Жұмыс іздеп жүрген әрбір адам “Сұхбаттасу барысында қабылдаушылар қандай сұрақ қояды?”, “Оларға қалай дұрыс жауап беремін?” деп ойланады. Сұхбаттасуда қандай адамдармен жолығып, қандай заттар ала баруыңыз керектігіне алдын ала дайындалғаныңыз абзал. Жақын күндердің бірінде сұхбаттасуға баратын болсаңыз, төмендегі кеңестерге құлақ салыңыз:
МЕН КІММЕН СӨЙЛЕСЕМІН?
Сұхбатты болашақ басшыңыз, кадр бөлімінің жетекшісі, болашақ әріптестеріңіздің бірі өткізуі мүмкін. Олардың аты-жөні мен қызметі туралы біліп алсаңыз, өзіңізді барынша сенімді ұстайсыз. Егер сұхбаттасу шағын кәсіпорында өтетін болса, оның қалай жүзеге асатынын алдын ала сұрауға мүмкіндік туады.
СҰХБАТТАСУ
ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?
Сұхбаттасу бетпе-бет тілдесу, бірнеше адамға тапсырма беру арқылы ішінен мықтысын анықтау, тестілеу және жеке баяндама түрінде өтуі мүмкін.
Сұхбатты кім жүргізетіндігін анықтаған соң оның қандай форматта өтетіндігін білудің маңызы зор. Бұл жағымсыз тосын жайлардан сақтанып, алдын ала біліміңізді шыңдауға, баяндама болса, сөйлейтін сөзіңіздің мәтінін құруға мүмкіндік береді.
ҚАЖЕТІНЕ ҚАРАЙ
Өзіңізбен бірге қандай зат ала бару керектігін қандай мекемеге, кәсіпорынға баратыныңызды білген кезде анықтай аласыз. Түйіндемеде көрсетілген жетістіктеріңізді дәлелдейтін мақтау қағаздарыңызды, кітаптарыңызды ала барсаңыз, артықтық етпейді.
Гүлшара АСҚАРОВА,
психолог.