Мәскеулік музыканттар әнсүйер қауымға естен кетпес кеш сыйлады. Олар ұмытылып бара жатқан романс жанрында өнер көрсетіп, көрермен қауымның ықыласына бөленді.
Рояль, гитара және скрипканың сүйемелдеуімен әнші Инна Субботина орындаған әр туынды тыңдарманды бейжай қалдырмағаны анық. Айта кеткен жөн барлық жиналған қаражат, балалардың ем-домына аударылды. Бұл – әртістердің қайырымдылық туры.
Инна Субботина – Гнесиндер атындағы музыкалық училищенің түлегі, Мәскеу филармониясының әншісі. Тыңдармандарға күміс дәуірі ақындарының өлеңдеріне жазылған романстардың орындаушысы ретінде жақсы таныс. Бес ән жинағын шығарған. Екі сағаттық бағдарлама барысында әртістер қауымы, романс жанрының алуан түрлілігін паш етті. Француз, сыған эстрадалық туындыларымен қатар, авторлық романстар да шырқалды.
– Романс ешқашан ескірмейтін және көштен қалмайтын жанр. Өйткені, махаббат пен адалдық ескірмейтін тақырып, – дейді Инна Субботина.
Петропавл – мәскеулік әртістер қайырымдылық концертін ұсынып отырған төртінші қала. Тур әлі де жалғасын таппақ.
Тоқтар ҒАЛЫМ,
журналист.