Тәуелсіздік күні қарсаңында “Кентрон” армян мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігі фестиваль өткізіп, дүбірлі мереке алдында жұртшылықтың көңілін бір серпілтіп тастады.
“Кентрон” армян мәдени орталығы – өңірдің экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуына өзіндік үлес қосып жүрген қоғамдық ұйымдардың бірі. Олар алғашқылардың бірі болып орталық құрып, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының құрамына енді. Бүгінде аталмыш қоғамдық бірлестіктің мәдениет, тіл, салт-дәстүр сақтау шараларында көз қызықтыратын тұстар көп.
– Қазақ елі бізді өгейсітіп отырған жоқ. Ұлттық келбетімізді жоғалтпауға барлық мүмкіндік жасалуда. Балаларымыз облыс орталығындағы №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде өз ана тілінде білім ала алады. Мәдени жетістіктеріміз де баршылық. Біз бұл елде өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағымызды жетілдіріп жатырмыз. Сондай-ақ, біз де адал еңбегімізбен, ақ ниетімізбен осы Отанымызға айналған елді өркендету үшін аянбаймыз. Бірнеше ұлттар мен ұлыстарды бауырына басқан қазақ елі гүлдене берсін! – деді аталмыш мәдени орталықтың төрағасы Геворг Геворкян.
Фестиваль жас жеткіншектердің шығармашылығына арналды. Онда қазақ, армян, орыс тілдерінде әндер айтылып, билер биленді, музыкалық аспаптарда әуендер әуеледі. Ангелина Аракелова қазақ тілінде “Астана”, орыс тілінде “Мой Париж” деген әнерді тамылжыта шырқап, жиналғандарды риза етті. Лиана Хекоян мен Тигран Петросянның скрипкасы да тыңдармандарды еліктірді. Армян ұлтының неше түрлі ұлттық би өнері де бұл күнгі шараның көркін келтірді. Бір жарым сағатқа созылған шараның соңында мәдени орталықтың басшылығы жас өнерпаздарды сыйлықтармен марапаттады.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.