Петропавл қаласындағы “Тайга” сауда үйі орталығында жастарға арналған “Кеңес орталығы” өз жұмысын бастады.
Ашылу салтанатында сөз алған “Nur Otan” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметова атап өткендей, жаңа орталық жастардың бастамаларын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсіндіріп, тегін кеңес беру мақсатында ашылып отыр. Орталыққа келген жастар “Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы және “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік филиалдары, жұмыспен қамту орталығы мамандарының көмегіне жүгіне алады.
Кеңес орталығы жұмыс істеген алғашқы күні мұнда төрт адам келді. Олар “Нұрлы жер” бағдарламасының талаптарының өзгеруіне қатысты өтініш-тілектерін айтты. Оларға “Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы өңірлік филиалының мамандары жауап беріп, баспанаға қол жеткізудің жолдарын түсіндірді.
Айта кету керек, орталық сейсенбі және жұма күндері аралығында жұмыс істейді.
Абылайхан ҚАЙРОЛЛАЕВ,
“Jas Otan” жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы.