«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕРІ КЕТКЕН КОМПАНИЯ

Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен бері түрлі салаларда оң өзгерістер орын алуда. Жаңа заман талабына сай дамып келеді. Соның ішінде бір мекеме ғана өзінің ті­келей міндетін толық атқара алмай, кері кетіп бара жатқан сыңайлы. Ол – пошта. Еңбекақылары ең төмен қызметкерлер де осы салада.

Қызмет сапасының сын көтермейтініне қара­мастан тасымалдау құнын өсіруден алдарына жан салар емес. Инфляцияға байланысты бағаның құ­былып тұруы – заңдылық. Бензин, коммуналдық қызметтер, азық-түліктің құны өсуде. Бірақ пошта қызметі сияқты екі еседен артық қымбаттаған еш­қайсысы жоқ. Нақты айтсақ, 2026 жылға газет- журналдарға жазылу кемінде 50 пайызға қымбат­тап, кейбірінің құны 170 пайызға дейін өскен. Жеке тұлғалар үшін 42-94 пайыз (балалар басылымдары 48-71 пайыз), ауылдық жерлердегі заңды тұлғалар үшін 42-128 пайыз, қалалардағы заңды тұлғалар үшін 30-62 пайыз аралығында артты.

Бағаны өсірген екен, соған сай қызмет көрсетсе ғой. Редакцияға күн құрғатпай оқырмандар хабар­ласып, газеттерін уақытында әкелмейтіндерін ай­тып шағымданады. Әсіресе Уәлиханов және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың тұрғындарынан шағым көп. Басшыларына телефон шалсаң, түрлі сылтау айтып шыға келеді. Ақысын төлеп, газетке жазылған адамға «көлік сынып қалыпты немесе пошташы жұмыстан шығып кеткендіктен газетіңді әкелмей жатыр» деп қалай айтасың?

Бір ескеретін жайт, өзге өңірлерді білмеймін, «Қазпоштаның» Солтүстік Қазақстан облысында бәсекелесі жоқ. Бұрын «Норд пресс» және «Каз пресс» деген компаниялар баспасөзге жазылу ісі­мен айналысқан, хабарласып көріп едік, біріншісі жабылғанын, екіншісі қаладағы бір-екі киоскіде көбіне шетелдік газет-журналдарды сатумен ғана шектеліп қалғанын айтты.

«Қазпошта» биыл бағаны қымбаттатуға мемле­кет тарапынан субсидияның берілмейтіні себеп болғанын айтып ақталуда. Мысалы, 2020 жылы ауылдық елді мекенге газет жеткізуге 3,3 млрд., 2021 жылы 2,7 млрд., 2023 жылы 2,05 млрд. теңге субсидия алған екен. Ал 2024 жылы субсидиялау 600 млн. теңгеге дейін қысқарған.

Жалпы газетті уақытында жеткізбеу субсидияға да байланысты емес сияқты. Себебі миллиардтап демеуқаржы алып тұрған сол 2020-2024 жылдар аралығында да оқырмандардан шағым көп бола­тын. Мүмкін «Қазпоштадан» банктік қызметтерді (зейнетақы, жәрдемақы тарату, коммуналдық тө­лемдер қабылдау және т.б) алып қойып, екінші деңгейлі банктерге беру керек шығар? Ал пошта атауына сай сәлемдеме, хат және газет-журналдар­ды таратсын. Соған сай мемлекеттен субсидия ал­сын. Әйтпесе газет-журнал таратуға келгенде мүл­дем құлықсыз. Тіпті газетке жазылуға барған адам­ның өзін түрлі сылтау айтып үйіне қайтарып жібе­ретін жайттар да бар.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp