Қазақстандық спортшылар төрт жылда бір келетін жазғы Олимпиада ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді. Жерлестеріміздің ең алғаш Лиллехаммерде өткен қысқы Олимпиада ойындарында бақ сынағаны белгілі. Мұндай ірі додаға алғаш қатысып тұрса да, қазақстандықтар алпауыт елдердің спортшыларымен бір деңгейде бақ сынаса алатынын байқатты. Екі жылдан кейінгі Атлантадағы аламанда да ұл-қыздарымыз аянып қалған жоқ.
Қазақ елінің оғландары бүгінге дейін алты жазғы Олимпиадада бақ сынап, еліміздің намысын лайықты деңгейде қорғап келеді. Отандастарымыз ширек ғасырға жуық уақыттың ішінде 70-ке жуық Олимпиада жүлдесін ел қоржынына салды. Өкінішке қарай, допинг дауына байланысты бірнеше медальды кері қайтаруға мәжбүр болдық. Есесіне шетел спортшылары допингпен ұсталғанының арқасында біздің де спортшылар кешігіп жеткен жүлделеріне қол жеткізді.
Мәселен, күні кеше Халықаралық Олимпиада комитеті 2012 жылы Лондонда жалауы желбіреген XXX жазғы Олимпиада ойындарында 5-орын алған даңқты балуанымыз Дәулет Шабанбайға байрақты бәсекенің қола жүлдесін табыстады. Қандасымыз Ұлыбританиядағы боз кілемде 120 килограмм салмақта бақ сынап, қола жүлде үшін болған белдесуде ресейлік Билял Маховтан 3:1 есебімен жеңіліп қалғанды. Ал осы салмақта өзбекстандық Артур Таймазов топ жарып, грузин балуаны Давид Модзманашвили күміспен күптелген. Алайда, жарыс кезінде алынған допинг сынамасы қайта тексеруден өткен соң алтын мен күміс медальды бөліскен екі спортшының тыйым салынған препараттарды қолданғаны белгілі болды. Сөйтіп, қола медаль иеленген ирандық балуандар Комейл Гасеми мен Билял Махов алтын медаль иегері атанды. Ал осы балуандардан жеңілген Дәулет Шабанбай мен АҚШ спортшысы Тервел Длагнев автоматты түрде Лондон Олимпиадасының қола жүлдесін иеленді.
Сонымен қатар үш қазақстандық спортшыға Бейжің Олимпиадасының медалі берілетіні мәлім болды. Кейіннен бір саңлағымыз Олимпиада чемпионы, екеуі жүлдегер атанғанды. 2008 жылы Бейжіңде өткен төртжылдықтың басты бәсекесінде ауыратлет Алла Важенина 75 килограмм салмақта 266 (199+147) көрсеткішпен күміс жүлдегер атанғанды. Арада біраз жыл өткенде сол уақытта бас жүлдені олжалаған қытайлық спортшы Лей Цаоның тыйым салынған препарат қолданғаны дәлелденіп, ол спорттан шеттетілді. Содан соң Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (“IWF”) жүлделерді қайтадан реттеп, Алла Важенинаға Олимпиаданың алтынын табыстады. Бүгінде Важенина Ресей азаматтығын алған және сол елде тұрып жатыр.
Бейжіңдегі бәсекеде жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрініп, жарысты төртінші орынмен аяқтаған Ольга Рыпакова 8 жылдан соң күміс жүлдегер болып шыға келді. Үш қарғып секіруден күміс және қола медаль иеленген Татьяна Лебедева мен Крисопиги Деветци де допингпен ұсталып, жүлделерінен айырылды. Осылайша, Ольга Рыпакова Олимпиада ойындарының толық жүлде жиынтығын иеленген еліміздегі бірінші спортшы атанды. Оның қоржынында енді Лондон Олимпиадасының алтыны, Бейжіңнің күмісі және Рионың қола жүлдесі бар.
Грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаевтың қоласы да араға 8 жыл салып күміске ауысты. Өйткені, додада екінші орын алған әзірбайжандық Виталий Рагимовтың нәтижесін жоққа шығарып, қазақ балуанына күміс жүлдені табыстады. Ал 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында 69 килограмм салмақта сынға түскен ауыр атлет Анна Нурмухамбетова қоссайыс қорытындысы бойынша 251 (115+136) көрсеткішімен небары бесінші орынға табан тіреген болатын. Алайда, арада төрт жыл өткенде қола жүлде мен төртінші орын алған Беларусь елінің екі спортшысы – Марина Шкерманкова мен Дина Сазановецтің допинг қолданғаны анықталды. Осылайша, отандасымыз Рио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. 85 килограмм салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Денис Уланов жарысты төртінші орынмен қорытындылаған болатын. Қоссайыста ол 390 (175+215) килограмм салмақты еңсерді. Үшінші орынға табан тіреген румыниялық Габриэль Синкраянның да нәтижесі дәл сондай еді. Десек те, Синкраян салмағы аздығының арқасында үшінші орынға ие болды. Олимпиада аяқталғаннан кейін бірқатар шетелдік зілтеміршінің допинг қолданғаны анықталды. Солардың қатарында Габриэль Синкраян да бар. Істің ақ-қарасы анықталғаннан кейін румыниялық қола жүлдесінен айырылып, үлкен спорттан бірнеше жылға шеттетілді. Сөйтіп, төртжылдық доданың қола медалі Денис Улановқа табыс етілді.
“Алмақтың да салмағы бар” дегендей, Халықаралық олимпиада комитеті де Қазақстанның біраз медалін кері қайтарып алғаны белгілі. Өкінішке қарай, қазақ спортшыларының 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында жеңіп алған 5 жүлдесін және 2012 жылғы Лондонда қол жеткізген 4 алтын медалін өзінің лайықты иелеріне табыстады. Атап айтар болсақ, ауыр атлеттердің арасынан Илья Ильин (алтын), Зульфия Чиншанло (алтын), Майя Манеза (алтын), Светлана Подобедова (алтын), Ирина Некрасова (күміс), Мария Грабовецкая (қола), балуандардан Таймураз Тигиев (күміс) пен Әсет Мәмбетов (қола) жүлделерінен айырылды.
Әли БИТӨРЕ.