«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕҢЕС БЕРУДІҢ ҰТЫМДЫ ӘДІСІ

“Qorǵaý” жобасы арқылы әр­бір қазақстандық заңгерлерге толғандырған сұрағын қойып, тегін кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Осылайша тұрғындардың, әсіресе, шалғай елді мекендегілердің құқықтық сауаттылығын арттыру көзделіп отыр.

Бүгінгі күні адамның құқығын қорғау – еліміздегі мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Сондықтан өткен жылы ақпараттық және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен республикалық “Eurasian Expert Council” қоғамдық қоры арқылы “Qorǵaý” жедел заңгерлік көмек жобасы жүзеге асырыла бастады. Өңірлердегі жастар ресурстық орталықтарының жанынан заңгерлік көмек көрсететін 200ден астам бөлім ашылды. Жобаға үш жылдан артық еңбек өтілі бар, адвокаттар алқасының немесе заңгерлік кеңесшілер палатасының құрамына енген білікті мамандар жұмылдырылғанын да айта кеткен жөн. 

 Былтыр “Eurasian Expert Council” қоғамдық қоры мен облыстық “Femida” заңгерлік кеңесшілер палатасының арасында бірлесіп жұмыс істеу жөніндегі меморандумға қол қойылды. Өйткені, палата мамандары әлеуметтік осал топтарға жататын және қиын өмірлік жағдайға тап болған жандарға алғашқы заңгерлік көмек көрсетеді. Алдымен өтініш иесінің мәселесі тыңдалып, жазбаша түрде тіркеледі. Осылайша, заң бұзушылық анықталғаннан кейін азаматтың құқығын қорғаудың жолдары қарастырылады.
Жобаны жүзеге асыру аясында облыс орталығында және аудандарда заңгерлік көмек көрсету орталықтары жұмыс істей бастады. Мұнда түрлі сұрақтармен, мәселен, көпбалалы отбасылардың, балалардың, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының, мүмкіндігі шектеулі жандардың, жұмысшылар мен науқастардың мәселелері бойынша жүгінуге болады.
Ал аудан тұрғындарын, көп жағдайда, сапалы ауызсудың жоқтығы, жол, жарықтандыру мәселелері толғандырады. Мұндай жағдайда заңгерлер оларға қай мекемеге жүгіну қажеттігі жөнінде кеңес береді.
Палатадағы заңгерлердің біріне аудан тұрғыны жүгінді. Оның айтуынша, аудандық әскери комиссариат мамандары жедел қызметке жіберетін азаматтардың аздығынан оны заңсыз әскерге жібермек болған. Оның үстіне, жауапты тұлғалар өтініш иесінің ауыл шаруашылығы техникасын жөндеумен айналысатын кәсіпорында жұмыс істейтінін ескермеген. “Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” Заңға сәйкес, мұндай азаматтар бейбітшілік заманда әскери қызметтен босатылады. Ол астық жинау науқаны аяқталғаннан кейін Отан алдындағы борышын өтеуге дайын екенін айтқанымен, оның сөзіне құлақ аспаған. Жас адамның тәжірибесіздігін әрі құқықтық сауатының төмендігін пайдаланбақ болған мамандар оны әкімшілік жауапкершілікке тартамыз деп қорқытқан. Біздің араласуымызбен жас жігіт келесі шақыру науқанына дейін әскери қызметтен босатылды.
Жеңіл-желпі мәселелер бойынша кеңестерді телефон арқылы алуға да болады. Сонымен қатар Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі заңгерлердің аты-жөні, мекенжайы мен телефон нөмірі көрсетілген ұялы қосымша мен арнайы сайт та әзірленіп жатыр. Мұнда жиі кездесетін жайттарға қатысты кеңестерді орналастыру жоспарлануда.
“Femida” заңгерлік кеңесшілер палатасының мамандары жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, арнайы білім беру мекемелеріне жіберілген жасөспірімдерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттарға, тағы басқа қиын жағдайға тап болған азаматтарға тегін көмек көрсету жұмыстарына белсене атсалысуда. Тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының да маңызы зор. 

Наира ЗАРГАРЯН,
“Femida” заңгерлік кеңесшілер палатасының басқару мүшесі.
 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp