
Ақжар ауданының оқушылары қашықтан оқытуға арналған қажетті компьютерлік техникалармен және планшеттермен толық қамтамасыз етілді. Талшық ауылдық округі “Ақ ниет” бастауыш партия ұйымында қолжетімді және сапалы білім беру мәселесі талқыланып, қашықтықтан оқыту жайына ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ, сапалы интернет байланысы да назардан тыс қалмады.
“Nur Otan” партиясы аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Сәуле Ахметованың айтуынша, биыл 1119 оқушы оқитын 4 мектепте қашықтан оқыту жүйесі енгізілген. Кезекші сыныптарға 458 бала барады. Оқу жылының басында 318 балаға компьютердің жетіспеушілігі байқалса, қазір мәселе толық шешімін тапқан.
“Республикалық бюджет есебінен 137 компьютер, жергілікті қазынадан 30 ноутбук сатып алуға қаржы берілді. 193 оқушыға компьютерлік техника, 125 оқушыға планшет үлестіріліп, сұраным толығымен өтелді”, – деді Сәуле Ахметова. Аудандық білім бөліміне тағы 40 планшет әкелінді. Республикалық қаражат есебінен қосымша 184 ноутбук алынады.
Егер де карантиндік шаралар күшейтіліп, мектептер толық қашықтықтан оқыту режіміне көшетін болса, 234 оқушыға қажетті техникалар дер кезінде жеткізілетін болады.
Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы түсіндіргендей, қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін жалпы білім беретін орта мектептердің оқушылары мен педагогтарын қажетті компьютерлік техникамен қамтамасыз ету бойынша жергілікті атқарушы органдардың жұмысы бақылауға алынған.
“Nur Otan” партиясы филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне компьютерлік техниканың жетіспеушілігіне байланысты шағымдар түскен жоқ.
Ілияс САБДИНОВ,
“Nur Otan” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.