«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕТІЛДІ ДЕ, ЖЕТІЛДІ

Көбіне көз ілеспей, зымырап өтіп жатқан уақытымызға өкінетініміз бар. Алайда, “Жан жарасына уақыт емші” дегендей, қиналған сәттердің өткен шақтың үлесінде қалғанына қуанамыз да. Тағдырдың талай тауқыметін тартып, Айыртау ауданындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатта тәрбиеленіп, қазіргі кезде Саумалкөлдегі орталық аурухананың ас блогының санитары болып жұмыс істеп жүрген Алтын Битешова бүгінде өзінің қиналған сәттерінің өткен шақтың еншісінде қалғанына шүкіршілік етеді.

“Мен 1989 жылы Петропавл қаласында дүниеге келдім, 1995 жылы ата-анаммен бірге Айыртау ауданындағы Шоққарағай ауылына қоныс аудардық. Ауыл мектебінде 6-сыныпты бітіргенше алаңсыз білім алдым”, – деп әңгімесін бастаған Алтынның анасын есіне алған кезде көзіне жас үйіріліп, жүзін мұң шалды.

Отбасының ұйтқысы, шаңырақтың шуағы болып отырған анасы ауыр науқастан соң бақилық болады. “Әкесіз жетім – жарты жетім, анасыз жетім – нағыз жетім” деген халық нақылы тегін айтылмаса керекті. Сол кездері әкесі балаларынан бас тартып, өз жөнімен кетіп қалады. “Тиісті органдар жетімдік тауқыметін тартқан мені сол жылдың тамыз айында аудан орталығындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Айыртау мектеп-интернатының 1-қазақ отбасына тапсырды. Онда болған кезде мекеме басшысы Елемес Қалиев бастаған ұжым біздің жақсы тәлім-тәрбие мен білім алуымызға барлық жағдайды жасады. Аталмыш мектеп-интернатта алаңсыз білім алып, мемлекет тарапынан мол мүмкіндіктерге ие болдық. Жазғы демалыс уақыттарында еліміздің әсем жерлеріне, оның ішінде елордамыз – Астанаға талай саяхаттап барған кездеріміз болды”, – дейді Алтын Нығметжанқызы.

Алтын Битешова мұғалімдер мен оқушылар арасында беделге ие болып, мектеп-интернаттың қоғамдық, мәдени іс-шараларына белсене қатысады. Мектепті тамамдаған соң Лобаново ауылындағы кәсіптік-техникалық колледжді электрондық есептеу машинасының операторы мамандығы бойынша бітіреді. “Балалар үйінен үлкен әлемге қадам басқан шағымда үйсіз жүрген кездерім болды. Мамандығым бойынша жұмыс таба алмаған соң Саумалкөлдегі “Дүзбаев” макарон цехына орналастым. Келесі жылы №7 Саумалкөл кәсіптік лицейінде шаштараз мамандығы бойынша курсты аяқтап, шаштараз қызметін атқардым”, – деген Алтын Нығметжанқызы 2010 жылы оның өмірінде үлкен бетбұрыс болғанын айтты.

Ол Асхат Қоспановпен отбасын құрып, сол жылы орталық аудандық ауруханаға санитар болып жұмысқа орналасқан. Қазір Әлішер есімді ұлы өсіп келеді. Жұбайы Асхат – “ДЭП-10” жол торабының жұмысшысы. 2011 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан бір бөлмелі пәтер алған. “Өзімізге ғана сеніп, барлығына өз күшімізбен қол жеткізіп үйренген біздің санаттағы жастар үшін тұрғын үй өзекті мәселе. Сондықтан мемлекет тарапынан бір бөлмелі болса да пәтер алғаныма ризамын”, – деген Алтын Битешова: “Мемлекетіміздің қолдауының арқасында өмірге құлшынысым, болашаққа деген сенімім оянды. Қазір менің баспанам да, жұмысым да, отбасым да, балам да бар. Аллаға шүкір! Ата Заңымыздың аясында халқымыздың тыныш тұрмыс кешіп, әркім өзінің қалаған ісімен айналысуда. Қарапайым халық үшін одан артық не керек?” – деді.

Міне, қарқындатқан әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан еліміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінуде.

Бағлан ҚОЖАҚОВ,

журналист.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp