«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕНЕДЕН КЕЛЕТІН КЕСЕЛ

Жәндіктер түрлі жұқпалы дерттердің тасымалдаушылары болып келеді. Әсіресе, кене жұқпалы ауруларды таратушы жәндік ретінде аса қауіпті. Өткен жылы облысымызда кене бөртпе сүзегі дертіне 35 адам шалдықты. Ал үстіміздегі жылдың сәуір айында кене шағып алған 20-ға жуық адам емдеу мекемелерінің көмегіне жүгінді.

Облыс аумағының басым бөлігі туляремия мен кене бөртпе сүзегінің табиғи ошағының аймағында орналасқан. Бұл дерттерді тудырушы микробтар кенеге жабайы аңдардан жұғады. Кене бөртпе сүзегінің алғашқы белгілері жәндік шағып алған соң 2-7 күн аралығында байқалады. Дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріледі. Басы ауырады. Денеге бөртпе тарайды. Ал туляремия ауруының белгілері екі апта аралығында көрініс береді. Науқас өзін әлсіз сезінеді, дене қызуы жоғарылайды. Лимфалық түйіндері зақымданады.  

Халық арасында “Тас кенедей жабысып алды” деген теңеу бар. Дәл, тауып айтылған. Себебі, кене жабысқан жерінен оңайлықпен айрыла қоймайды. Егер денеңізге кене жабысса, оны өзіңіз алуға тырыспаңыз. Денесін ғана жұлып алсаңыз, басы сол күйі орнында қалуы мүмкін. Ал кененің басы тәнінен бөлек өмір сүре алады.

Кенені алудың халық арасында кеңінен таралған түрі бар. Жәндіктің жабысқан жеріне өсімдік майын құйып, 5-10 минуттан кейін ғана кішкентай қысқышпен ақырын асықпай алуға болады. Шағып алған жерге жасыл дәріні жағу қажет. Ең дұрысы денеңізде кененің барын байқасаңыз бірден ауруханаға көрініңіз. Себебі, сізді шаққан кене жұқпалы дертті таратушы болуы мүмкін.

Орманға, саяжай мен саябақтарға серуендеуге шығар болсаңыз киген киіміңізге мұқият болыңыз. Шалбарыңыздың балағын шұлыққа қымтап, бас киім киіп, әйелдер шаштарын жинап шыққаны жөн. Әрбір 10-15 минут сайын үстіңізді тексеріп отырыңыз.

Александр МЕЛЬНИЧЕНКО,

облыстық тұтынушылардың

құқықтарын қорғау департаментінің бөлім басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp