Төл теңгеміздің еркіндікке жіберілуі еліміздің тұрғындарын елеңдеткені рас. Сондықтан қалыптасқан осы жағдайды Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға түсіндіру мақсатында Ақордада экономикалық саясаттың алдағы шаралары туралы кеңес өткізіп, Премьер-Министрмен, өзге де Үкімет мүшелерімен, республикамыздың ірі экспорттаушыларымен ақылдасып, оларға қажетті нұсқаулар бергенін теледидардан көрдім.
Әңгіме барысында Мемлекет басшысы әлемде барлық бағыттарда қалыптасқан дағдарыстың шикізат тауарларына, валюта, қаржы нарықтарына әсерін атап көрсете отырып: “Қанша бағдарламалар жасасақ та, өмір мен жағдай алдымыздан қиыншылықтарды алып келеді. Қазір де осындай қиыншылықтарға тақап тұрмыз. Бұл дүниежүзілік дағдарыстан ешкім де сырт қала алмайды. Қазақстанның әлемдегі бүкіл мемлекеттермен байланысы бар”, – деді де, тез арада еңсеріле қоймайтын дағдарысқа алдын ала дайындалуымыз қажеттігін ескертті.
Ашық әңгіме. Елбасымыз дағдарыстан шығудың ең тиімді жолы ұлттық валютамызды еркін айналымға жіберу екенін түсіндірді. Халықаралық сарапшы-экономистердің бәрі бірауыздан осы жолды атап көрсетіп отыр.
Ежелден сабыр сақтап, тамам ел-жұрт болып, қиындықтарды еңсеруге үйренгенімізді білеміз. Біз мұндай қыспақтардан жолын тауып шыға білген елміз. Осы тағылымды ұмытпаған жөн.
Әлемде мұнайдың экспорттау бағасы арзандап кеткені де белгілі. Соның салқыны осынау шикізатқа бай республикамыздың жағдайын қиындатқаны да шындық. Алайда, Елбасымыздың аталған кеңесте бәсекеге қабілеттілікті қалпына келтіру арқылы біз ірі кәсіпорындарда жұмыс орындарын сақтай алатынымызды айтқаны көңіліме сенім ұялатады. Президентіміздің елімізде өндіріліп жатқан азық-түлік тауарларына бағаның өсірілуіне жол бермеу керектігі жайындағы талабы өте орынды. Ондайларды анықтап, қатаң жазалау жөніндегі тапсырмасы құптарлық. Қиындықтардың құрсауынан ұйыса білгенде ғана құтыламыз.
Әркімнің қолайын тапқан, оң жамбасына келетін өз ісі бар. Ірі кәсіпорындар да, тіпті, қатардағы тұрғындар да тығырықтан шығудың жолдарын таба алады. Мен ел-жұртқа ақыл айтып, ділмәрсуден аулақпын. Алайда, өз қызметімде шыңдалдым, “Қиыннан қиыстар ер данасы” демекші, шарасыздыққа бой алдырмауды үйрендім. Өйткені, егемендіктің елең-алаңында істі бастау оңай болған жоқ. Отыз жылға таяу уақыт бойы сақтандыру ісімен айналысып, “ТрансОйл” сақтандыру компаниясының” облыстық филиалына басшылық етіп келемін.
Жасырмаймын, ісім бірден өрге басып кете қоймай, қиналған кездерім болды. Әсіресе, 1995-1996 жылдарды есіме аламын. Бірақ көшіміз жүре түзелді. Бұған 1984 жылдан бастап осы салада қызмет етуімнің үлкен пайдасы тиді.
Қазір біздің ұйым сақтандырудың онға тарта түрімен айналысады. Сақтандыру ісі бүкіл дүниежүзінде кең тараған. Тұрғындар қазір бұл іске түсіністікпен қарайды. Өйткені, өмір болған соң түрлі күтпеген жағдайлар, оқыс оқиғалар кездеспей қоймайды ғой. Осындайда біз оларға қол ұшын береміз. Екі жақты байланыс оларға да, бізге де тиімді.
Ойымды түйіндей келгенде айтарым – төзім сақтап, абдырап, абыржымай, көлденең көкаттылардың қисынсыз сөздеріне ермей, еңбек ете білейік. Жаңа экономикалық саясат жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенейік.
Нұржан ШӘКЕТАЕВ,
“ТрансОйл” сақтандыру компаниясы”
облыстық филиалының басшысы.