«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕНЕДЕН ҚАЛАЙ ҚОРҒАНУҒА БОЛАДЫ?

Жер аяғы кеңіп, күн жыли бастағанда қысқы ұйқыдан аю ғана емес, кене де оянады. Кененің өзге жәндіктерден айырмашылығы – ол риккетсиоз дертін таратушы болып табылады. Бұл дертті халық арасында кене бөртпе сүзегі деп те атайды. 19 мамырдағы ақпарат бойынша облысымызда 133 адамды кене шаққан. Өткен жылы кенеден 164 адам зардап шегіпті. саны құраған.

Кенелер мен өзге де қан сорғыштардың санын азайту мақсатында облысымызда жыл сайын алдын алуға бағытталған залалсыздандыру шаралары ұйымдастырылады. Үстіміздегі жылдың эпидемиологиялық маусымында залалсыздандыру іс-шаралары облыс орталығында сәуірдің екінші онкүндігінен бастап өткізілуде. Осы мақсатта эпидемиологиялық қордан 4 миллион 146 мың теңге бөлінді.

2014 жылдың 19 мамырына дейін Петропавл қаласында 212 гектар жер өңдеуден өтті. Қалалық демалыс және мәдениет саябағы мен ескі саябақ, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры мен Черемушкидің жасыл алқаптары, Жеңіс саябағы, Юбилейная көшесі, 19-шы және 20-шы шағынаудандарында залалсыздандыру шаралары жүргізілді.  

Кене шаққаннан кейін адам бірден науқастанғанын сезбейді. Мұндай жағдай 2 күннен 10 күнге дейін созылуы мүмкін. Белгілі бір уақыттан кейін дерт өрши түседі. Адамның дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі. Тұла бойы сырқырап, басы ауырады. Бойды әлсіздік билеп, лимфалық түйіндер пайда болады. Мұндай жағдайда жиі орын алатын теңбіл қызыл бөртпе аяқ-қолға, сосын денеге тарап, мойын мен бетке түседі. Бөртпе жайылып, бірақ қышымайды.

Әдетте кенелер шөпте, бұтаның төменгі жағында отырады. Олар 1,5 метрден жоғары көтерілмейді. Сондықтан да олар адамның аяқ тұсына жабысып, денені бойлап, жоғары қарай көтеріледі. Табиғат аясына шығарда (демалуға, балық аулауға, аң аулауға және тағы басқа) қымтанып, дұрыс киінген жөн.

Кенеден қалай қорғануға болады? Ұзын жеңді киім, шалбар, міндетті түрде бас киім киген дұрыс. Шалбарды шұлықпен қымтап, жағаның, жеңнің түймесін салу қажет. Киімнің ақшылт болғаны дұрысырақ. Себебі, қара түсті кене ақ киімде тез көзге түседі.

Кенелер – баяу қимылдайтын жәндіктер. Алдымен адамның киіміне, денесіне түседі. Бірден денеге қадалмайды. Олар жорғалап, өзіне ыңғайлы жер іздейді. Сондықтан да өзіңді, қасыңа ерген жолдастарыңның киімін қадағалап, тексеріп тұрудың артықтығы жоқ.

Кенелерден сақтану мақсатында репелленттерді қолдануға болады. Репелленттер – шыбын-шіркейді үркітетін зат. Олар крем, гель немесе аэрозоль түрінде шығарылады. Аллергияны тудырмас үшін аэрозольді денеге емес, киімге жаққан дұрыс. Аэрозольді киімге далада жағып, киім кепкеннен кейін кию қажет.

Кене шаққан жағдайда мекенжайы бойынша тіркелген емханаға не болмаса жарақат қосынына барып, дәрігерге көріну керек.

Қайырғали ИСЕНЕЕВ,

облыстық Тұтынушылар

құқығын қорғау департаменті

басшысының міндетін атқарушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp