“Мен 1-ші топтағы мүгедекпін. Қолымнан келетін іс тігіншілік болғандықтан, осыдан 3-4 жыл бұрын одан күнкөрістің көзін тапқандай болып едім. Бірақ қаржы тапшылығы діттеген ойымды жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Өзім сияқты жандарға мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп, талайлардың бизнесі оңалып кеткенін естіп жүрмін. Сондай көмек туралы кімнен білуге болады?” – деп редакциямызға телефон шалған петропавлдық Айгүл Дүйсенбинаның сауалына “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ өңірлік филиалының бас менеджері Гүлмира Жақыпова жауап береді.
– Бұл сұраққа жауап бермес бұрын әр адам кәсіпкерлікке қадам жасаған кезде бағытын дұрыс айқындап алса деймін. Ұтымды бизнес ұшқыр жобадан дамиды. Сондықтан Айгүл Дүйсенбинаның біздің кеңсеге келіп, кеңес алғаны жөн болар еді. Мұндағы мамандар оған кәсіпкерліктің қыр-сырын жайып салып, қандай құжат қажет екендігін, оларды қалай жинап, қалай толтыратынын түгелдей түсіндіріп береді. Біздің кеңседе кәсіпкерлікке арналған түрлі семинарлар ұйымдастырылады. Ондай арнайы оқулардан бизнеске қатысты көптеген мағлұмат алуға болады.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың бизнесін қолдауға арналған бағдарламалар бар. Біздің қордың араласуымен “Даму-Көмек” және “Жұлдыздарға қара!” атты екі бағдарлама жүзеге асырылады. Біріншісінде біз өз ісін бастағысы келген мүгедек жанға қалыптасқан бизнес өкілінің көмегін ұйымдастырамыз. Онда бастама жасау үшін қолдау көрсетіледі. Ал екіншісі “Казкоммерцбанк” АҚ қаржы институтының қолдауымен қолға алынған. Ол бизнес жобаға байқау өткізу арқылы ұйымдастырылады. Жеңімпаздарға 300 мың теңгеге дейінгі қайтарымсыз қаржы бөлініп, оған кәсібіне қажетті құрал-жабдықтар сатылып әперіледі. Бірінші бағдарлама бойынша 2009 жылдан бері 50-ге тарта мүгедек жан қолдау тапты. Ал екінші бағдарлама биыл үшінші жыл ұйымдастырылды. Онда жыл сайын 7-8 бизнес-жоспар мақұлданып, жеңімпаздарға банк тарапынан қаржылай көмек көрсетілуде.
Өңірде орта және шағын кәсіпкерлікті жандандыру үшін “Даму” қоры біраз жұмыстың басын қайырды. “Бизнестің жол картасы – 2020” бірыңғай бағдарламасы бойынша елді мекендердегі кәсіпкерлер қолдау табуда. Онда мүгедек жандарға ерекше ілтипат танытылмайды, бірақ бағдарламада салалық шектеу де жоқ. Осы жерде қауымның назарына сала кететін бір жайт: мемлекеттік қордан бөлінген қаржы біздің мекеме арқылы таратылмайды. Олардың барлығы екінші деңгейдегі банктерде орналастырылған. “Даму” қоры көбіне орта және шағын кәсіпкерлікке банк алдында кепілдік беру, демеуқаржы бөлу, сондай-ақ, қаржылай емес қызмет көрсетумен айналысады. Кәсіпкерлікке бағытталған қайтарымсыз қаржы немесе несие туралы сөз қозғалған кезде көп жағдайда тұлғаның жеке кәсіпкерлікке иелік мәртебесі қажет болатынын да естеріңізге сала кеткім келеді.