Ендігі жылы да осыған дейін арзандатылған коммуналдық қызмет ақылары қымбаттамайды. Өңірімізде коммуналдық қызмет ақысын төмендету және оларды бір деңгейде ұстап тұру үшін жыл бойы жүйелі жұмыс атқарылғаны белгілі. Нәтижесінде электр қуатының бағасы – 9,3 пайызға, жылу – 1,1 пайызға, су – 9,2 пайызға, кәріз жүйесі – 3,4 пайызға, қоқысты шығару және ПИК қызметі 5 пайызға төмендеді. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап коммуналдық ақылар өзгеріссіз қалады.
– Былтыр көмір 15 пайызға арзандады. Енді аудан әкімдері оның жеткілікті болуын қадағалаулары керек. Қажетті қорды қамтамасыз етіңіздер. Көмір тұйықтарының иелері, делдалдар жағдайды пайдаланып, бағаны өсіріп жібермесін. Бұл қатаң қадағалануы тиіс, – деген өңір басшысы көмір бағасы тұтынушыға жеткенше екі есе өсіп кетпеуін қадағалауды тапсырды.