Елордамыз – Астанада, Тәуелсіздік сарайында бастау алған салтанатты шараға қатысып, Елбасының сөйлеген сөзін ден қоя тыңдап, ерекше тебіреніске бөлендім. Қашанда халқының жағдайын ойлап, сындарлы саясатымен мемлекетімізді биік белестерге жетелейтін Тұңғыш Президентіміздің салтанатты шарада: “Бірлік – біздің барлық жеңістеріміздің алтын қайнары, ел қорғағанда күш-қуат берер асқақ айбары. Осыны әрдайым жадымызда ұстауымыз керек”, – деген сөздерінің мән-мағынасына ой жүгіртсек, көп нәрсені түсінуге болады. Елбасы өз сөзінде халықтар арасындағы бірлікті, өзара татулықты, достықты тілге тиек ете отыра, тарихты тереңнен қозғап, Қазақ хандығының 550 жылдық ұлан-асыр тойын өткізудің өзінің ерекше себептері барын айтты. Елбасының салтанатты шарада сөйлеген сөзі әрбір адамның бойына күш-қуат беріп, қанаттандыра түсері айдан анық. Өйткені, бұл – тарихи маңызы бар ерекше күн. Елбасы Алматы мен Астанада, облыс орталықтары мен ірі елді мекендерде әйгілі хандардың, батырлардың еңселі ескерткіштері бой көтеріп, олардың есімдері елді мекендерге, жоғары оқу орындары мен мектептерге берілгенін де мақтанышпен жеткізді. Аты аңызға айналған адамдардың ерлік пен күреске толы өнегелі өмір жолдарын бүгінгі жас ұрпақ біліп, олар жайында толық мәліметтерге қанық болып өсулері керек. Сондықтан да осы бағытта жастар арасында жүргізілетін жоспарлы жұмыстардың қатарын қалыңдата түссе, нұр үстіне нұр болар еді.
Ұлт тарихын қастерлеп, өткенін біліп өскен ұрпақ – кемел келешектің кепілі. Жас буын тарихты көп оқып, баға жетпес қазынамызды қадірлей білсе, бұл да бір мақтаныш, бұл да бір мерей. Ұлы тұлғалардың еңбегі мен есімдерін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру – әр азаматтың парызы. Өйткені, мұндай игі шаралардың барлығы еліміздің одан сайын дамып, қанатын кеңінен жая түсуіне оң әсерін тигізеді. Олай болса, Елбасының әр сөзінен жігер алып, бірлігімізді сақтай отыра жарқын болашақ үшін еңбек етуіміз керек.
Григорий КУХАРЬ,
Петропавл қаласының
құрметті азаматы.