
“Рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асыру аясында еліміздің киелі жерлерінің бірыңғай белдеуін – Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын құру бағытында жұмыс істейтін “Киелі Қазақстан” ғылыми-зерттеу орталығының өкілдері кезекті экспедиция аясында Солтүстік Қазақстан өңіріне ат басын тіреді. Ғалымдардың осы жолғы сапары төрт бағыттан тұрады. Яғни, осыған дейін Павлодар өңірінде болған олар Қызылжар өңірінің киелі орындарын зерттегеннен кейін Ақмола және Қостанайға бармақшы.
Өңіріміздің тарихи орындары мен ескерткіштерін зерттеу мақсатында келген экспедиция құрамында тарихшылар, этнографтар, картографтар, әлеуметтанушылар мен фотосуретшілер бар. Қызылжарда ғалымдар тарихи-мәдени нысандарды аралап қана қоймай, жергілікті ғалымдармен, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің мамандарымен бірлесе отырып, аталған орындар жайлы деректер мен мәліметтерді, аңыздарды зерттемек. “Киелі Қазақстан” ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Батырхан Жұмабаев соңғы рет аққайыңдар өлкесінде осыдан екі жыл бұрын болғанын айтты. Осы уақыт аралығында киелі нысандар тізіміне енген орындарды жаңғырту, насихаттау, тұрғындар арасында дәріптеу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етіп, жоғары бағасын берді.
– Экспедициямыздың негізгі мақсаты – киелі орындарды дәріптеу ғана емес, оған келушілерді, олардың көзқарасын зерттеу. Алғашқы күні ақиық ақын Мағжан Жұмабаев дүниеге келген ауылда болып, ондағы білім ордасымен, мұражаймен таныстық. Одан кейін Ресей Федерациясымен шекараға жақын жатқан әділдіктің ақ жолын ту еткен Ноғайбай би қорымына да соқпай кете алмадық. Жансүгір батыр кесенесінде, облыс орталығындағы Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткішінің басында болып, “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешеніндегі құнды дүниелерді де көруді ұйғардық. Сонымен қатар бір күнімізді арнайы облыстық архивтегі деректермен жұмыс істеуге жұмсамақпыз, – деген Батырхан Жұмабаев айдың соңында Қостанай қаласында экспедиция жұмысын қорытындылауға арналған “дөңгелек үстел” отырысы өтетінін айтты. Онлайн түрде өтетін жиынға төрт өңірдің өлкетанушылары, ғалымдары қатысып, киелі орындарды сақтау, насихаттау бойынша пікір алмасатын болады. Сондай-ақ, жыл соңында сапар барысында белгілі болған қызықты жайттар мен құнды деректер топтастырылған жинақ шығару да жоспарда бар.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.