалжан ЕРМАҒАНБЕТОВА,
Петропавл қаласы №2 сотының судьясы.