Ұсынылып отырған эссенің тақырыбына ой жүгірткен оқырман қазақтың соңғы ханы (1802-1847) мен әйгілі француз жазушысының (1828-1895) арасында қандай байланыс болуы мүмкін деген дүдәмалға берілуі мүмкін.
Әуелгі кезде мен де солай ойлаушы едім. Бұл тақырып көптен бері жадымда жүрсе де, журналистік тірліктің күнсайынғы қарбаласы оған мойын бұруға мұрсат бермеді. Анығына ат басын тірерлік дәйекті табуға зерттеу, салыстыру жолымен ғана қол жеткізуге болады. Әйтпесе, күлді-бадам, жол-жөнекей жазу оқырмандарды иландырмайды.
Ж.Верннің Кенесарының ғұмырына елтуі мені таңғалдырды. Сондықтан Ж.Верннің романын оқып шыққан өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына ойша оралуға ниет қойып, тағы да бет бұрдым. Бұл шағын роман «Патша шабарманы» деп аталған, 1876 жылы жазылған.
Романның оқиға желісі өзінің қамшының сабындай ғана ғұмырында орыс империясының Қазақ даласына басқыншылығына қарсы көтерілген және осы майданда мерт болған Кенесары Қасымов күресі екеніне көзім жетті.
Бір түсініктеме: романда Кенесары есімі аталмайды, алайда, баяндалатын оқиғалар мұны жоққа шығармайды. Кезеңі дәлме-дәл келеді, тарихи шындық.
Кенесары кеңес өкіметі кезінде ақталмады. Идеология оны құбыжық деп бағалады. Оны «Ұлт-азаттық қозғалыстың қаһарманы» деп таныған тарихшы Ермахан Бекмаханов сотталып, ажал тапты.
«Алашта Кенекеме ер жетпейді» деп ұрандата жырлаған «Оқжетпестің қиясында» поэмасы үшін Мағжан азап шекті. «Хан Кене» пьесасын жазған Мұхтар Әуезов қуғындалды, хан өмірін «Қаһар» романын жазу арқылы зерттеген Ілияс Есенберлин тұтқындалды.
Қазақ мемлекеттік университетінде білім алған кезімде бұл есімді атауға болмайтынына көзім жетті.
Ендеше, француз жазушысы бұл тұлғаға неліктен ықылас аударды? Алдымен, оның шығармашылық табиғаты бөлек қой. Ол ғылыми-таңғажайып тақырыптарды арқау еткен. «Капитан Гранттың балалары», «Жұмбақ арал», «Су астымен – 20000 лье», «Ғаламды шарлаған 80 күн», «Жердің түпқазығына саяхат» романдарын дүниежүзі оқырмандары сүйсіне оқиды. Ал тарихи тақырып қозғалмаған.
Бұл ойым ағат екенін кейін аңғардым. Ж.Верннің тағы бір романы «Клодиус Бомбарнак» деп аталады. Онда жазушы француздың бір газетінің тілшісінің Закавказьядан бастап, Тбилиси, Баку қалалары, Каспий теңізі, Түркістан өңірі арқылы Орта Азияны кешіп, Таяу Шығысқа жеткен сапарын баяндайды. Оқи отырып, Франция қайда, Закавказья, Орта Азия, Қазақ даласы қайда, деп таңдай қағасың. Бәрін қолмен қойғандай. Өте білікті, жан-жақты таным!
Бұл ретте Еуропаның оқымыстыларының, ақын-жазушыларының, мемлекет қайраткерлерінің он сегізінші-он тоғызыншы ғасырларда Ресейдің ішкі өңірлерін ғана емес, оның шет аймақтарын да жақсы біліп отырғаны анық. Мысалы, Карл Маркстың имам Шәміл көтерілісі туралы жазғаны белгілі.
