Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында нашақорлық, маскүнемдік сияқты қоғамдық кеселдермен күрес мәселелері сөз болды.
Бүгінде өңірімізде 4 мыңнан астам адам алкогольді ішімдікке тәуелді болса, олардың 500-ге жуығы есірткіге әуес. Көңілге кірбің ұялатар осындай мәліметтерді алға тартқан облыстық әкімшілік полициясы басқармасы бастығының орынбасары Сайлаубек Мусин ұлт қауіпсіздігіне қауіп төндірер қоғамдық дерттермен тізе қосып күресудің әдістері жетілдіріліп жатқанын жеткізді.
Биылдың өзінде нашақорлық және есірткі бизнесі бойынша 189 қылмыс анықталып, заңсыз айналымнан 9 килограмм есірткі алынған. Ал “ащы суға” тәуелді болған 2 мыңнан астам адам бейімдеу және уытсыздандыру орталығына жеткізілген екен. Бүгінде маскүнемдіктен емдеу орындары тапшы. Сол себепті мәжбүрлеп емдеу туралы сот шешімдерін уақтылы орындау мүмкін болмай отырғанын жеткізген Сайлаубек Мусин өңір басшысынан осы мәселені шешуде көмек сұрады.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мәриям Бопанова маскүнемдерді емдеу үшін қосымша орындар қажет деген пікірді теріске шығарды. Оның айтуынша, кереует саны бойынша республикада төртінші орында тұрған Благовещенка ауылындағы наркологиялық орталық үнемі толық бола бермейді.
Облыс прокуроры Степан Зайтлер ішкі істер департаментінде тіркеуде тұрған маскүнемдер мен нашақорлар саны не себепті денсаулық сақтау басқармасындағы көрсеткіштен 2 мың адамға кем екенін сұрады. Прокурордың сауалына жауап берген Мәриям Бопанова денсаулық сақтау басқармасында тіркеуде тұрған жандардың барлығы құқық бұзушылар емес екендігін айтты. Әйтсе де, Степан Зайтлер психотропты заттар мен алкогольді ішімдікке тәуелді екі мың адамның да ерте ме, кеш пе, қылмыскерлер қатарынан табылуы мүмкіндігін алға тартып, құзыретті органдарда тіркеуде тұрған адамдар саны бірдей болуы керектігін жеткізді.
Уәлиханов және Ақжар аудандарының әкімдері жиналғандарды құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған шаралар барысынан хабардар етті.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.