Ашхабадта өткен әлем чемпионаты барысында қазақстандық ауыр атлет Денис Улановқа 2016 жылғы Рио Олимпиадасының қола жүлдесі ресми түрде табысталды.
Осыдан екі жыл бұрын Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарында 85 килограмм салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Денис Уланов қос-сайыста 390 (175+215) килограмм салмақты еңсерді. Сөйтіп, бұл жарысты төртінші орынмен қорытындылаған болатын. Үшінші орынға табан тіреген румыниялық Габриэль Синкраянның да нәтижесі дәл сондай еді. Алайда, қарсыласына қарағанда салмағының аздығының арқасында қола медаль Еуропаның өкіліне табыс етілгенді.
Төртжылдықтың басты жарысы аяқталғаннан кейін допинг қолданғаны анықталған румыниялық зілтемірші Олимпиаданың қола жүлдесінен айырылып, үлкен спорттан бірнеше жылға шеттетілді. Осылайша, әділдік орнап, қола медаль өз иесін тапты.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.