«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КОМПЬЮТЕР ТІЛІН ҮЙРЕНУДЕ

Бүгінде интернеттің мүмкіндігін пайдалана оты­рып, көптеген қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға болады. Әсіресе, пандемия жағдайында денсаулығын ойлаған адамдар мүмкіндігінше далаға шықпауға тырысуда. Алайда, орта және егде жастағы азаматтар компьютерге келгенде шорқақтау. Сондықтан Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында гаджеттер мен компьютерді пайдалану, онлайн қызмет алуды үйрету жұмыстары қолға алынды.

Бір топ белсенді азамат “Мобильді технология – барлық жастағы адамдар үшін қолжетімді” жобасын жүзеге асыру үшін грант ұтып алды. Осылайша, жастар егде жастағы азаматтарға компьютер меңгертіп, интернетке қосылудың қыр-сырын үйретпек.

Бұрнағы күні жобаның алғашқы қатысушылары – Бескөл ауылының бес тұрғыны аудандық кітапхананың оқу залына жиналып, дәріс тыңдады. Бірінші күні-ақ олар заманауи технологияны пайдалану жолдарымен танысып, үйренгендерін тәжірибе жүзінде іске асырды. Дәрістің арқасында өздері үшін талай тың дүние үйренгенін, көптеген қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға болатынын түсінген олар жоба авторларына ризашылығын білдіріп тарқасты.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp