
Егемен елдің еңсесін көтеріп, озық мемлекеттер қатарына қосудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі өлшеусіз. Сол себепті осыдан алты жыл бұрын “Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы” Заңға толықтыру енгізіліп, еліміздегі мемлекеттік мерекелер қатарына 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қосылған болатын. Осы айрықша датаға орай 2012 жылы өңіріміздегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде “Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті” залы ашылды. Содан бері музейімізге келушілер еліміздің тәуелсіздікке жету жолымен, қалыптасу кезеңдерімен және Елбасының өмірбаянымен танысуға мүмкіндік алды.
Музейіміздегі “Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті” залының экспозициясы бірнеше бөлімнен тұрады. Солардың біріншісі Елбасының балалық және жастық шағына арналған. Мұнда тұрғындар Нұрсұлтан Назарбаевтың оқу үлгерімі табелі мен дипломдарының көшірмелерін, мектеп жылдары мен училищеде оқып жүрген кезіндегі фотосуреттерді тамашалай алады.
Екінші бөлім “Елбасының еңбек жолы” деп аталады. Мұнда жас металлург Нұрсұлтан Назарбаевтың кадрларды тіркеу туралы жеке парағының көшірмесі, Қарағанды металлургия зауытында киген киімі, Теміртауда жұмыс істеген кезіндегі және 1991 жылғы ұлықтау рәсімінен фотосуреттер және тағы басқа жәдігерлер қойылған.
Қазіргі таңда Қазақстан – өмірдің барлық саласында, әсіресе, әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай жетістіктерге жеткен, қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Әлемдік аренада еліміз халықаралық қауымдастықтың беделді мүшесі болып табылады. Мәселен, тәуелсіздік жылдарында бірқатар жаһандық бастамалар мен сындарлы ұсыныстар енгізді, олардың көпшілігі бүгінде мақсатты түрде жүзеге асырылуда. Елбасын әлем елдерінің көшбасшылары сарабдал саясаткер ретінде таниды. Өйткені, ол президент болған жылдары тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар әлемдік саяси тарихта өшпес із қалдырды. Сондықтан аталмыш зал экспозициясының үшінші бөлімін “Ішкі және сыртқы саясат” деп атауды жөн көрдік. Мұнда Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихымен, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу, мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысы барысымен танысуға жағдай жасалған. Елбасының шетел басшыларымен ресми кездесулерінде түсірілген фотосуреттері де назардан тыс қалмайды.
Төртінші бөлім – “Н.Ә.Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысында”. Мұнда Елбасының 1991 жылдан 2018 жылға дейінгі өңірімізге іссапарларының барысымен танысуға болады. Атап айтқанда, бұл жерге ауыл еңбеккерлерімен, қоғам өкілдерімен, соғыс және еңбек ардагерлерімен, механизаторлармен, студенттермен және оқушылармен кездесулерінің фотосуреттері қойылған. Бұдан бөлек, аталмыш залда Елбасының шығармалары және көрнекті тұлғалардың Нұрсұлтан Әбішұлы туралы жазған кітаптары бар.
Біз, музей қызметкерлері, Елбасының өмірін өскелең ұрпаққа насихаттау бойынша ауқымды жұмыс атқарып жатырмыз. Мәселен, үстіміздегі жылғы 23-30 қараша күндері аралығында Тұңғыш Президент атындағы залда “Көшбасшы жолы” онлайн-экскурсиясын өткіздік. Оның барысында оқушылар Нұрсұлтан Әбішұлының еліне сіңірген өлшеусіз еңбегімен танысып, болашақта мемлекет игілігі үшін жұмыс істеу керек деген ой түйді. Алдағы күндері Тәуелсіздік күніне арналған “Солтүстік Қазақстан облысы Тәуелсіздік жылдарында” атты онлайн-тур өткізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, жас буынды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу біздің жұмысымыздың басты мақсаты болып табылады.
“Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін темірқазықтар бар. Ол – білім! Ол – еңбек! Ел болашағының баянды болмағы баста бұлықсыған білім мен қолда ойнаған еңбекке байланысты”, – деген болатын Елбасы. Қазақстандықтар Тұңғыш Президентіміздің осы қанатты сөзін бағдар етсе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Айсұлу СӘРСЕНОВА,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициялары мен көрмелерін ұйымдастыру бойынша маманы.