Бүгінде Тайынша ауданына ат басын тіреген журналистер Теңдік ауылына соқпай кетпейтін көрінеді. Олар мұнда есімі Қызылжар, Көкшетау өңіріне жақсы танымал еңбек ардагері Орынбай Шайханұлы Әлжановты іздеп келеді. Білетіндердің айтуларына қарағанда, ол – керемет адам! Осыған дейін кереметтігін бүкіл ел таныған қолы алтын оташы, Қазақстанның Еңбек Ері Юрий Пя, қазақ философиялық ілімінің көшбасшысы Жабайхан Әбділдин, кеше ғана арамыздан кеткен белгілі жазушы Герольд Бельгер, ұлтым дегенде бәрін ұмытатын сенатор Қуаныш Айтаханов, атақты жиhангез Сапар Ысқақов, дәл қазір бәрін тізіп шығу мүмкін емес сияқты тұлғалармен кездесіп, оларды даңққа бөлеген, басқалардың бойынан табыла бермейтін қасиеттері жайлы қалам тербеген мені осы заманда ауылда керемет адам тұрып жатыр деген сөздің ойға жетелегені рас. Аса бір сүйсінгенде айтылатын ауқымы өте терең жалғыз ауыз сөздің астарында талай сыр жатарын білемін.
Керемет адам деп кімді айтамыз? Айталық, Юрий Владимирович Пя кім? Оның еліміздің кардиохирургия саласын дамытуға сіңірген басқа еңбегін былай қойғанда, чехиялық әріптесі Ян Пиркпен бірге созылмалы жүрек талмасына шалдыққан сырқатқа донор жүрегін трансплантациялап, осындай отаны Қазақстанда тұңғыш рет жүзеге асырғанының өзі неге тұрады?! Қазіргі уақытта Юрий Владимирович Ұлттық медициналық холдингтің құрамына кіретін кардиохирургиялық орталықты басқарады. Аталмыш орталық холдинг құрамындағы ең жас құрылым болғанымен, Орталық Азия аймағындағы қызметі әлемдік сапа стандартарына сай көшбастаушы ұйым болып табылады. Жабайхан ағамызға келсек, адамзат тарихындағы ұлы ой саңлақтары Гегель мен Канттың ілімдерімен сусындап, Қаныш Сәтбаев, Салық Зиманов, Шафиғ Шокин, Сақтаған Бәйішев сынды ғұламалардан дәріс алып, диалектикалық логика саласында қазақ ғылымының қазығын қаққан Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдин – ой-таным, дүниеауи толғамдар мен ақыл-пайымдар әлеміндегі ірі тұлға, танымал ойшыл, ғибратты ұстаз.
“Егемен Қазақстан” газетінде жарияланған “Жүректегі жанар” деген эссемнің кейіпкері – төрт жасында қос жанарынан айрылса да, тағдырдың салғанына қарсы тұрып, жоғары білім алып, жұрт қатарлы қызмет істеген, отбасын құрып, сәби сүйген, оларды лайықты азамат етіп тәрбиелеген, ең бастысы, сүйгеніне бақыт сыйлаған Құланбай Жөребеков те мен білетін керемет адам! Сол сияқты, Жер шарындағы барлық 6 континентте, 100-ден астам елдерде болған, отбасымен бірге Гималай тауларына көтеріліп, Хан-тәңірі шыңына шыққан, біздің еліміздің тарихында тұңғыш рет 2007 жылы Оңтүстік полюсте (Антарктикада) болып, Қазақстан Республикасының Ұлттық туын орнатқан, Солтүстік полюсті (Арктика) бағындырған, жетпіс жасында сағатына 2500 шақырым жылдамдықпен зымырайтын “МИГ-29” әскери ұшағымен көкке көтерілген Сапар Ысқақовтың өмірі де мені қатты қызықтырған. Мен білетін керемет адамдар – осылар!!! Ал енді мұндағылар Теңдікте керемет адам тұрады дейді…
