«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КОМБАЙНШЫЛАРҒА КӨМЕКТЕСТІ

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері үшін көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін – сын сағаты. Ең қиыны, осы маусымдық жұмыстар басталар кезде ауа райы мың құбылып, кедергі жасайды. Көктемде қардың еруі ұзаққа созылса, күзде жауын-шашын аграршылардың құлашты кең сермеуіне мүмкіндік бермейді. Былтыр да табиғат оң қабақ танытпай, қаншама астық қар астында қалды. Бұл жайсыз оқиғаның туындауына кейбір шаруашылықтардың техникалық жағынан нашар жарақтандырылуы да әсер еткені сөзсіз. Салаға қатысы бар мамандар осыдан сабақ алған сияқты. Биыл облыс әкімі Ерік Сұлтановтың тапсырмасымен “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” жанынан өңір аграршыларына көмек көрсететін кәсіпорынның құрылуы осының дәлелі.

“Солтүстік-Ақжар МТС” деген атау алған жауапкершілігі шектеулі серіктестік биыл бірінші рет ораққа қатысты. Кәсіпорынның мақсаты өңірдегі кейбір агроқұрылымдарға орақ науқаны кезінде көмек көрсету болса, ол биыл абыроймен жүзеге асты. Жаңа құрылымға өзін көрсету оңай соққан жоқ. Дегенмен, бүгінгі бірінші қадамнан олардың жұмыстары пысықталып, алдағы міндеттері мен жоспарлары айқындала түсті. Қандай кемшіліктерді түзету керек екендігін таразыға салды.

Серіктестік өзі сияқты алғаш рет биыл нарыққа шыққан “ҚазТехМаш” зауытының “Сампо-Азия” комбайнын сынаққа салды. Осылайша екі жақ бір-біріне қолғабыс жасады. Кәсіпорын биыл “ҚазАгро” холдингі” қаржы орталығының лизинг тетігі арқылы бес комбайн сатып алған болатын.

– Жергілікті зауыт құрастырған шетелдік техниканың әрқайсысы 57 миллион теңгеге түсті. Біріншіден, су жаңа техниканы жүргізіп, сыннан өткіздік. Екіншіден, заманауи техника сапа мен жылдамдығы жағынан біздің де, қызметімізді пайдаланған аграршылардың да көңілінен шықты. Бір ай бойғы жұмыс кезінде бір ғана техниканың болмашы тетігі жөндеуді талап етті. Жаңа техниканың артықшылығы көп. Соның бірі топырақтың ылғалдылығы жоғары болса да, жұмыс істеуге қабілетті, – дейді “Солтүстік-Ақжар МТС” директоры Данияр Сыздықов.

“Солтүстік-Ақжар МТС” ЖШС күзгі орақ науқанын 18 қыркүйек күні бастаған. Компанияның бес комбайншысы алдымен Қызылжар ауданындағы “БАТ” шаруашылығының егініне шалғы салды. Онымен арадағы шартты орындаған соң техникалар екінші шаруашылықтың егініне қарай бет алды. Техниканы бір ауданнан келесі ауданға ауыстыру қиынға соқты. Серіктестік мамандары бір ай бойы ат үстінде жүргенімен, комбайншылар ауа райының қолайлы уақытын күту мен жолға кеткен күндерді қоспағанда, қырдың қызу еңбегін екі аптада бітірді. Олар осы уақытта Қызылжар, Ақжар, Мағжан Жұмабаев аудандарында болып, олардағы “БАТ”, “Туған жер”, “Молодогвардейское” серіктестіктері мен “Арлан” шаруа қожалығының астығын жинап берді. Бес механизатор 3 мың гектар алқаптың дәнді дақылдарын қамбаға құйды.

Аталмыш компания агроқұрылымдармен келісімшарт бойынша жұмыс істейді. Онда екі жақтың бір-біріне талаптары мен міндеттері ашық көрсетіледі. Қызмет көрсету бағасы қымбат емес. Ол жиналған әр тонна астықтың белгіленген мөлшерімен өтеледі. Осылайша егінін жинауға шамасы жетпей отырған шаруашылықтар жұмыстарын бітіріп алады.

Көңіл аударатын жайт – шаруашылықтың басы-қасында басшылық жасап жүргендер – жастар. Биылғы егін орағында бес механизатордан басқа тағы төрт адам еңбек етті. Кәсіпорын басшысы Данияр Сыздықов – жоғары оқу орнын заңгер және қаржыгер ретінде тамамдаса да, ауыл шаруашылығынан хабары бар кәсіпкер. Ол биылғы сынақтан қорытынды жасап, одан әрі жұмысын жан-жақты ойластыруды көздеп отыр. Басшы биылғы науқанға кеш кіріскендіктен, жоспарлы істері жүзеге толық аспағандығын алға тартады. Сондай-ақ, ол лизингке алынған техниканың төлемін, қарамағына алынған адамдардың еңбегін, ең бастысы – сенім артып келетін агроқұрылымдардың ниетін ескерген кезде алдағы жылы жұмысты ширата түсудің қажеттігін біліп отыр. Біріншіден, аталмыш компанияның қызметін пайдаланушылардың тізімін алдын ала жасап, әр шаруашылыққа қатысты жеке жоспар жасамақшы. Сондай-ақ, көліктерді тасымалдау ісінің қолбайлау болмауының жолдарын ойластыруда. Ал серіктестіктегі механизаторлардың кәсібилігінде сын жоқ. Олар өздерінің техника тілін білетін еңбекқор мамандар екендігін дәлелдеп шықты.

– “Солтүстік-Ақжар МТС” құрудағы мақсат – аграршыларға көмек. Бұл қажеттілікті біз жылда орақ науқаны кезінде аңғарамыз. Сондықтан бұл бастама олар үшін тиімді. Тек шаруашылық әкімшіліктері өздерінің жұмыс күші мен техникалық ахуалын алдын ала жоспарлап, сұранысты ертерек білдірсе дейміз, – дейді Данияр Асылбекұлы.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp