Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукеновтің төрағалығымен “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыруға арналған өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда аталмыш бағдарламаның 1-ші, 2-ші және 3-ші бағыттары аясында 1 млрд. теңгеден астам сомаға мемлекеттік қолдау көрсету жөніндегі кәсіпкерлердің 14 өтінімі қаралып, мақұлданды.
Қызылжар ауданының орталығындағы “Dostar New” ЖШС “Құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар шығару үшін шикізаттар мен материалдар сатып алу” жобасын “АТФ” Банк” АҚ филиалының кредиті арқылы жүзеге асырмақ. Серіктестік директоры Оразбек Ақтаев өздерінің өндірісін осыдан 8 жыл бұрын бір дәнекерлеушімен және екі металл жонушымен бастағанын, қазір 34 адам еңбек ететін кәсіпорын заманауи қондырғылар, 20-дан астам құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар шығаратындығын атап айтты. Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін “АТФ” Банк” АҚ филиалынан 60 млн. теңге көлемінде кредит алған.
“Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасының “Моноқалалардағы, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлердің жаңа бизнес бастамаларын қолдау” атты бірінші бағыты бойынша банк кредитінің пайыздық ставкасын демеуқаржыландыру жөніндегі серіктестік басшысының өтінімін өңірлік үйлестіру кеңесінің мүшелері бірауыздан мақұлдады. Сөйтіп, ауылдық жердегі кәсіпкердің банктен алған кредитінің 14 пайыздық сыйақысының 10 пайызы 3 жыл бойы мемлекеттік бюджеттен өтелетін болды.
Қызылжар ауданының Якорь ауылындағы “Атай-СК” ЖШС 1968 жылдан бері жұмыртқа өндірумен айналысады. Онда 146 адам еңбек етеді. Бір жылда 75-80 млн. дана жұмыртқа өндіріп жүрген серіктестік өндіріс орнын кеңейтпек. Серіктестік директоры Әсет Ерсайыновтың айтуынша, құс фабрикасын дамытудың бірінші кезеңінде қосымша 60 жұмыс орны ашылып, өндіріс көлемі 102 млн. дана жұмыртқаға жеткізілмек. Қазірдің өзінде фабрика өнімдері Алматы, Астана, Қарағанды сияқты өңірлердің 8 супермаркеттерінде, облыс орталығындағы “Каз.Кур” павильондарында сатылады. Алдағы уақытта экспортқа бағыт ұстанбақ. Бұл жоба да өңірлік үйлестіру кеңесінен қолдау тапты.
Жамбыл ауданындағы “Агротехника-Жамбыл” ЖШС-нің “Мал шаруашылығы кешенін дамыту үшін қара мал сатып алу” жобасы да өзектілігімен ерекшеленді. Агроқұрылымның 250 бас ангус тұқымын сатып алуына “Қазақстан халық банкі” АҚ ОФ-нің кредиті пайдаланылмақ. Оның да пайыздық ставкасы мемлекет тарапынан демеуқаржыландырылады.
Осы күні “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасының “Экономиканың басым секторларында және ұқсату өнеркәсібі салаларында қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлерге салалық көмек” атты екінші бағыты бойынша “Капенова А.К.” ЖК-нің, “Spring Kasakhstan” ЖШС-нің, “Бахмутов С.А.” ЖК-нің, “Патент-Дубль” ЖШС-нің, “Таткрафт” балалардың ойын-сауық орталығы” ЖШС-нің, “Алдабергенов М.М.” ЖК-нің, “Кәсіпкерлердің валюталық тәуекелділіктерін азайту” атты үшінші бағыты бойынша “Урал КазПром компания”, “СевЕсильЗерно”, “Молпродукт”, “ЗаготИнтер” ЖШС-лерінің, “Бекқожин С.И.” ЖК-нің өтінімдері қаралып, кеңес мүшелері тарапынан қолдау тапты. Сонымен 3 жыл ішінде бюджеттен 164,3 млн. теңге көлемінде демеуқаржы төлеу жөніндегі кәсіпкерлердің өтінімдері мақұлданды.
Кәсіпкерлер өз жобаларын жүзеге асыру кезінде бұрынғы жұмыс орындарын сақтайды және 60-тан астам жаңа жұмыс орындарын ашады.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.