Мемлекеттік және бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің жұмысы халыққа қызмет көрсету сапасымен өлшенуі тиіс. Осындай бастама көтерген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті жергілікті атқарушы органдардың басшыларын қатыстыра отырып, бұқаралық ақпарат құралдарымен брифинг ұйымдастыру ісін қолға алды. Алғашқы жиында өңірдің энергетика және коммуналдық шаруашылығының қызметі және автомобиль жолдарының жағдайы сөз болды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Антон Федяевтің айтуынша, тұрғындарды және кәсіпорындарды жылумен, электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету және оның сапасын арттыру мақсатында өңірімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жылсайынғы жылу электр орталығының қондырғыларын жаңғырту, қазандық және турбоагрегаттарды жөндеу жұмыстарының нәтижесінде станцияның электр қуаты артып, едәуір мөлшерде көмір үнемделген.
Басқарма басшысы облыс орталығындағы жылумен және сумен жабдықтау жүйелерінің жай-күйіне тоқталып, оларды қайта қалпына келтіруге және құрылысына биылғы жылы Ұлттық қордан 2 миллиард теңгеге жуық қаражаттың бөлінгенін жеткізді. 264 километр су құбырларын жаңғырту арқылы 7 ауылды сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп, 44 елді мекенді сумен жабдықтауды жақсарту ісі де биылғы жылдың жұмыс жоспарына енгізіліпті.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исманов жолаушылар тасымалын жақсарту, озық үлгідегі технологияларды қолдану арқылы жол құрылысын жаңғырту жайын сөз етті. Оның айтуына қарағанда, бүгінде өңірдегі елді мекендер жолаушылар тасымалымен түгел дерлік қамтамасыз етілген.
Биыл көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөлініп, 250 шақырым автожолды жөндеу, Петропавлдағы халықаралық әуежайды қайта қалпына келтіру жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.
Бүгінде өңіріміздегі 14 мың тұрғыны бар 42 елді мекен ұялы байланыспен қамтамасыз етілген. Оған ауылдардың сигнал беру көздерінен шалғай орналасуы, елді мекен тұрғындарының аздығы себеп болып отырғанын айтқан басқарма басшысы бұл олқылықтың орнын толтыру үшін операторлармен ұялы байланысты жетілдіру, қосымша 80 станция орнату, байланыс сапасын жақсарту, тарифтік төлемдерді азайту сияқты шаралардың ойластырылып жатқанын жеткізді.
Өңіріміздегі автомобиль жолдары жеті жарым мың шақырымды құраса, олардың тең жартысына жуығы жөндеуді қажет етеді. Өткен жылы жолдарды жөндеу жұмысына 6 миллиард теңге жұмсалған. Ал биыл бұл мақсатқа 5,2 миллиард теңгенің қаражаты құйылып отыр. Басқарма басшысы бөлінген қаржы аясында Келлеровка – Тайынша – Чкалово тасжолының құрылысы жалғасып, басқа да облыстық және аудандық маңызға ие жолдарға күрделі және орташа жөндеу жасалатынын жеткізді.
Жыл сайын жолдарды жөндеуге қыруар қаржы бөлінетінін тілге тиек еткен журналистер қауымы құзыретті орган басшысына жаңа әдіспен төселетін тасжолдардың беріктігі, олардың сапасын бақылау, жол апаттарын азайту мәселелеріне қатысты сауалдарын қойды.
Жаңа жолдар 15 жылға дейін шыдас беретінін айтқан Бейбіт Исманов егер жолдарды жөндеуге жыл сайын 15 миллиард теңге бөлінетін болса, бес жылдың ішінде облыстағы барлық апатты жағдайдағы жолдарды қалыпқа келтіруге болатынын мәлімдеді.
Облыс орталығында 10 мыңнан астам тұрғын пәтер алу кезегінде тұрғаны Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Сейілжан Тастеміровтің баяндамасында айтылды. Кезегін тағатсыздана күткендердің бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері екенін естіген журналистер не себепті осы күнге дейін ардагер пәтерсіз жүргенін сұрады. Бөлім басшысының орынбасары елді мекеннен енді көшіп келген ардагердің өтініші үстіміздегі жылы қанағаттандырылатынын жеткізді.
Облыс орталығындағы көшелерді, әсіресе, жағдайы сын көтермейтін қала шетіндегі жолдарды жақсарту мәселесіне қатысты сауалдарға жауап берген баяндамашы Петропавл қаласындағы жолдар жоспарға сәйкес жөнделіп жатқанын айта келе: “Береке” шағынауданындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына апаратын 5-ші Сенная көшесін күрделі жөндеуге 71 миллион теңге бөлініп, жұмыс басталып кетті. Өзге де шеткері көшелерге жөндеу жасалатын болады, – деді.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.