Облыстық филармония ұжымы биылғы концерттік маусымға ерекше ықыласпен дайындалуда. Ақпан айының өзінде түрлі жанрдағы он шақты концерт өткізілмек. Соның бірі филармонияның сахнасында өтті.
Облысымызға белгілі музыкант Сергей Имашбаев жетекшілік ететін эстрадалық-симфониялық оркестрдің өнері қызылжарлық өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Оның орындауындағы әлемдік және ұлттық классикалық музыка шығармалары көрермендердің көзайымына айналып үлгерді.
Аталмыш концерттің бұрынғылардан бір ерекшелігі бұл жолы дирижерлік таяқшаны жас музыкант, домбырашы Әсет Әбдірахманов ұстады. Концертті бастан-аяқ өзі жүргізді. Ал іс-шараның негізгі бөлігі Пьяцолланың төрт музыкалық шығармасынан тұратын “Жыл мезгілдері” атты туындысын жеке скрипкада өнер колледжінің түлегі, қазіргі таңда Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің магистранты, жерлесіміз Дамир Қабденов орындады.
Әртістерге ерекше қошемет көрсеткендердің ішінде Әсеттің ұстазы Тойкен Күдерова да болды. Концерт жайында ол:
– Әрбір ұстазға шәкіртінің биіктерден көрініп, жетістіктерге жеткені – қуаныш. Шәкірттерімнің ішінде Әсеттің орны ерекше. Ол еңбекқор. Қойған мақсатына әрдайым ұмтылуға тырысатын. Бүгінгі концерті – соның жемісі. Ұстаз ретінде қуанышым қойныма сыймай, толқып отырдым. Ұстаздан шәкірт озса, ол ұстаз үшін мәртебе емес пе?! – деді.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.