Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылғы 17 қаңтарда Қазақстан халқына “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауын арнап, еліміздің алдында тұрған өзекті міндеттерді атап көрсетті және мемлекетімізді әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына енгізу мақсатын алдымызға қойды.
Елбасы: “Біз қазақстандықтардың ел болашағының тұтқасын нық ұстауы үшін “Қазақстан – 2050” Стратегиясын қабылдадық. ХХІ ғасырда стратегиялық жоспарлау ең өзекті қағида болып саналады. Егер ел өз бағыты мен баратын айлағын білмесе, ешқандай жел оңынан соқпайды. 2050 Стратегиясы айқын шамшырақ секілді басты мақсатымыздан көз жазбай, азаматтарымыздың күнделікті тіршілігінің мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бұл біздің 30-50 жылда емес, жыл сайын халық тұрмысын жақсартатынымызды білдіреді”, деді.
Жолдауда Елбасымыз алдағы 15-17 жылда Қазақстанның кең ауқымды өрлеуіне мүмкіндік беретін басым бағыттарды нұсқады. Осы кезеңде оны жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар қалыптасып отыр. Сондықтан, біз бұл уақытты Елбасының Жолдауда Қазақстан халқына жүктеген міндеттерін ойдағыдай жүзеге асыру үшін пайдалануға тиіспіз.
Жылдың басты құжатында Н.Назарбаев агроөнеркәсіп кешенін инновациялық жолға көшірудің маңыздылығын атап көрсетті. Бұл – біздің дәстүрлі саламыз. Азық-түлікке сұраным арта түседі. Бұл салаға инвестициялар көптеп құйылады. Болашақта аграрлық салада, бастысы – шағын және орта бизнес түріндегі жаңа өңдеуші кәсіпорындар торабын құрудың маңызы артады.
2014 жылдың қаңтар-мамыр айларында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 1822,7 млн. теңгені құрап, нақты көлем индексі 2013 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 107,7 пайыз болды. Ет өндіру (тірілей салмақпен) – 10,3 пайызға (82,9 тоннаға), сүт – 5,5 пайызға (572,8 тоннаға), жұмыртқа – 4,9 пайызға (212,1 мың данаға) артты.
Шаруашылықтың барлық түрлерінде ірі қара мал басы – 10,6 пайызға, жылқы – 7,2 пайызға, қой-ешкі – 8,3 пайызға, құс – 0,9 пайызға көбейді.
2014 жылдың басынан барлығы 410 бас ірі қара мал, соның ішінде 87 асылтұқымды бұқа сатып алынды. “Агрофирма Приишимский” ЖШС-іне АҚШ-тан әкелінген Абердин-ангус тұқымды ірі қара малды өсіру үшін асылтұқымды төл өсіретін шаруашылық құрылды.
Көптеген мәселелердің шешімін табу ауданның бюджеті мен оның орындалуына байланысты ғой. Жедел деректерге қарағанда, 2014 жылдың бес айында тұтастай ауданды алғанда төрт шағын кредит ұйымы және “Бірлік” кредит серіктестігі 113,3 млн. теңге мөлшерінде 84 кредит берді.
Барлық кіріс көздері бойынша жергілікті бюджет 101 пайызға орындалды немесе 673,8 млн. теңге, соның ішінде облыстық бюджетке 345,8 млн. теңге және аудандық бюджетке 328,0 млн. теңге қаржы түсті. Өткен жылдың сәйкес мерзіміне қарағанда кірістер 55,7 млн. теңгеге көбейді.
Облыстық бюджеттен 1188,6 млн. теңге немесе жоспарланғанның 100,0 пайызы сомасында трансферттер түсті.
“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 2014 жылдан бастап демеуқаржы беру бойынша жолаушылар тасымалының сапасын жақсартуға 1 жоба құпталып, оған жалпы көлемі 13,0 млн. теңге инвестиция, соның ішінде 11,0 млн. теңге кредит қаржылары есебінен салынды.
