Көктем айларында кененің белсенділігі күшейеді. Бүгіннің өзінде облыстың медициналық мекемелеріне кене шаққан адамдар келе бастады.
Кене – түрлі инфекциялық аруларды қоздыратын вирустар мен бактерияларды тасымалдайтын жәндік. Адамға бөртпе, кене энцефалиті, туляремия, малға пираплазмоз сияқты табиғи-ошақты аурулар қоздырғыштарын таратады. Біздің өңір аумағында бұл жәндіктен кене энцефалиті мен туляремия ауруларына шалдығу қаупі басым.
Былтыр өңірімізде кене энцефалитін жұқтырған 35 адам тіркелді. Кене энцефалитi вирусы қан арқылы адамның орталық жүйке жүйесi – ми мен жұлынға таралады. Бұл маусымдық ауру көбiнесе сәуiр, мамыр, шiлде айларында тiркеледi. Кене шаққаннан соң аурудың жасырын кезеңi орташа 2-7 күнге созылады. Осы уақыт өткеннен соң аурудың алғашқы белгiлерi бiлiне бастайды. Сырқаттанған адамның кенеттен басы қатты ауырып, бір тоңып, бір қызып, дене қызуы 38-40 градусқа дейiн көтерiледi. Мойын, арқа, қол еттерi ауырып, терісі бөртіп кетеді.
Туляремия қоздырғыштары жай көзге көрінбейді, тек қана бірнеше мың есе үлкейтіп көрсететін микроскоп арқылы анықтауға болады. Аурудың адамға жұғатын бірнеше жолы бар. Соның бірі – туляремиямен ауырған кеміргіштердің қанын сорған кене, маса, сона адамды шағып қан арқылы жұқтырады. Бұл ауруға шалдыққан адамның денесінің ашық жерлері қызарып, ісіп, кейіннен шап, қолтық, мойын, құлақ түбінің бездеріне шабады. Бездер ісіп, қабынып, үлкендігі тауықтың жұмыртқасындай болады. Ол іріңдеп, кейде жарылып жараға айналады. Аурудың жасырын кезеңі 3 күннен 14 күнге дейін созылады. Туляремияның қандай түрімен ауырса да, сырқаттың дене қызуы көтеріліп, қалшылдап тонады, басы ауырып, аяқ-қолдың бұлшық еттері сыздайды, әлі кетіп, ағыл-тегіл терлейді, тамаққа тәбеті болмайды, кейде лоқсып құсады.
Кене әдетте шөптің ішінде немесе ағаш бұтағында отырып өз азығын аңдиды. Ол 1,5 метрден жоғары көтерілмейді. Сондықтан адамның аяғына жабысып, дене бойымен қанды соруға қолайлы жер іздеп, жоғары көтеріледі. Орманға немесе шөп арасына барған кезде ұзын жеңді жейде және бас киім киіп, шалбардың балағын шұлықтың немесе етіктің ішіне салып, денеде ашық жер қалдырмай қымтанып алса, кене жабыса алмайды. Киім ақ түсті болса, оған отырған кенені көру де оңай. Бүгінде дәріханаларда кенені үркітетін химиялық қоспалар сатылады. Соны алып, киімге сеуіп, бөлмелерді тазартуға болады. Үйге сырттан кірген кезде киіміңізді айналдыра тексеріп, қаққан дұрыс. Егер кене денеңізге жабыса қалса, одан құтылудың да жолын білген жөн. Ол көбiнесе адамның мойны мен басына, қолтықтың асты мен шабына жабысады. Кенелер химиялық заттардың иiсiне өте сезiмтал келедi. Ол қадалған кезде оны жылдам алу үшiн өсiмдiк майын тамызып, 15-20 минут өткен соң жiптен жасалған iлмектiң көмегiмен әрі-берi қозғалтып, ептеп алып тастаған жөн. Өсiмдiк майы кененiң тыныс алу жолдарын бiтеп, оның жылдам алынуына көмектеседi. Кененiң орнын йод ерiтiндiсiмен немесе спиртпен зарарсыздандыру керек, алған соң қолды сабындап жуып тастаған жөн. Алынған кенені отқа жағып немесе ыстық сумен күйдіру керек. Кене шаққаннан кейiн кешіктірмей жергілікті учаскелік дәрiгерге көрiнген дұрыс.
Александр МЕЛЬНИЧЕНКО,
облыстық тұтынушылар құқығын қорғау
департаментінің бөлім басшысы.