«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КИЕЛІ ЖЕР — ҚЫРКҮЙСАЙ

Іргетасы 1936 жылы қаланған Қызылту ауданындағы (қазіргі Уәлиханов ауданы) Калинин жеті-жылдық мектебінде бір кездері 700 бала білім алыпты. Теке көлінің жағасында отырған бірнеше ауылдан оқушылар қатынап оқыған. Мектеп жанында интернат болған екен. Аталмыш білім ордасында елімізге белгілі талай дарынды тұлғалар білім алғанын мақтанышпен айтуға болады. Солардың қатарында есімі Алашқа белгілі мүсінші Төлеген Досмағамбетов те бар еді.

Өзім ұстаз болған соң бұл мектептің өткен тарихын, білім ордасының құрылысына кімдер атсалысқанын, кейін оның қалайша жабылып қалғанын білу мақсатында біраз іздендім. Нәтижесінде мектептің іргетасын қалауға жерлесіміз Мұқажан Имағамбетұлы атсалысқанына көз жеткіздім.
Ресейдің отарлау саясатының салқынымен қаншама қазақ ауылдарының атауы өзгерді. Қыркүйсайда бой көтерген жетіжылдық мектепке кейін Михаил Калининнің есімі берілді. Сөйтіп, бұрынғы Қыркүйсай атауы жойылады. Ал сол қасиетті топырақ, киелі өңірде еліне қорған болған, талай азамат дүниеге келді. Солардың бірі – Қожабек әулие. Атақты тұлға ел басқарып, халықтың әлеуметтік ахуалына ерекше мән берген. Мыңғырған жылқы айдаған ол кедей-кепшікті маңына жинап, жұмыс беріп, елін бірлікте ұстапты. Әулиенің алтыншы ұрпағы – Бөртебай мен Серкебай. Серкебайдан – Бекмұхамет, Бекмұхаметтен Ермек Серкебаев туған.
Міне, сол Қыркүйсайда ағайынды Имағанбет, Ыбырай, Бекмағанбет деген кісілер өмір сүреді. Үшеуі де ескіше хат таныған. Имағанбет пен Ыбырай қажы болған. Имағанбеттің Мұқажан, Қали, Қажкен деген ұлдары бар еді.
Тектінің ұрпағы Мұқажан атамыз Омбының мұғалімдер семинариясында білім алыпты. 1913-1916 жылдары осы семинарияда ақын, жазушы, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің де оқығаны белгілі. Омбыдағы қазақ жастарының “Бірлік” ұйымын құрғанда Мұқажан да мүше болады. Сәкен Сейфуллин мен Мұқажан Имағанбетұлының таныстығы осылайша басталған. Кейін олар араларынан қыл өтпес достарға айналады.
Туған жерінде мектеп салып, жас жеткіншектерге оқу-білім үйреткісі келетінін айтқан жерлесімізге Сәкен Сейфуллин жан-жақты қолдау білдірген. Ел арасында ол, тіпті, Бұландыдан құрылысқа қажет материалдарын жеткізуге де көмек көрсетті деген сөз бар. Өйткені, сол тұста ол Қырғыз АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болып қызмет етті. Мектептің жобасын жасатып, оның құрылысына көп көмегін тигізеді. Басты мақсат түкпірдегі шалғай ауылдарда қазақ балаларының білім алуына жағдай жасау болатын. Мұқажан да ауылға келген соң отырып қалмай сол кезде жарыққа шыға бастаған Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов және тағы басқа ақын-жазушылардың кітаптарының халық арасында танылуына көп күш жұмсайды. Өзі де домбыра шертіп, ән айтып, әңгіменің майын тамызып, жұртты аузына қарататын кісі болған екен. Омбыда, Алматыда, Ақмолада жоғарыда есімдері аталған ақын-жазушылармен жиі кездесіп жүріпті.
Қазақстанда байбағландарды қудалап, тәркілеу 1928 жылдан жүзеге асырыла бастады. Сол сойқанға Имағанбет, Ыбырай, Бекмағанбет те ілігеді. Малынан айырылса да, қолда бар кітаптарды сақтап қалу үшін киізге орап, жерге көмеді. Өкінішке қарай, ол кітаптардың қай жерге жасырылғаны белгісіз болғандықтан, ұрпақтары кейін тауып ала алмаған.
“Тектіден текті туар, ата жолын қуар” демекші, қажы атасының арманы қазаққа білім беру болса, сол істі немересі Мұқажан жалғады. Жоғарыда айтып өткенімдей, сонау Бұланды мен Омбы қалаларынан құрылысқа қажетті материалдарды ат арбамен жеткізеді. Ақыры екі-үш жылда асарлатып, осы мектепті тұрғызады.
1930 жылдардың ортасы қазақ үшін қайғылы кезең болғаны рас. Билік басына келгендер елге еңбегі сіңген талай боздақтың артына от алып түсіп, түбіне жетті. Қазақтың маңдайалды азаматтары атылып кете барды. Қара бұлт Мұқажанның басына да үйіріледі. Арғы аталары бай тұқымы деп қудаланып, бар мал-мүлкінен айырылғаны белгілі. Ту сыртынан пышақ ұрған ауылдастары: “Алаш азаматтарымен байланысы бар, үйінде солардың кітаптарын сақтап отыр”, – деп тиісті органдарға домалақарыз береді. Сөйтіп, оған жала жабылып, бір түнде түрмеге қамалады.
Мұқажанды тұтқындауға келген қызыл жағалылар тауып алған хаттарды жұрт көзінше өртейді. Оттан сырғып түскен бір кітапты Мұқажанның ұлы Зенда қойнына тыға қояды. Өзі оқу мен жазуды білмесе де, кейін әкесінен айырылған соң сол кітапты бойтұмарындай сақтапты. Ол Сәбит Мұқановтың 1917 жылы жазылған “Адасқандар” кітабы екен. Бірақ кейін бұл кітаптан айырылып қалады. Жинақ кириллицамен жарық көргенде арнайы алдырып, үйінің төріне қойып, көзінің қарашығындай сақтапты. Бұл кітаптың да тозығы жеткен. Мұқабасы жоқ. Ал Мұқажан сол кеткеннен қайтып оралмайды. Сол күні Қызылтуға жеткізіліп, үш күннен кейін Ақмолаға жіберіледі. Өзі сияқты жапа шеккендермен бірге ату жазасына кесіледі.
Зенда ағамыз дүниеден ерте өтеді. Артында қалған ұрпағы осы кітапты ата-бабаларының өткен өмірлерінің куәсі ретінде әлі күнге дейін сақтап жүр.
1954 жылы тың игеру науқаны басталып қазақтың жеріне түрен түсті. Жайылым тарылып, мал басы азайды. Жаңа елді мекендер пайда бола бастады. Өзге этнос өкілдері Қазақстанға көшіріліп, олардың балаларын оқыту үшін орыс мектептері ашылды. Соның кесірінен көптеген қазақ мектептері жабылып қалды. Қазақ балалары амалсыздан орыс тілінде білім алуға мәжбүр болды. 1957 жылы Калинин жетіжылдық мектебі де жабылады. Өкінішке қарай, білім ордасын бұзып, құрылыс материалдарын мал қорасын салуға пайдаланған.
Қыркүйсайдың табиғаты тұмса. Қысы-жазы мөлдір бұлақ суы ағып жататын аңғарында жазда жеміс-жидек қаулап өседі. Жерлесіміз, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Мәліковтің “Қыркүйсай галереясы” атты әңгімесінде туған жердің табиғаты керемет суреттелген. Бала кезінде Бекмұхамет (Ермектің әкесі) кіші ұлы Мұратпен сонау Алматыдан келіп, туған жері Қыркүйсайда аунап-қунап қайтады екен. Бірақ кеңес өкіметінің сойқан саясатының кесірінен табиғаты сұлу, жері киелі, шөбі шүйгін, бұлақтан бастау алатын мөлдір таза суы бар жерден қаншама қазақ үдере көшті.

Жұмабай ҚҰДАЙҚҰЛОВ.
Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp