Үстіміздегі жылдың 20 наурызына белгіленген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы біздің өңірімізде де ұйымшылдықпен өтті. Бұл күні Солтүстік Қазақстан облысында 697 сайлау учаскесі келушілерге өз есігін айқара ашты. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов №644 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.
Петропавл қаласындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының ғимаратында орналасқан №644 сайлау учаскесіне 1277 сайлаушы тіркелген. Алғашқы лекте дауыс бергендердің арасында облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен оның зайыбы да болды. Өңір басшысы Ерік Хамзаұлы мемлекет өміріндегі елеулі оқиғаға орай бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне өз лебізін білдірді. “Биылғы жылы еліміз Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтеді. Осы аз уақыттың ішінде біз барлық салада көп жетістіктерге қол жеткіздік, бірақ онымен болдық, толдық деуге болмайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында мемлекетімізді одан әрі дамытудың ауқымды міндеттерін жүктеді. Сондықтан осы кезеңде сайлау өткізудің еліміз үшін маңызы өте зор”, – деді облыс әкімі.
Ерік Хамзаұлы өз сөзінде әр азамат туған елі мен өлкесінің жарқын болашағы үшін таңдау жасай отырып, Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейлердегі мәслихаттар депутаттарын сайлайтынын және олардың еліміздің дамуы үшін тынбай еңбек ететініне сенім білдірді. “Мен барлық депутаттар мен кандидаттарды жақсы білемін. Олар облысымыздың да, еліміздің де кемел келешегі үшін зор үлестерін қосып, бірлік пен тұрақтылықты, татулықты сақтау жолында табысты жұмыс істеп, халықтың сенімін ақтайды деген ойдамын”, – деген облыс әкімі Ерік Сұлтанов депутат экономикалық, техникалық, тағы басқа да салаларда жан-жақты білімді, білікті, тәжірибелі және де танымал болуы керектігін ерекше атап өтті.
“Сайлау науқаны басталысымен белсенділік танытып өз таңдауларын жасауға келгендер негізінен мемлекеттік қызметшілер болды. Олардың ішінде бес адам алғаш рет дауыс беруге қатысса, тағы үшеуінің бүгін туған күндері екен. Оларға сыйлықтар тапсырдық”, – деді сайлау комиссиясының төрағасы Қанат Сәдуақас.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.