Астымыздағы көлігіміз бірде қолтығын сөге заулаған тұлпардай жүйткісе, сәлден кейін аяғына жем түскен, аттаған сайын шылбырына сүрініп, діңкені құртатын қойшының мәстегіндей шоқалақтап қалады. Бәріне кінәлі – жол. Кеңес заманында төселген асфальттың ажары кетіп-ақ қалыпты. Ойдым-ойдым… Теңдіктің төбесі көрінгелі қашан?! Таяқ тастам жерге құстай ұшып тез жетеміз деген үмітіміз Тайыншаның шетсіз-шексіз даласын буған сағымдай ұстатар емес …
Жасы жетпістің үстіне еркін шыққан үй иесінің жүзі сынықтау көрінді. Оның себебін өзі түсіндірді. “Жас ұлғайған сайын ыңқыл-сыңқыл көбейеді екен, бір айдай ауруханада жатып оралған бетім”, – деді ол. Сосын өзінің шаршай бастағанын, екі жылдан бері шаруашылыққа араласуды қойғанын, тізгінді балаларына бергенін айтты. Байқаймын, ішімдегіні тауып ал дейтін адам емес. Сәлден соң керемет адам деп сонша жерден іздеп келген кісімнің нағыз “қызыл директор” екенін білдім. 1976 жылы Көзашар, Еңбек, Бірлік, Күншығыс, Теңдік ауылдарының басы қосылып, мал бордақылаумен айналысатын кеңшар құрылады. Әңгіме шаруашылықты кім басқарады дегенге тірелгенде, сол кездегі Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбековтің таңдауы Орынбай Әлжановқа түседі. Еркін Нұржанұлы Зеренді ауданына қарасты “Тельман” кеңшарында бас агроном болып істеп жүрген Орекеңді шақыртып алып: “Естіген боларсыз, жаңа шаруашылық құрылып жатыр, соны басқаруға сізді лайық көріп отырмыз”, – дейді салған жерден. Бұл Әлжанов үшін күтпеген ұсыныс еді. Хатшы қадалып отыр. Ойлануға уақыт жоқ, жауабын тез бер дейтін сияқты. Сәлден соң ол жаңа кеңшардың мал шаруашылығымен айналысатынын, ал өзінің мамандығы бойынша агроном екенін алға тартып, бірінші хатшының ұсынысынан үзілді-кесілді бас тартпаса да, бұл қалай болар екен деген сауалдың шетін шығарған. Айтқанын істете алмаса, Әуелбеков Әуелбеков бола ма: “Бәрін білемін, бөлімше басқардың, тәжірибең бар, агрономдығыңның ол жерде пайдасы тимесе, зияны болмайды. Малдан жоғары өнім алу үшін сапалы жемазық керек”, – деп алды-артын орап, бұл шешілген мәселе дегенді сездірген. Шегінетін жер қалмаған сияқты. Осымен әңгіме бітті.
Бірінші хатшының Теңдікке мұны жіберуінде не мән бар? Кездейсоқтық па, әлде Еркін Нұржанұлы осы өңірдің мұның атақонысы екенін біліп, еліңді, жеріңді өзің көтер деп отыр ма? Не де болса, жай емес. Содан ол осы шаруашылықты табан аудармай жиырма екі жыл басқарды. Жиырма екі жыл! Айтуға ғана оңай. Өзіне көрсетілген сенім үдесінен көріну үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етті. Қалыптасқан ұжымды басқарудың өзі оңай емес. Ал бұл болса, бәрін өз қолымен атқарды, ыстығына күйді, суығына тоңды. Есепсіз төгілген маңдай тер құмға сіңген судай жоғалып кеткен жоқ, қайтарымы болды, бұл басқаратын шаруашылық ауданға, облысқа танылды. Басқа түлік өз алдына, қара мал санын 10 мыңға жеткізді. Шаруашылық құрамындағы ауылдар әлеуметтік жағынан да өсіп-өркендеді, көркейді, халықтың тұрмысы түзелді. Әңгіме осы араға келгенде іштей бір саусағымды бүге бастадым. Мұны да ерлік, керемет адамның ісі деуге келетін сияқты. Олай дейтінім, осыған дейін өздеріне көрсетілген сенімді ақтай алмай, экономикасы мықты озат шаруашылықтың өзін тоз-тоз қылғандардың талайын көрдік қой.
Осы арада Орекең тағы бір әңгіменің ұшығын шығарды. “Тоқсаныншы жылдардың басында одақ ыдырағаннан кейін дағдарыс белең алып, қатты қиналдық. Бірақ не де болса қолда барды сақтап қалуға тырыстық. Түбі не болатыны белгісіз. Жоғары жақтағылар бәрін жекешелендіру керек деп күмпілдесіп жатыр. Маңайдағылардың бәрі сол сөздерге ұйып, бөлектене бастады. Содан не керек, 1998 жылы ұжымды жинап, қолда бардан айрылып қалмай тұрғанда біз де бөлінейік, шағын шаруашылықтар құрайық, мұның өзі басқаруға да жеңіл дедім. Ақыры, солай істедік. Зордың күшімен шашыратпай ұстап отырған жерді, малды, басқа да дүниемүлікті халыққа бөліп бердік. Өзім Теңдікте қалдым…”. Осы арада менің ойыма сонау 90-шы жылдары өзім араласқан бір іс оралды. Жекешелендіру, анығын айтқанда, шаруашылықтарды талапайға салу әлі бастала қоймаған кез болатын. Шалғайдағы ауылымның жайын ойлап, бір барғанда ендігі жерде жетпіс жыл бойы жиналған байлық қолды болмай тұрғанда, бөлініп шығып, жеке шаруашылық құрмасаңыздар ертең қапы қаласыздар дедім. Көпшілік қолдағанмен, кеңшар басшылары, аудан әкімі бар – бәрі жұртты қарсы үгіттеп, қолдағы мал, техника таусылғанша уыстарынан шығармады. Осылай сергелдеңмен жүргенде кеңес заманында жиған-тергеннің бәрі тістегенің аузында, ұстағанның қолында кетті. Сол-ақ екен, осыған дейін “суға кеткен тал қармайдының” керімен қолда барды айырбастап, сатып, тәлтіректеп күндерін көріп келген дөкейлер іздерін суытты. Ал мына кісі: “Қолда барды ренжітпей бәріне бөліп бердім”, – дейді. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс қой. Сол өтпелі кезеңде қалыптасқан жағдайды бас пайдасына жаратып, қалтасын қампитып, тайып тұрғандар аз ба? Шыны сол – қазір ауылдан “қызыл директорды” күндіз қолыңызға шам алып іздесеңіз де таппайсыз. Ал бұл кісі болса, сол елдің ортасында әлі отыр. Соған қарағанда, оның қолы да, ары да таза деп тағы бір саусағымды бүктім. Ол әңгіме арасында қайырымдылық шараларынан да шет қалмайтынын айтқан. Оның шет жағын өзіміз де естіген едік. Кімге не бердіңіз, қанша бердіңіз деп қазбаламадық.
Таза дегеннен шығады, Орекеңнің дінге бет бұрғанына да едәуір уақыт болыпты. Алла Тағаланың қалауы солай болды ма екен, 1999 жылы ер түріктің бесігі – киелі Түркістанның мың бес жүз жылдығына арналған тойға шақырылады. “Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сондағы сөзі маған қатты әсер етті. Ислам дінінің тіршіліктің ажырамас бір бөлшегі екендігін терең ұғындым. Арыстан баб, алты ай берілмей, бір күнде опат болған Отырардың орнын, қазақтың отыз ханы жерленген киелі қорымдарды араладық. Олардың рухына тағзым етіп, Құран бағыштаттық. Сол сапардан үйге оралғанда көкірегімді бір сезім кернеп, көңілім алабұртып, беймаза күй кештім. Бұл күнде қайталана бермейтін өзгеше сезім еді. Жақсылыққа жетелеген сол көңілдің ауанымен дінге біржола бет бұрдым”.
Бүгінгі таңда кешегі партия ұйымы хатшысының немесе мектеп директорының намазға жығылып жатқаны таңсық емес. Ондайлар “қызыл директорлардың” арасында да толып жатыр. Орынбай Шайханұлын әсте олардың қатарына қосуға болмайды. Бұл сөзімізге үй іргесіндегі мешіттің тарихы дәлел бола алады. Сол сапардан оралысымен ауылда мешіт салуды ойластыра бастайды. Ойланып қараса, оған қыруар материал керек екен. Оны қайдан аласың, бұрынғы кеңшар жоқ. Ақыры ол мешіт құрылысына біраз жылдардан бері үй саламын деп жинап жүрген материалдарын жұмсамаққа бекінеді. Орекеңде екі сөйлеу жоқ, айтты, бітті. Оның бұл ниетіне зайыбы Бақыт Сұлтанқызы да, балалары да қарсы болмапты.
2000 жылы басталған мешіт құрылысы бір жылда аяқталып, халыққа қызмет ете бастады. Алланың жердегі үйі иесіз болмасын, жабық тұрмасын деп Шымкенттен имам алдырды. Содан бері мешітте “Сауат ашу курсы” жұмыс істейді. Ауылдың жауқазындай жастары қолдары бос кезде соған қарай ағылады. Қайырлы істің қайырымын көрген жандардың қалың ортасында Орекеңнің өзінің де жүргенін айту ләзім. Түркістанға барған сапарында Арыстан баб кесенесінің ішінде ең алғаш рет сәждеге маңдайы тиген еді. Содан бері намазсыз таң атырмайтын болды. Өз қолымен салған мешітті екінші үйі қылып, сонда Құранды хатым етуді үйренді. Ислам дінінің тірегі саналатын бес парыздың қатарында дәулетті, қалтасы қалың мұсылмандарға орындауға міндеттелген қажылыққа баруды үш мәрте жүзеге асырғаны тағы бар.
Әкенің жолын қуған үлкен ұлы Шоқан да Меккеге барып, қажылық парызын өтеп келіпті. Әкеге тартып туған, ата жолын қуған ұлдарының да бес уақыт намазы түгел. Бабалар салып кеткен дәстүрлі дінімізден адаспай, алға адымдаудың бүгінгі жағдайда әбден керектігін айтады. Шаруаға жанымен берілген адамның табандылығымен, күн-түн демей, ерінбей еңбектенуімен өзі құрған шаруашылықтың бүгінде арнасы кеңіп, саны да, сапасы да артқан. Шындығына келгенде, ол құрған қожалық бүгінгі Теңдіктің берекесін келтіріп отыр. Қазір істің жайына аса алаңдамайды. Тәлім-тәрбиесін тал бойына сіңірген қос ұлы – Шоқаны мен Ақаны атқарады барлығын. Дегенмен, қолы шаруаға машықтанып қалған қарт балаларына дұрыс жол сілтеп, ақыл-кеңесін айтып отыруды жөн санайды. Өзінің көпжылдық тәжірибесін көкөрім ұлдарына аманаттауды ұмытқан емес.
Сүттей ұйыған бір отбасының ғана емес, бүкіл ауылдың ақылгөйіне айналған Орекең өмірлік серігімен бірге үлкен ұлы Шоқанның қолында тұрады. Өмірге өкпесі жоқ, жас кезінде жетімдіктің зардабын көп тартса да, бақытын еңбектен тауып, қатардан қалған жоқ, өзінен тараған алтын асықтай төрт ұлын ұяға, төрт қызын қияға қондырып, әкелік міндетін де абыроймен атқара білді. Балаларына да риза, Шоқанының негізгі мамандығы – заңгер. “Қаратомар” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тізгінін ұстап отыр. Ақаны ауыл шаруашылығы саласын игерген. Одан кейінгісі Петропавл қаласында құқық қорғау органында абыройлы қызмет етуде. Төртінші ұлы Тайыншада тұрады. Жеке кәсібі бар. Бәрі де үйлі-баранды.
Жеке иеліктерінде он бір мың гектардай жер бар. Оның алты мыңға жуығына егін себеді, қалған бөлігін жайылым ретінде пайдалануда. Төрт жүз елудей жылқысы, үш отар қойы – берекенің де, табыстың да бастауы. Ауыл адамдарының дені Әлжановтардың шаруа қожалығында еңбек етеді. Жиырма бес биенің сүтінен бал татыған қымыз дайындап отырған шаруа қожалығы ауыл әйелдерін де жұмыспен қамтамасыз етуде.
Қазақтың қарашаңырағы – ауылдың іргесінің сөгілмеуі, босағасының берік болуы бірінші кезекте ондағы тұрғындардың жұмыспен қамтылуына байланысты болса, жасыл желектей өсіп келе жатқан балалардың білім алатын ұяларының болуы да өте маңызды. Жоғарыда айтқанымыздай, Теңдікте алғашқы мәселе оңтайлы шешілген. Орта мектеп те бар. Бүгінде онда жүзден аса өрен білім алуда. Орекең жастардың ауылда тұрақтағанын қалайды. Сол үшін үш жүз орындық Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізбек. Осы арада өзіміз куә болған бір жайды айта кетсек, артық болмас. Өздері тұрып жатқан тұста іргесі қаланып жатқан құрылысты көріп, мән-жайды сұрағанымызда: “Шоқан үй көтеріп жатыр”, – деді. Әлжановтардың өздерінің болашағын ауылмен байланыстырып отырғанын осыдан-ақ аңғаруға болмай ма?!
– Ауыл тұрғындарының ахуалы орташа, одан жоғары десе болады. Барлығы дерлік мал ұстайды. Ауылда жүзден аса үй болса, оның жетпістен астамының өз көлігі бар. Машинасы бар адам жолаушыларды тасыса да ақша табады ғой. Оның үстіне, бұл ауылда “Алма піс, аузыма түс” дейтін жалқаулар жоқ. Ескіқұсқысын болса да, бір кәдеге асырып, тырбанып тіршілік етудің, бала-шағаны жеткізудің қамын жасайды, – дейді ол.
Теңдікте тәртіп бұзу, ұрлық-қарлық деген жоқ. Ауыл тұрғындары бір жаққа кетсе, баяғы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған замандағыдай, есікке қос-қостан кілт салып әуре болмайды. Теңдіктіктердің үлгі етуге тұрарлық осындай жақсы қасиеттері мен дәстүрлерін сүйсіне баяндаған Орынбай Шайханұлы бұл ауылда арақ-шараптың сатылмайтынын, елді мекен тұрғындарының адамзатты ақ жолдан тайдырып, берекесін теріс айналдыратын “жынды суға” түбегейлі қарсы екендігін жеткізді. Өзгеге тәлім көрсетуді алдымен өзінен бастағанды жөн көрген ауыл ағасы екі ұлының үйлену тойларын да арақ-шарапсыз өткізіпті. Қазір бұл дәстүр берік қалыптасқан деуге болады. Мұнда “ащы суға” төзгісіз жағдай жасалғаны соншалық, ондай адамдар табылып жатса, өздері де тұрақтай алмайтын көрінеді.
Көпті көріп, көп жасаған ақсақалды алаңдататын мәселелер де аз емес. Әңгіме барысында Орекең, әсіресе, жаһанданудың аранында жұтылып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызға алаңдаушылық білдірген. Жасалып отырған мүмкіндіктерді орнымен пайдаланбай, Батыстың көр-жөріне қызығып, ұлттық болмыстан адасып жатқан жастар тәрбиесіне көп көңіл бөлу керектігін, олардың бойларына ар-намыс, өз ұлтына деген сүйіспеншілік және адалдық сезімдерін берік орнатпасақ, ұшпаққа шықпайтынымызды айтқан.
“Жақсымен өткізген жарты сағат жаманның өтіп кеткен ғұмырына тең” деген емес пе, үлкен өмір жолынан өткен, адал еңбегімен абырой биігіне көтерілген азаматтың әр сөзінен даралықтың, даналықтың лебі еседі. Жұрт айтса, айтқандай, Орынбай Әлжанов шын мәнінде заманымыздың қаhарманы деуге тұрарлық керемет адам екен!
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Тайынша ауданы.