Үстіміздегі жылдың есепті кезеңінде өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 6107,8 млн. теңгені құрап, нақты көлем индексі 2013 жылғы сәйкес мерзімге қарағанда 129,5 пайыз болды. Аудан кәсіпорындары мал етін өндіру көлемін – 6,5 пайызға, жаңа піскен нанды – 2,9 пайызға, ұнды – 3,4 есе, рапс майын – 47,4 пайызға, күнбағыс майын – 16,3 пайызға, дайын жем-азықты – 8,1 пайызға арттырды.
Индустрияландыру картасының аясында 2014 жылдың 18 сәуірінде Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің штаб отырысында Новоишим ауылындағы “ПМК-5” ЖШС-інің көбікбетон және бетон бұйымдарын өндіретін жаңа құрылыс корпусы бар өндірісті кеңейту жобасы құпталды. Өз қаржысына салынған инвестицияның жалпы көлемі 30,0 млн. теңгені құрайды, 18 жаңа жұмыс орны ашылады.
Биылғы жылдың қаңтар-мамырында бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 4234,1 млн. теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміндегіден 2,3 есе көп.
2014 жылдың бес айының ішінде негізгі қорға, ауыл шаруашылығы техникаларын, қосалқы бөлшектерді, элеваторларға жабдықтар, жүк автомобильдерін алуға бағытталған инвестициялар көлемі 6559,5 млн. теңгені құрады немесе 2013 жылдың сәйкес мерзіміне шаққанда 123,5 пайыз болды.
Ауданда жалпы алаңы 1198 шаршы метр 10 үй пайдалануға берілді. 2014 жылдың бес айында 797,9 млн. теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылып, бұл өткен жылдың осы мерзімінен 4,8 есе асып түсті.
Осы бес айда республикалық маңыздағы жолдарды ағымдағы жөндеуде және күтіп ұстауда 59,1 млн. теңге игерілді. Жергілікті маңыздағы жолдарда бұл бағытта игерілген қаржы – 31,8 млн. теңге.
Елбасымыз біздің болашағымыздың баянды болуы қазақстандықтардың әлеуетін арттырудың жаңа мүмкіндіктерімен байланысты екендігін атап көрсетіп келеді. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және сауыққан азаматтары бар ел. Бұл орайда денсаулық сақтаудың маңызы зор. Атап айтқанда, тұрғындарға 11 емдеу-сауықтыру ұйымы, соның ішінде 9 амбулатория-емхана мекемесі, 145 орындық 1 орталықтандырылған аудандық аурухана, 80 орындық туберкулезге қарсы диспансер, соған қоса, 8 фельдшерлік-акушерлік қосын, 46 медицина қосыны медициналық көмек көрсетеді. 2014 жылы 3 автокөлік: орталық аудандық ауруханаға 1 реанимобиль (17490,0 теңгеге) және тубдиспансер мен Западный ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға екі жедел жәрдем машинасы (жалпы сомасы 5161, 0 мың теңге) алынды. Денсаулық сақтаудың 65 нысанына (100 пайыз) телефон тартылды.
Елбасымыз өзінің Жолдауында сапалы білім беру жүйесіне зор назар аударды. Біз ұлттық білім берудің сапасын жақсартуға айрықша күш салуға тиіспіз. Ауданымызда 2013-2014 оқу жылының басында 49 мектеп болды. Олардың бәрі Интернетке қосылған.
Ауданда, сондай-ақ, 3 кәсіптік лицей бар.
Бейбітшілік пен келісім, ұлттар бірлігі – біздің зор ырысымыз. Елбасымыздың сындарлы да ұстамды саясатының арқасында ынтымағымыз бен достығымыздың іргесі берік. Осының нәтижесінде халқымыз Мәңгілік мұраттарына қол жеткізеді.
Марат ТАСМАҒАМБЕТОВ,
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкімі.