Көктемде жануарлардың, құстардың және буынаяқтылардың биологиялық белсенділігі артады. Олар әртүрлі жұқпалы ауру көздері әрі тасымалдаушылары болып табылады. Әсіресе, кене энцефалиті вирусы адамға қауіпті. Көбіне бас пен жұлын миының қабықшаларын зақымдайды. Кене энцефалитін жұқтырудың 25-30 пайыз жағдайында науқас қайтыс болуы мүмкін. Сондай-ақ, мүгедектікке душар ететін (сал, эписиндром, ақыл-ойдың төмендеуі) ауыр асқынулар дамуы мүмкін.
Мамыр айында кенелер көбейеді. Сондықтан табиғат аясында серуендегенде сақтық шараларын есте ұстаған жөн. Әсіресе, жеңі ұзын жейде, шалбар, бас киім киюді ұмытпау керек. Түрлі жақпаларды қолданып, дене мен киімді қадағалау қажет. Үйге оралған соң, үсті-басты мұқият тексерген жөн. Құлақтың айналасын, шаштың арасын, кіндікті, тізенің астын, аяқ саусақтарын тексеру қажет.
Кене шаққан жағдайда медициналық көмек алу үшін тұрғылықты жері бойынша уақыт созбай емханаға жүгінген жөн. Ол жерде мамандар шұғыл иммуноглобулинді профилактика жүргізіп, кенені зертханаға жібереді. Кене шаққаннан кейін науқастың бірнеше апта дене қызуы көтерілуі мүмкін. Егер медициналық көмекке жүгіну мүмкіндігі болмаса, денеге қонған кененің тұмсығын жұлып алмай, абайлап шығару қажет. Пинцетпен немесе мықты жіптен жасалған ілмекті пайдаланған жөн. Тұмсығы үзіліп, теріде қалса, оны стерильді инемен алып тастау қажет. Шаққан орынды йод ерітіндісімен немесе спиртпен сүртеді.
Салтанат БЕКҚОЖИНА,
облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін
бақылау департаментінің
бас маманы.