«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕҢСІРІК КЕСЕЛІ

Қазіргі таңда гайморитпен ауыратын науқастар саны азаймай отыр. Аурудың атауы жұртшылыққа кеңінен таныс болса да, бұл дерттің тигізер зардабын көп адам біле бермейді. Өйткені, кейбіреуі бұл ауруға көңіл бөлмейді. “Елемеген ауру жаман” демекші, кез келген сырқат түріне селқос қарамаған жөн. Жалпы, гайморит қандай ауру? Алдымен одан айығуға бола ма деген сауалдар көңілде қылаң берері анық.

Гайморитті ең алғаш 1613-1685 жылдар аралығында өмір сүрген ағылшын тәнтанушысы Н.Гаймор ашқан. Сондықтан мұрын қуысының қабынуы Гаймордың есімімен – гайморит деп аталады. Аталмыш дерт күз-қыс айларында кеңінен тарайды.

Гаймориттің басты белгісі – бас ауырып, мұрынмен дем алу қиындайды. Көп жағдайда мұрында шырышты, түссiз немесе iрiң (жасыл, сары түстi) сұйық зат пайда болады. Сырқаттың жағдайы нашарлайды. Тез шаршап, ұйқысы бұзылып, тамаққа тәбетi болмайды. Бұл белгілер гаймориттің жедел түріне тән. Ал кеңсірік кеселінің созылмалы түрiнде адамның дене қызуы көтерілмеуі де мүмкін. Тек науқастың көзi жасаурап, иiс сезу қабiлетi төмендейдi. Тоңып, денесі қалтырайды, кейде беті ісінеді.

Ауру белгiсi байқалса, жедел түрде дәрiгерге көрiну қажет. Себебі, гайморит – қауіпті дерт. Оны емдеудің бірнеше жолы бар. Гаймориттiң жедел түрiн қарапайым әдiстермен емдеуге болады. Ал созылмалы гайморитке хирургиялық әдiс қолданылуы керек. Кеңсiрiктi тесiп, ондағы жиналған iрiңдi тазалайды. Ал науқастың дене қызуы көтерілсе, мұрын қуысын рентгенге түсіру керек. Егер сырқаттың жағдайы жақсы болып, жоғарыдағы ауру белгілері болмаса, онда мұрын қуысын инемен теспей, қарапайым жолмен (аппаратпен) жуып, дәрі жіберіп емдесе, ол жазылып кетеді. Сонымен қатар науқас дер кезінде физиотерапевтикалық ем қабылдаса, аурудан тез айыға алады.

Созылмалы қабынуда адам мұрынның біржақты бітуіне және бөлінетін іріңге шағым айтады. Бірақ жедел қабынуға қарағанда мұнда жағымсыз иіс онша сезілмейді. Ал ауру бірнеше айларға, тіпті жылдарға созылуы мүмкін. Оның басты себебі – адам ағзасының иммундық жағдайы әлсіреп, мұрынның шырышты қабаты өзгереді, ісіктер пайда болады.

Бұл дерт инфекциялық ауруға жатады. Тұмау тиіп, емдік шараларын алмаса, ауру асқынады. Оның соңы отит, франтит сияқты ауруларға ұласуы мүмкін. Сондықтан қандай ауру болса да дер кезінде ем қабылдау қажет. Тұмаумен ауырған адамдар әдетте терапевтің ғана қабылдауында болады. Бұл жағдайда лор маманның кеңесіне жүгіну де артықтық етпейді. Тіс тамырларының қабынуы көп жағдайда гайморитке әкеп соғатынын ұмытпау керек. Бактериялар мен вирустар да гаймориттің дамуына жол ашады. Олар мұрын арқылы ішке еніп, қанға араласады, содан соң мұрын сырты ісініп, қызарады. Салдарынан ағза әлсiреп, иммундық жүйе вирустармен күресе алмайды. Иммунитеттiң төмендеуi созылмалы ауруларды тудыратыны айтпаса да белгілі. Сол себепті гаймориттi дер кезiнде емдемесе, кеңсiрiкке түскен iрiң миға шауып, менингит ауруына ұласады. Кейде көз, көз айналасы ауруларына әкеп соғуы мүмкін.

Әсіресе, қыста гайморитпен ауыратындардың саны артады. Кейде аллергиялық гайморит те болуы мүмкін. Бірақ одан тез айығуға болады.

Мен облыстық ауруханада күн сайын шамамен 50-60 адамды қабылдаймын. Оның тең жартысы гайморитпен ауырады. Ал бір жылда медициналық мекеменің оториноларингологиялық бөлімшесінде бір мың адам, облыстық аурухананың жанындағы емханада үш мың адам емделеді. Бұл сырқат балалар арасында да жиі кездеседі. Осыдан 10-15 жыл бұрын бұл дерттен жылына бір-екі адам қайтыс болса, облыс тұрғындары арасында соңғы екі жылда қайғылы оқиға орын алған жоқ.

Медициналық жабдықтардың мүмкіндігі зор. Қазір облыстық ауруханада компьютерлік томография мен магниттік резонанс аппараты орнатылған. Осы құрылғылардың көмегімен ауруды дер кезінде анықтауға мүмкіндік барын айтқан жөн.

Серік АҚЫЛБЕКОВ, облыстық аурухананың отоларингологі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp