
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру Стратегиясында алдағы жұмыстың ұзақмерзімді басымдықтары белгіленген. Бұл мәселені шешудегі басты рөл машина жасау саласына бөлінген. Өйткені, бұл сала қазақстандық өнеркәсіптің көптеген өндіріс түрлерін дамыту үшін жағдай жасайды. Осы мәселені шешу үшін заман ағымымен жүретін жоғары білікті кадрлар және өндіріс пен оқу орындарында технологиялық процестердің жаңартылуы қажет.
Қазіргі уақытта барлық кәсіпорындар, оның ішінде ірі өнеркәсіптік холдингтер, ұсақ өндірістік алаңдардың қай-қайсысы болсын білікті кадрлардың тапшылығын сезінуде. Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген міндеттердің бірі өңдеу өнеркәсібінде өнімді жұмыс орындарын құру болып табылады.
Біздің аймағымыздағы оқытудың дуалды жүйесін енгізудің қанатқақты жобасының қатысушысы болып отырған Петропавл қаласының машина жасау колледжі еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлайды. Бұл жобада оқу орны екінші жыл жұмыс істеуде.
Таяуда Петропавл қаласындағы машина жасау колледжінде токарьлық цех ашылды. Дуалды жүйені енгізу бойынша бағдарламалық басқаруы бар бес токарьлық және үш фрезерлік станоктарды сатып алуға республикалық бюджеттен 25 миллион теңге бөлінді.
Токарьлық цехтың салтанатты ашылуына облыстық кәсіпкерлер палатасы, білім басқармасы, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, “Поиск”, “Ремплазма” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, Петропавл қаласындағы локомотив депосы, вагон депосы, Петропавл ауыр машина жасау зауыты және тағы басқа ұйым өкілдері мен колледждің әлеуметтік серіктестері қатысты.
Қазіргі уақытта колледж “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-мен тығыз байланыста жұмыс істейді. Зауыт біздің студенттерге ақылы жұмыс орындарын ұсынып, 2-3-курс шәкірттерінің кәсіптік тәжірибеден өтулері үшін негізгі кәсіпорын болып отыр. Болашақ мамандарға жоғары білікті мамандар арасынан тәлімгерлер бекітілген. Сонымен қатар инженерлік-техникалық мамандар студенттердің теориялық дайындығына қатысады. “Петропавл ауыр машина жасау” АҚ-да бүгінде колледждің жеті түлегі жұмыс істеп жүр. Олардың екеуі “Мамандығы бойынша таңдаулы” сайысының жеңімпаздары атанды.
Машина жасау колледжінде “Кеңбейінді станокшы” мамандығы бойынша 65 студент білім алуда. Енді олардың алдында жаңа мүмкіндіктер ашылып, олар өз дағдыларын жоғары технологиялы жабдықтарда жетілдіретін болады.
Сонымен қатар машина жасау колледжі Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің “Көлік және машина жасау” кафедрасында білім алатын студенттердің тәжірибелік сабақтары үшін оқу алаңын ұсынуға дайын.
Анатолий ФУРМАНЮК,
Петропавл машина жасау
колледжінің директоры.