Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен кезекті брифинг Жер кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіруге арналды. Облыстық жер қатынастары және жер инспекциясы басқармаларының басшылары Есенгелді Кәрібаев пен Мейрам Меңдібаев қозғалған тақырыпты тарқатып, журналистердің сауалдарына жауап берді.
Алғашқы болып сөз алған Есенгелді Шәйкенұлы өңір аумағындағы жерге қатысты жалпы жағдайды баяндады. Өңір бойынша айналымдағы 9804,3 мың гектар жердің 8404,2 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатына пайдаланылуда. Бүгінгі таңда облыс аумағындағы бос жатқан 546,1 мың гектар жерді де осы мақсатқа пайдалану көзделуде.
Өткен жылы жер салығы, оны жалға алу және сатып алудан бюджетке 1862,8 миллион теңге қаржы түскен.
Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін айтқан Есенгелді Кәрібаев кейбір баптарға кеңірек тоқталды. Мәселен, Кодекстің 48-бабында ауыл шаруашылығы құрылымдарына жер учаскелерін беру үдерісі конкурс және аукцион арқылы жүзеге асырылмақ. Бүгінде оның тетіктері пысықталуда, мемлекет қорындағы жерлерді сату шаралары үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен басталады. Аукцион ағылшын тәсілімен өтеді. Сол сияқты, 171-бапта көрсетілгендей, жерді жалға алған шаруашылықтар бұдан әрі оны толықтай сатып алу мүмкіндігіне ие бола алады.
Заңның 44-1-бабында елді мекен шегінде нысан салу үшін жер учаскесін беру нормасы қарастырылған. Өткен жылы өңір аумағында жекеменшік тұрғын үй салуға 156 жер телімі бөлінген. Жалпы 2005 жылдан бергі жер сұраушылардан 5201 өтініш түскен. Жаңа заң бойынша өтініш “Электрондық үкіметтің” веб-порталы арқылы беріледі және рұқсат алу мен рәсімдеу шараларында жеңілдіктер қарастырылғаны байқалады. Жерді толықтай игеру мерзі мі – үш жыл. Кодекстің 92-бабында пайдаланылмаған жер учаскесі меншік иесінен немесе пайдаланушыдан мәжбүрлі түрде алынып, мемлекет қорына өткізілетіні де айтылған. Мәселен, Қызылжар ауданының Бескөл ауылында осыдан 5-10 жыл бұрын берілген жерлерге үй салынбаған жайттар кездеседі.
– Елбасының “100 нақты қадам” Ұлт жоспарындағы 35 және 36 қадамдарында бізге зор міндеттер жүктелген. Онда ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, оларды нарықтық айналымға енгізу және жер телімдерін мақсатты пайдалану түрін өзгертуге рұқсат алу рәсімдерін жеңілдету, пайдаланылмай жатқан жерлерді алдағы уақытта жекешелендіру үшін қорға беру туралы айтылған, – деді облыстық жер инспекциясы басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.
Оның айтуынша, 2015 жылы инспекция 1046 917,34 гектар жерді қамтыған 360 тексеру шарасын жүргізген. Сонда 266 заңсыздық әшкереленіп, жауаптылар әкімшілік жазаға тартылған. 28 жер иесіне ескерту жасалса, 195-сі айыппұл төлеген. Жер салығынан бюджетке 45,6 миллион теңге қаржы түскен. Үстіміздегі жылдың басынан бері инспекция 58 тексеріс ұйымдастырып, тағы бірқатар заңсыздықты әшкерелеген.
Жиын соңында мамандар журналистерді толғандырған бірқатар сұрақтарға жауап берді.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.