Таңалакеуімнен кеш қарайғанға дейін жолдан көз алмайтын қоғамдық көлік жүргізушілеріне кондукторлар – таптырмас көмекші. Олардан қырағылық пен шапшаңдық талап етіледі. Сырт көзге жеңіл болып көрінгенімен, өзіндік қиындығы жетіп артылатын жұмыстың қыр-сырына қанық болу мақсатында бір күнімізді №27 бағыт бойынша қатынайтын автобустың кондукторы Назгүл Жүкенованың жанында өткіздік. Алпыс орындық автобуста ине шаншар орын жоқ, 80 адам бармыз-ау. Таңертеңгі уақыт болғандықтан шығар, бірі жұмысына, енді бірі оқуына үлгеру үшін асығыс кіріп жатыр, шығып жатыр. Біз болсақ, көліктің есігіне тіземізді тіреп, түрегеп тұрмыз.
ӘМБЕБАП МАМАН
Қай жұмыстың болмасын қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Кез келген мамандық иесінен өз ісін ықыласпен атқару міндеті талап етілетіні анық. «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал», – деген болатын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған соңғы Жолдауында. Иә, нәпақасын адал еңбекпен тауып жүрген жандардың жұмысы қандай құрметке де лайық.
Кейіпкеріміз 2021 жылы ғаламтордағы хабарландырулардың бірінен №27 бағыт бойынша қатынайтын автобустың техникалық паркі жаңартылатыны, соған сай кондукторлар қажет екендігі туралы ақпаратты көзі шалып қалып, «Қызылжар BUS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жұмысқа орналасуды жөн көріпті. Бұған дейін сауда саласында, қоймада еңбек еткен нәзік жан өзіне ұнайтын жұмыс тапқанына қатты қуанған.
– Кондуктор әмбебап болуы керек. Біз ұйқымыздан таңғы 4:30-да оянамыз. Автопаркқа келіп, бригадирлерден жолдама, диспетчерлік бекеттегі кассирлерден билеттік есеп ведомствосын аламыз да, алдын ала белгіленген автобусымызбен маршрутқа шығамыз. Таңғы 06:30-дан басталып, кешкі 20:30-ға дейін жалғасатын жұмыс уақытында қаланың «Бірлік» шағынауданы мен темір жол вокзалы арасында шамамен 6-7 рейс жасалады, – дейді ол.
Маманның айтуынша, облыс орталығында қоғамдық көлік қызметін пайдаланатын жолаушылардың саны аз емес. Үлкендер жұмысқа, оқушылар сабаққа баратын таңертеңгі уақытта олардың саны едәуір артып, кейде тіпті жолаушылардың автобусқа сыймай қалатын кездері де кездеседі екен. Назгүл Жақсылыққызының міндеті – қоғамдық көлікте билет сату ғана емес, қажет болған жағдайда жүргізушіге көмек көрсету. Қоғамдық көліктің таза болуы да – кондуктордың мойнындағы шаруа. Автобустың ішін күніне екі-үш мәрте жуу керек. Перделерін де кірлетпей, апта сайын ауыстырып отыру маңызды. Көліктің сыртына жапсырылған жарнамаларды да уақытында алып отыру кондукторларға жүктелген.
«Адамдардың көбі кондуктордың жұмысы билет сатумен ғана шектеледі деп ойлайды. Бұл – қате түсінік. Біз – өзіміз жұмыс істейтін қоғамдық көліктің айнасымыз. Сондықтан әр жолаушының көңілінен шығуға тырысамыз. Жұмыс күнінің соңында басшылыққа есеп беріп, кезекшілігімізді тапсырып, үйге жеткенше сағат түнгі 22:30 болады», – дейді кондуктор.
Қаламызда кондукторы жоқ автобустар да бар. Мұндай жағдайда жүргізушіге екі есе көп салмақ түседі. Олар жолға бір, жолаушыға бір қараумен болатындықтан, кейде жол-көлік оқиғаларына тап болып жатады. Қаланы дұрыс білмейтін кей жолаушылар аялдамалардың аттарын қайта-қайта сұрап, жүргізушінің ойын бөледі. Осындай сәтте кондуктордың ауадай қажет екені байқалады.
ЖОЛАУШЫ ҮШІН ЖАУАПТЫ
Адамдар бірдей емес. Әрқайсысының мінезі, таным-түсінігі әртүрлі. Олар қоғамдық көлікте дөрекілік танытып, ашуға бой алдырса, кондукторға сабырлылық таныту қажет. Қандай жағдай болмасын мәселенің анық-қанығына көз жеткізіп барып, орынды жауап беру – кондуктордың міндеті. Олардың өзге мамандық иелерінен ерекшелігі де осында. Жолаушылармен әрдайым сыпайы сөйлесу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Назгүл Жақсылыққызы «Ақшам жетпей тұр» дегенді сылтау етіп, жолақысын төлемей көліктен түсіп кететін жандарды талай мәрте кездестірген.
– Өз басым жолақысын төлей алмағандарға түсіністікпен қарауға тырысамын. Бірақ қасақана төлемегендер заң алдында жауап береді. Көз алдыңда тиын санап, 20-30 теңге жеткізе алмай тұрған балаларды көргенде жаның ауырады, – дейді ол.
«Пирамида» сауда үйі» аялдамасына жете бергеніміз сол еді, автобустың артқы орындығына жайғасқан қария: «Мені осы тұстан түсіріп кетіңіз» деп айғай салды. Кондуктор болса бұл жерде тоқтауға болмайтынын түсіндіріп әлек. Әлгі әжейдің айтпағаны жоқ.
Ал қоғамдық көлікке «Бірлік» шағынауданы аялдамасынан мінген, жасы егде тартқан ер адам жанына жақындаған кондукторды көрмегендей кейіп танытып, терезеге телміріп отыра берді.
– Ата, жолақысын төлеңіз, – деген сөзіне жауап берген жоқ. Алдыңғы жақтағы жолаушылардың билетін түгендеп келген кондуктор артқа қайта бұрылып, жолақысын төлеуін тағы да талап етті. Екінші рет сұрағаннан кейін ғана әлгі қарт кондукторға қарап:
– Мен зейнеткермін, – деді қатқыл үнмен. Сәлден соң әбден ескірген күртесінің қалтасына қолын сұғып, әлденені іздей бастады. Оны біз зейнеткердің куәлігі шығар деп топшылаған едік. Сөйтсек телефоны екен. Сол күйі отыра берді.
«Шыдамдылық пен тиянақтылықты талап ететін жұмыс қайсы?» деп сұраса, ойланбастан кондуктор қызметін айтар едік. Сырт көзге оңай әрі елеп-ескере бермейтін жұмыс болып көрінгендіктен, көп адам еңбегімізді жете түсіне бермейді. Әр жолаушының көңілін аулап, тілін табу қажет. Таңның атысы, кештің батысы күйбеңдеп, тізе бүкпей, тұрғындарды қажетті жеріне жеткізумен қатар, олардың қауіпсіздігіне де жауап береміз», – дейді Назгүл Жақсылыққызы.
ТАЗАЛЫҚ – БАСТЫ ТАЛАП
Автобус ішінде сегіз сағат бойы ары-бері жүру кондуктардан қаншама күшті талап етері сөзсіз. Назгүл Жақсылыққызының қасында жүрген бір күн ішінде көпшіліктің мәдениетсіздігіне куә болдық. Әрине, барлық жолаушыны қаралаудан аулақпыз. Жасы алпыстар шамасындағы бір ағамыз шемішке шағып, оның қалдығын орындығының астына тастап отырды. Кондуктор жолаушының бұл әрекетінің дұрыс еместігін бірнеше мәрте ескертті. Естіп тұрып, елемегендей болған оған қоғамдық көлікте тазалыққа мән беру керектігін айтқанымыз сол еді, жастардың үлкендерді сыйламайтынын сылтауратып, бар бәлені өзімізге жапты.
Бұдан бөлек, автобуста сусын ішіп, оның бөтелкесін өзі отырған жерге тастап кететіндер де жиі кездеседі.
Технология дамып, қазір қоғамдық көліктерде QR-код арқылы төлем жасалғандықтан, кондукторлардың жұмысы жеңілдегендей көрінеді. Бірақ мұның барлығы жұмысшылардың қысқартылуына әкеп соғатыны бесенеден белгілі. Бір жылдары Астанада қоғамдық көлік жолақысы үшін жаңа тариф жүйесі енгізіліп, автобустар кондукторсыз жүретінін хабарлағанда жүргізушілердің наразы болғаны ұмытыла қойған жоқ.
– Жолаушыларға жағдай жасалғаны бізді қуантпай қоймайды. Кейбірі жолақысын QR- код арқылы, енді бірі есіктен кірген бетте кіреберісте тұрған аппаратпен төлейді. Қолма-қол төлеген жағдайда билеттерін береміз. Жұмысымыз біраз жеңілденіп қалды, – дейді Назгүл Жүкенова.
№27 бағыт бойынша қатынайтын автобустың жүргізушісі Қанат Құрмашевтің айтуынша, кондукторсыз жұмыс алға баспайды. Кейде жолаушылардың арасында кикілжің орын алып тұрады. Сондай сәттерде кондукторлар мәселенің ақ-қарасын анықтап, шешіп жатады. Олар кей жолаушылардың ауыр жүктерін түсіруге де көмектеседі.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.
ТҮЙІН
«Соңғы аялдама – «Бірлік» шағынауданы», – деді Назгүл Жақсылыққызы. Жолаушылардың барлығы түскен соң ол жүргізушінің оң қапталындағы орындыққа отыра кетті. Әбден шаршағанын солғын тартқан жүзінен, жұмылуға шақ қалған жанарынан байқауға болады. Бірақ кондуктордың жұмысы мұнымен біткен жоқ. Қазір ол автопаркке барып, көліктің ішін жуып-тазалайды. Мұнтаздай автобусты ертеңгі жолаушылар ластамаса екен деп тіледік.