«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КОНСТИТУЦИЯ — ЖЕТІСТІГІМІЗДІҢ КЕПІЛІ

Қазақстан халқы бүкілхалықтық референдумда тарихи таңдау жасап, ел Конституциясын қабылдағанына биыл ширек ғасыр толады. Осы уақыт ішінде Ата заң жетістігіміздің берік кепіліне айналды. Біз экономикалық өсімге және қоғамның әл-ауқатын арттыруға, бейбітшілік пен келісімге қол жеткіздік. Әр қазақстандық үшін ерекше маңызға ие Ата заңымыздың сот жүйесінде алар орны маңызды.

Конституция адамның құқығы мен бостандығын қорғау, материалдық әл-ауқатын жақсарту, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтудың, құқық тәртібі мен заңдылықты орнық­тырудың міндетті түрде орындалуға тиісті шарты болып табылады. Яғни, ол – мемлекеттің ғана емес, қоғам өмірінің жол көрсетушісі. Елімізде Ата заңда көрсетілген міндеттерді орындап, адам және азамат­тардың құқығы мен бостандығының қорғалуын қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Конституция аясында соттар қауымдастығының ашықтығын қамтамасыз ететін сот реформалары жүзеге асырылды. Еліміздегі Соттар одағының халықаралық соттар қауымдастығына енуі осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Жоғарғы сот төрағасының бастамасымен қолға алынған “Сот төрелігінің жеті тү­йіні” жобасы сот жүйесін дамытуға жаңа серпін беріп, тұрғындар үшін ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз етуде. Оның аясын­да татуластыру рәсімдері, еңбек дауларының алдын алу бойынша қанатқақты жобалар табысты жүзеге асырылып, тұрғындарға жайлы жағдай жасау мақсатында фронт-кеңселер ашылуда. “Соттағы татуластыру рәсімдері” атты қанатқақты жоба аясында ел бойынша сотқа дейін татуластыру кабинеттері ашыла бастады. Дау туындаған кезде екі тарап арасында түсініспеушілік орын алады. Сондай уақытта бірден сотқа жүгінбей, үшінші тараптың көмегімен істі бейбіт жолмен шешуге болады. Арнайы кабинетте судья тараптардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіре отырып, олар­дың уәждерін тыңдаған соң, татуласуға шақырады.
Қазіргі таңда облыста соттан тыс татуластыру орталығы, отбасылық кеңес алуға болатын үш кабинет, кәсіподақ ұйымдарының жанында төрт, әкімдіктер жанында 91 медиация кабинеті, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының жанында татуластыру орталығы жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері ондағы 40 кәсіби және 323 кәсіби емес медиатор азаматтық даулар бойынша 876 келісімге қол жеткізді. Сонымен қатар Уәлиханов ауданының Қулыкөл ауылындағы билер кеңесі әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты бір дауды шешуге көмектесті. Бұлардың барлығы сотқа дейін шешілген істер екенін айта кеткен жөн. Ал “Соттағы татуластыру рәсімдері” жобасы азаматтық істер қаралатын соттарда жүзеге асырылады.
Отбасы құндылықтарының басымдығын арттырып, ажырасу санын азайтуға, сондай-ақ, бала­лардың мүддесін қозғайтын дауларды болдырмауға “Отбасылық сот” жобасы айтарлықтай септігін тигізуде. Аталған жоба өңіріміздегі әкімшілік және азаматтық істерді қарайтын 12 сотта енгізілген.
Еңбек даулары мен жария құқықтық қатынастар дауларының алдын алу мақсатында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл бағытта өңірлік кәсіподақ ұйымдарының ғимаратында татуластыру орталығы іске қосылды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылмен салыстырғанда мұндай даулардың саны айтарлықтай азайған.
Соттардың қызметіне зама­науи ІТ-технологияларды енгізу сот жүйесінің ашықтығы мен мобильдігін арттырып, үрдістерді жеделдетті. Осы орайда азаматтарға сот отырысына смартфон, планшет, интернет желісіне қосылатын басқа да құрылғылар арқылы қашықтықтан қатысуға мүмкіндік беретін “Smart сот” қанатқақты жобасының тиімділігін айта кеткен жөн. Бұл белгілі бір себептерге байланысты отырысқа қатыса алмайтын азаматтар үшін тиімді. Қазіргі таңда облыстағы барлық соттар бейнеконференция жүйесіне қосылған. Облыс бойынша әкімшілік істердің қырық пайыздан астамы қаралатын Петропавл қалалық мамандандырылған әкімшілік сотында, сондай-ақ, Шал ақын, Тайынша, Аққайың, Қызылжар аудандық соттарында жүзеге асырылатын “Түнгі сот” жобасының артықшылықтары мол.
“Үлгілі сот” жобасының аясын­да облыс соттарында мемлекеттік қызмет көрсетудің заманауи талаптарына сай жабдықталған фронт-кеңселер ашылуда. Кеңседе адвокат пен медиатор кабинеттерінің бірге орналасуы тұрғындарға ыңғайлы. Жуырда мұндай кеңселер Мамлют және Мағ­жан Жұмабаев аудандық соттарында ашылды. Бұл бағыттағы жұмыстар келесі жылы да жалғасын табады.

 

Гүлнәр БЕКЕНОВА,
облыстық соттың судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp