Бүгінде киіз басу өнері жойылып кетудің сәл алдында тұр. Ата- бабаларымыз бас киімнен бастап, құрметті қонағын отырғызар текеметті де жүннен жасаған. Тұтас елді басқарар хан сайлағанда да ақ киізге отырғызып ұлықтағанынан-ақ оның құндылығын ұғынуға болады. Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Айжан Дайырова киіз басу технологиясын меңгеріп, оны заман талабына сай жаңғыртуды қолға алды.
“Киіз басу өнері – ата-бабала-рымыздан қалған баға жетпес мұра. Осыны ұмытпауымыз керек. Қолөнердің бұл түрін ұлықтап, өскелең ұрпаққа үйретпесек, жойылып кетуі мүмкін. Сондықтан әжелеріміз ойлап тапқан технологияны сақтай отырып, заманауи дизайндегі бұйымдар жасаймыз. Сан алуан түстерді пайдаланамыз, жаңа композициялар ойлап шығарамыз. Балаларға ұнайды. Оқушылар шеберханаға алғаш келіп, киізден бұйым жасай бастағанда олар бұл іспен күнде айналысып жүргендей әсер қалдырады. Себебі, мұның бәрі біздің генетикалық жадымызда сақтаулы”, – дейді Айжан Бауыржанқызы.
Киізден жасалған бұйымдарды ұлттық брендке айналдырғысы келетін шебер өзіне киізден бас киім де әзірлепті. Ерекше бас киімге көпшілік тамсана қараған. Одан кейін басқа да бұйымдар жасай бастаған. Айжан сурет салу, киім тігу, дизайн өнерін де меңгерген. Бірақ өз өнерін ешқашан қаржы табу мақсатында пайдаланып көрген емес. “Қазақ халқы киізді барлық жерде пайдаланды. Киіз үйде тұрдық. Киізден жасалған киімдерді кидік. Оны ұмыту мүмкін емес. Жүн мен үшін жанды нәрсе іспетті. Оның құрамында синте-тика жоқ. Ол нағыз табиғи шикізат. Кисең жылы, денеге жұмсақ. Ертеректе барлығымыз үйге кілем ілетінбіз. Ол бөлмеге қабырғадан суық өткізбейтін. Ал енді қабырғадағы кілемді алып тастағанда бөлмеде жаңғырық пайда болып, босап қалатындай болады”, – дейді шебер.
Өнерлі қыздың басты мақсаты – киіз басуды ұлттық брендке айналдыру. Әр бала оны меңгерсе, өзі үшін де өте пайдалы. Айжан Бауыржанқызы білгенін өзгеге үйретуден жалықпайды. Шәкірттері сабағына қуана-қуана келеді. “Мен үйірмеде көп нәрсе үйреніп жүрмін. Киіздің не екенін, одан қандай бұйымдар жасауға болатынын білдім. Түрлі картиналар жасап жүрміз. Бұл – менің хоббиіме айналып кетті. Көрмеге қоятындай әдемі картина жасап шығаруды армандаймын. Өзім сурет салғанды жақсы көремін. Бұл маған түстерді таңдауға көп көмектеседі”, – дейді 7-сынып оқушысы Жансая Есләм.
Үйірмеге қыздармен бірге ұлдар да келіп жүр. Педагог әлемдік деңгейдегі суретшілердің барлығы дерлік ер адамдар болғандықтан, бұл салада ұлдар үлкен табысқа жетуі мүмкін екендігін ерекше атап өтті. “Жүннен түрлі картиналар жасауға болатынын білмеппін. Алғашқы жасаған бұйымым – шәйнектің суреті. Басқа оқушылар да құман жасады. Біз барлығын біріктіріп, үлкен картина етіп шығармақпыз. Басында үйірмеге жай көру мақсатымен келгенім рас. Жүре келе ұнап кетті”, – дейді Сәкен Ораз есімді оқушы.
Айжан Дайырованың шәкірттерінің алды қазіргі таңда алыс-жақын шетелдерде білім алып жүр. Демек, киіз басу, одан түрлі бұйымдар жасауды бойына сіңірген шәкірттері ұлттық өнерді әлемге таратып, брендке айналдыруға өз үлестерін қосатынына сенімді.
Эльмира КӘЛЕНОВА.