Анығында, бұратана ұлттар өмірі, ондағы түрлі әрекеттер, әсіресе, екіжақты саяси-экономикалық қарым-қатынастарға қажет болған. Бірінші Петрдің, Екінші Екатеринаның тұсында Ресей Франциямен, Англиямен, Германиямен, Австриямен, Пруссиямен, Италиямен, Голландиямен қарым-қатынаста болғаны анық. Бұл тізімге Америка, Азия елдері кірмеген. Өйткені, байланыс жоқ.
Еуропаның аталған елдері жыл санап күшейіп, қуаты артып келе жатқан Орыс империясынан сескенген. Оның ішкі жағдайындағы теріс ахуалдар елшілері, яки Ресейден қашып барған адамдар арқылы белгілі болған. Мұндағы кейбір ішкі дүмпулер бұл елдерге де тараған. Өзін сауатты император тұлғасында танытпақ болған Екінші Екатерина француз философтары Вольтермен, Дидромен хат жазысып, пікірталас тудырса да, олар Ресейдің ішкі жағдайын жасырмай бетіне басады.
Осы тұста айта кетуді қажет ететін анықтама: Еуропаның мемлекет басшылары, оқымыстылары, зиялы қауымы Екінші Екатеринаны аса құрметтемеген. Мұның себебі мынада: он бес жасында (1744 жылы) Бірінші Петрдің қызы, Ресей императоры Елизаветаның бұйрығымен осы елге патша баласы Үшінші Петрдің қалыңдығы ретінде алдырылған пруссиялық Софья Фредерика Анхальт – Цербтская (кейін протестант дінінен православиеге көшіп, Екатерина Алексеевна атауын алған) «Мен бұл елдің императоры болмай қоймаймын! Қайтсем де осы елдің тағы маған бұйыруы керек!» деп өзіне серт берген.
Зымиян әйел қайткен күнде де заңды күйеуі, император Үшінші Петрді өлтіру қамына кіріседі. Сөйтіп, 1762 жылдың 28 маусымында армия офицерлері, ашыналары, ағайынды Григорий және Алексей Орловтардың, басқа да әскери адамдардың көмегімен Үшінші Петрді – күйеуін зорлықпен тақтан құлатып, 7 шілдеде өлтірткен, өзі таққа отырған. Осы орайда ол Еуропа монархтарына жазған хабарында: «Мен Россияға патшаның әйелі емес, өзі болуға келгенмін!» – депті. Неткен аярлық!
Төңірегіндегі жағымпаздар оны алақайлап, дәріптеп, мадақтаған. Олар: «Үшінші Петр ақымақ, ақылсыз, ел басқаруға дәрменсіз!» деп сырт елдерге де, Ресей жұртшылығына да теріс пікір таратқан. Қасақана әрекет еткен.
Керісінше, Ресейдің атақты тарихшылары Үшінші Петр жайлы ондай ойда болмаған. Еуропаның билік басындағылар да Екатеринаны қанқұйлы, зымиян, арамза деп есептеген. Оны өзінің баласы Павел ақылды әкесін айламен өлтіріп, тақты заңсыз иеленгені үшін жек көрген, сөйтіп, 1796 жылы шешесі өлгеннен кейін таққа отырған ол Екатеринаның реформаларының көбін өзгерткен.
Екатерина басқарған отыз төрт жылда Ресей нығайса да, самодержавие, крепостнойлық құқық қанды шеңгелін сала түсті. Кез келген өзгеше қимыл аяусыз жазаланды. Емельян Пугачев көтерілісі жанышталды, оның аяқ-қолдары және басы шабылды. Бірінші Петрдің Шлиссельбург түрмесіне он жасынан қамалған шөбересін босатып алуға әрекет жасаған орыс армиясының офицері Василий Мирович те осылайша өлтірілді. Петрдің тағы бір ұрпағы Елизавета Тараканованы Екатеринаның тура тапсырмасымен азаптап, көзін жойды.
Жюль Верн бұлардың бәріне қанық еді. Ол Екатерина тұсында орыс жазушылары Денис Фонвизин (1744-1792) мен Александр Радищев (1749-1802) «Еркетотай», «Петербургтен Москваға саяхат» романдары үшін әуелі өлім жазасына кесіліп, кейін «мүсіркеумен» он жыл каторгада болғанын білді.
Француз жазушысы Ресейдегі осындай жазалаудан бассауғалап Англияға қашқан Александр Герценмен (1812-1870), Иван Тургеневпен (1818-1883) дос болды. Бұл уақытта Екатерина өмірден озса да, оның ізбасарлары шыншыл жазушыларды аямады. Көтерілістерді қанға бөктіріп отырды.
Ж.Верн бір жазбасында: «Францияда сот ісін алқалы қызметтер жүргізеді. Нүктесін Конвент қояды. Ал Ресейде патша әрі соттаушы, әрі жазалаушы. Бұл әділ әрекет емес!» – деп ойын жеткізіпті.
Осыдан соң Ж.Верн досы Иван Тургенев пен оның хатшысы, Қазақ даласындағы оқиғаларға жетік мұсылман қайраткері Исмаил Гаспринский арқылы Кенесары Қасымовтың ұлт-азаттық көтерілісін зерттеген. Бұл мақсатқа ол ағылшын саяхатшысы әрі досы Томас Аткинсонның «Орта Азия және Батыс Сібір» деген кітабын, орыстың әскери тарихшысы Н.Середаның «Еуропаның әскери жаршысы» көптомдық басылымында жарияланған деректерін пайдаланған.
Кенесарыны Францияда, әрине, ешкім білмейді. Ол – еуропалық емес. Ал поляк көтерілісшілері мен олардың басшылары Тадеуш Костюшко, Адам Мицкевич, венгр Шандор Петефи белгілі. Бірақ бұл жағдай Жюль Вернді қинай қоймапты. Өйткені, 1837 жылы қарсылықты бастап, он жыл бойы – қырғыз манаптарының қолынан қаза тапқанша – империяға бағынбаған Кенесары ерлігі Ж.Вернді шабыттандырған.
Батысы – Орал тауы, шығысы – Байқал өңірі, теріскейі – Омбы, Түмен, түстігі – Бұхар хандығы, Іле Алатауы. Міне, осы он жыл ішінде Ресейде Кенесары қозғалысынан асқан ауқымды ұлт-азаттық көтеріліс болмағаны тарихтан аян. Сондықтан романның мазмұны анық ақиқат.
Ж.Верн Кенесарының орыс империясымен бейбіт ниеттегі ықыласының үнемі аяққа басылғанына көз жеткізіп, көтерілісті баяндау үшін тапқыр тәсіл ойластырған. Патша шабарманы Михаил Строгов деп алынады.
Романды оқу үстінде Ж.Верннің Ресейдің Волгадан бастап Байкалға дейінгі аумағына қанықтығына қайран қаласың. Алайда, ол өзінің тарихи-ғылыми-таңғажайып романдарында айна-қатесіз ақиқатпен, нақты деректермен, ғылыми дәйектермен түрлі саланың ғалымдарын тәнті еткені шындық. Тегінде, зерде-зейіні, танымы мықты.
Аталған романда да жазушы (Ресейде болмаса да) орыс жазушыларынан, саяхатшыларынан, нақты айтқанда, Орал тауы, Иркутск өңірі арасы жайлы бұрмалаусыз деректерге сүйенген. Кейінгі зерттеушілердің пайымдауынша, ол көп айғақтарға өзімен жақсы қарым-қатынаста болған Федор Достоевский арқылы қол жеткізген. Ал Ф.Достоевскийдің (1821-1881) Кенесары Қасымовтың немере інісі Шоқан Уәлихановпен айрықша дос болғаны баршаға белгілі емес пе?! Ендеше, орыс классигіне Кенесары бейнесі, оның ұлт-азаттық күрестегі ерлігі әбден аян.
Бір ойым: Кенесары тұлғасына И.Тургенев те, Ф.Достоевский де ықыласты болуға керек. Алайда, екеуі де самодержавиеден қорлық көрген, сотталған, қуғындалған. Сондықтан оны жазудан бойларын аулақ ұстаған. Ал бұл тақырыпқа қызыққан Ж.Вернге, әсіресе, Достоевский Омбыда, Семейде айдауда болғанда көтеріліс жайында Шоқаннан алған айғақтарды айтып берген.
Әрине, Ж.Вернді Ресей патшасы жазалай алмайтыны түсінікті. Ол оқиғалардың аясын кеңейтіп, қосымша фактілерді жазып, қазақ ханын «Феофар-хан» деп атауы заңды (әдебиет теориясында мұны «Ойдан алу» дейді – З.Ә.).
Міне, романдағы шындық осы!
Ж.Верн Францияда, Еуропаның өзге елдерінде оқырмандармен кездесулерде, әдеби-басқосуларда Феофардың прототипі Кенесары екенін айтпауы мүмкін емес. Олай болса, қазақ ханын Еуропа білді…
Сюжет бойынша М.Строгов Мәскеуден шығып, Кенесары ордасына жансыз – тыңшы ретінде жетеді. Кенесары Қасымов «Феофар-хан» деген атаумен баяндалады. Бұл француз тілінде «Бүлікшіл-хан!» деген ұғымды білдіреді. Ал анығында, орыс жазалаушылары Кенесарыны «Мятежный» деп атаған ғой.
Романның сюжеті Феофардың орыс әскерінен жеңілуімен тамамдалады.
Кітапты француз оқырмандары жапа-тармағай оқиды. Роман ағылшын тіліне де аударылып, Альбионға тарайды. Бұл кітап 1876 жылы Францияда басылған соң оны орысшаға аударып, Ресейге таратуды Ж.Верн досы И.Тургеневке жүктейді. Ғұмырының соңына дейін Францияда тұрмыс кешіп, 1883 жылы Парижде өлген орыс жазушысы Ж.Верннің өтінішін орындайды, кітапты осындағы орыс баспаханасында бастырып, жасырын жолмен Ресейге жеткізеді.
Роман цензураның қақпанына түспеуі үшін «Патша» сөзі де, «Шабарман да» алынып тасталып, жай ғана – елеусіз атаумен «Михаил Строгов» делініп тарап кетеді.
Ақыры оның мазмұны Ресей патшасына баян етіледі. Бұл уақытта тақта Екінші Николай отырады. Ол жандармерияға кітапты құртуға жедел бұйрық береді. Роман Ресейге жеткен жиырма жылдың ішінде ынталы жүздеген оқырманның елегінен өтіп те болған. Ақыры, 1900 жылы бүкіл данасы ресми, сондай-ақ, жеке кітапханалардан жойылады.
Бірақ, әрине, патша Ресейде жойып жіберген романды Еуропа елдерінен аластауға дәрменсіз еді. Солайша, «Бүлікшіл – хан» Кенесары арқылы бүкіл Еуропа Қазақ даласындағы ірі ұлт-азаттық көтеріліспен әбден танысып, қанықты…
Соңғы айқындамамыз: Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов Кенесарыға арнап орыс тілінде мынадай екі шумақ өлең жазып, қалдырған екен:
За годом год, хромали годы,
Прошло их много с той поры.
Как вольный сын
степной свободы
Казнен батыр Кенесары.
Но дух его бунтарской воли,
Его борьбы кровавый след
Был маяком казахской голи
До дней свободы, дней побед!
Әлиханның осы жырын өзім қазақшаға аударып, эссемді тамамдауды ұйғардым:
Даланың еркін ұлы еді,
Ғұмыры, шіркін, аз, әттең!
Азаттық болған тілегі,
Кенесары өлді азаппен.
Өшпеді рухы соңында
Күресте ізі қансырап.
Еркіндік, жеңіс жолында
Ерлігі болды шамшырақ!
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.