«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕМТАРЛАР КЕДЕРГІСІЗ ЖҮРІП-ТҰРСЫН

Қазақстан Республикасы Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға және Факультативтік хаттамаға қол қоя отырып, еліміздің ешбір кемсітусіз, белгілі бір құқық берілген мүгедектерге қатысты халықаралық нормалар мен стандарттарды сақтаудың қажетті шараларын қабылдауға дайын екенін растады.

Бүгінгі таңда облыста мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту, оларға кедергісіз орта құру жөніндегі жұмыс жоспарлы түрде жүргізілуде.  

Әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне мүгедектер үшін қолжетімдік туралы шынайы және толық ақпаратты анықтау, оның деңгейін бағалау үшін өңірдегі нысандарды түгендеу жүргізілуде.

2012 жылы осы мақсатта аудандарда және Петропавл қаласында паспорттандыру жүргізу мәселесі жөнінде жұмыс топтары құрылды. Тізімге түрлі салада қызмет ететін мамандар, ардагерлер мен мүгедектер, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері енгізілген.

2012-2014 жылдар аралығында облыста 2269 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны паспорттандырылды. Әрбір тексерілген нысанға қолжетімдік паспорты толтырылған.

Паспорттау жөніндегі іс-шаралар мүгедектерге арналған қолжетімді ортаның сақталуы тұрғысынан әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне түгендеу жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға сәйкес жүргізіледі.

Мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін кедергісіз орта құру жөніндегі кестеге сәйкес 2014 жылы облыста 70 объект қолжетімдік элементтерімен қамтамасыз етілді. Ал 2015 жылы 90 әлеуметтік инфрақұрылым объектісін бейімдеу жоспарланып отыр.

Мүгедектерді еңбекке, ортаға, соның ішінде кедергілер мен бөгеттерді жою мақсатында жете жабдықталған көлікке, ақпаратқа және байланысқа басқа да азаматтармен бірдей қол жеткізуді қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға бағытталған Қазақстан Республикасында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының екінші кезеңі (2014-2015 жылдар) іске асырылуда.

2014 жылы мүгедектерге қызмет көрсетуге бағдарланған ұйымдар орналасқан жерлерде 130 жол белгісі мен көрсеткіші (“Тұрақ орны” жол белгісі, “Мүгедек” маңдайшасы, “Әсер ету аймағы 6 метр” маңдайшасы) дайындалып, орнатылды. Жүргіншілер өтетін 4 жол дыбыстайтын құрылғылармен жабдықталды.

Сонымен бірге, жол белгілері мен көрсеткіштерді орнату, мүгедектерге қызмет көрсетуге бағдарланған ұйымдар орналасқан жерлерде жолаушылардың өтпе жолдарын дыбыстайтын құрылғылармен жарақтандыру мәселесі облыс әкімдігінің жанындағы үйлестіру кеңесінің екінші отырысында тыңдалды.

“Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабының негізінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын барлық жеке тұлғалар, сондай-ақ, заңды тұлғалар мүгедектерге ортақ пайдаланылатын көлiк құралдарына, тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндiрiстiк үйлерге, ғимараттар мен үй-жайларға кедергiсiз кiрiп-шығуына, әуежайларда, темiр жол вокзалдарында, автовокзалдарда, автостанцияларда, теңiз және өзен порттарында еркiн бағдар ұстануы мен жүрiп-тұруына мемлекеттiк стандарттарға сәйкес жағдай жасауға мiндеттi екенін атап өткен жөн.

Мүгедектер үшін қолжетімдік – дегенді қалай түсінуге болады, осыған ерекше тоқталған жөн.

Қолжетімдік – пандус орнату ғана емес. Ол арбамен жүріп тұратын мүгедектер мен тірек-қимыл аппараты зақымданған адамдарға қарастырылған.

Сонымен қатар, есту қабілеті нашар және көру бойынша да мүгедек адамдар барын естен шығармаған дұрыс. Оларға бейімдеудің түрлі құралдарын қолдану қажет. Мысалы, дыбыс қоңырауы көзі көрмейтін адамға ғимаратқа кедергісіз кіруге мүмкіндік береді. Осындай мысалды көптеп келтіруге болады. Олардың барлығы мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін өте маңызды.

Бұдан өзге, қалада кедергісіз орта қалыптастыру қызметі мүгедектердің оралымдылық мүмкіндіктері мен олардың тұрғын үй-кеңістік мұқтаждықтарының сипатын зерделеумен толықтырылса, мейлінше тиімдірек болады.

Адамның күнделікті өміріне мүгедектіктің әсерін тек қоршаған орта айтарлықтай деңгейде анықтай алады. Адам әлеуметтік жайлылық пен институттар (білім, жұмыспен қамту) салаларынан тысқары қалмауы тиіс. Ол үшін баршамыз жұмылып жұмыс істеуіміз керек.

 Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp