Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен бері түрлі салаларда оң өзгерістер орын алуда. Жаңа заман талабына сай дамып келеді. Соның ішінде бір мекеме ғана өзінің тікелей міндетін толық атқара алмай, кері кетіп бара жатқан сыңайлы. Ол – пошта. Еңбекақылары ең төмен қызметкерлер де осы салада.
Қызмет сапасының сын көтермейтініне қарамастан тасымалдау құнын өсіруден алдарына жан салар емес. Инфляцияға байланысты бағаның құбылып тұруы – заңдылық. Бензин, коммуналдық қызметтер, азық-түліктің құны өсуде. Бірақ пошта қызметі сияқты екі еседен артық қымбаттаған ешқайсысы жоқ. Нақты айтсақ, 2026 жылға газет- журналдарға жазылу кемінде 50 пайызға қымбаттап, кейбірінің құны 170 пайызға дейін өскен. Жеке тұлғалар үшін 42-94 пайыз (балалар басылымдары 48-71 пайыз), ауылдық жерлердегі заңды тұлғалар үшін 42-128 пайыз, қалалардағы заңды тұлғалар үшін 30-62 пайыз аралығында артты.
Бағаны өсірген екен, соған сай қызмет көрсетсе ғой. Редакцияға күн құрғатпай оқырмандар хабарласып, газеттерін уақытында әкелмейтіндерін айтып шағымданады. Әсіресе Уәлиханов және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың тұрғындарынан шағым көп. Басшыларына телефон шалсаң, түрлі сылтау айтып шыға келеді. Ақысын төлеп, газетке жазылған адамға «көлік сынып қалыпты немесе пошташы жұмыстан шығып кеткендіктен газетіңді әкелмей жатыр» деп қалай айтасың?
Бір ескеретін жайт, өзге өңірлерді білмеймін, «Қазпоштаның» Солтүстік Қазақстан облысында бәсекелесі жоқ. Бұрын «Норд пресс» және «Каз пресс» деген компаниялар баспасөзге жазылу ісімен айналысқан, хабарласып көріп едік, біріншісі жабылғанын, екіншісі қаладағы бір-екі киоскіде көбіне шетелдік газет-журналдарды сатумен ғана шектеліп қалғанын айтты.
«Қазпошта» биыл бағаны қымбаттатуға мемлекет тарапынан субсидияның берілмейтіні себеп болғанын айтып ақталуда. Мысалы, 2020 жылы ауылдық елді мекенге газет жеткізуге 3,3 млрд., 2021 жылы 2,7 млрд., 2023 жылы 2,05 млрд. теңге субсидия алған екен. Ал 2024 жылы субсидиялау 600 млн. теңгеге дейін қысқарған.
Жалпы газетті уақытында жеткізбеу субсидияға да байланысты емес сияқты. Себебі миллиардтап демеуқаржы алып тұрған сол 2020-2024 жылдар аралығында да оқырмандардан шағым көп болатын. Мүмкін «Қазпоштадан» банктік қызметтерді (зейнетақы, жәрдемақы тарату, коммуналдық төлемдер қабылдау және т.б) алып қойып, екінші деңгейлі банктерге беру керек шығар? Ал пошта атауына сай сәлемдеме, хат және газет-журналдарды таратсын. Соған сай мемлекеттен субсидия алсын. Әйтпесе газет-журнал таратуға келгенде мүлдем құлықсыз. Тіпті газетке жазылуға барған адамның өзін түрлі сылтау айтып үйіне қайтарып жіберетін жайттар да бар.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».