Жуырда Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес институттық реформасын жүзеге асыруға арналған “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын зерттеуге және жаһандық бастамалар мен тұжырымдамалық идеяларын оқып-үйренуге бағытталған “Әлемді өзгертетін идеялар” атты семинар-тренинг өтті.
Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен ұйымдастырылған шараға еліміздің түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орындарының, жалпы білім беретін мектептердің, колледждер мен лицейлердің дарынды студенттері мен оқушылары, белсенді өрендер қатысты. Олардың қатарында өзімнің де болғанымды үлкен жетістік деп білемін.
“Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы” мемлекеттік мекемесінде өткізілген мерейлі шаралар барысында біз Мемлекет басшысының жинаған кітаптарымен, қабылдаған құнды құжаттарымен танысып, ерекше күйге бөлендік. Жастарды назарынан тыс қалдырмай, үнемі қамқор болып жүретін Мемлекет басшысының басынан өткерген оқиғаларын жан-жүрегімізбен сезінгендей әсер алдық.
Семинар-тренингтерді Лев Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің профессорлары жүргізді. Олар Елбасының еліміздің даму бағытын айқындап берген “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында, әлем жұртшылығын бейбітшілікке үндеген, дүниежүзі елдерінің қызу талқысына ие болған “Әлем. ХХІ ғасыр” манифесінде айтылған стратегиялық ойларды жан-жақты әрі қызықты түсіндіріп берді. Сондай-ақ, экономика, саясат, индустрияландыру, инвестиция сияқты маңызды тақырыптар төңірегінде әңгіме өрбітіп, сауалдарымызға жауап берді. “100 нақты қадамда” айтылған тапсырмаларды орындау үшін еліміздің әрбір азаматы атсалысса, күш біріктірсе, алға қойған мақсаттарға жетуге болады деп ойлаймын. Бұл ретте еліміздің болашағы – өзім сияқты оқушыларға да жүктелген жауапкершіліктің салмағы ауыр.
Сарыарқа төсінде, ерке Есілдің жағасынан орын тепкен Астананың көрікті жерлерін аралаған кезде кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Зәулім үйлер, биік ғимараттар менің армандарыма қанат бітіргендей, жаңа мақсаттарға құлшындыра түсті.
Ұлттық мұражайда Астана қаласының макетімен, “Алтын адамның” түпнұсқасымен, “Күлтегін” ескерткішінің көшірмесімен және халқымыздың тарихынан сыр шертетін өзге де жәдігерлермен таныстық. Жастарды елжандылыққа, отансүйгіштікке баулитын осындай игі әрі пайдалы іс-шаралар жиі ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Виктория ВЬЮШКИНА,
Чехов орта мектебінің 10 “ә” сынып оқушысы.
Уәлиханов ауданы.