Статистика мәліметтеріне сүйенетін болсақ, Қазақстандағы кооперация құрамындағы шаруа және фермерлік қожалықтардың үлесі 1,5 пайыздан аспайды екен. Өркениетті елдер бұл жөнінен әлдеқайда алға кеткен. Өйткені, бұларда ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы заң, басқа да құқықтық актілер ерте енгізіліп, шаруашылық жүргізу, қызметті үйлестіру мәселелері оңтайлы шешілген.
Бізде жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 45,7 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарының, 31 пайызы шаруа және фермер қожалықтарының, 23 пайызы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының үлесіне тие тұра әлі бытыраңқылық, күш біріктірмеушілік басым. Мәселен, жеке қосалқы шаруашылықтар мал шаруашылығы өнімдерінің 75 пайызын өндіргеніне қарамастан, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруы 25 пайыз төңірегінде ғана. Өйткені, салық заңнамасының жетілмегендігі, көлеңкелі экономиканың сақталуы, тағы басқа бюрократтық, қағазбастылық кедергілердің кезігуі өндірістің ұсақ тауарлы сипатынан арыла алмай отырғанын байқатады. Осындай келеңсіз көріністер салдарынан былтыр елімізде бар-жоғы 1500-дей ғана ауылдық тұтыну кооперативі тіркелген. Ал Қызылжар өңірінде еңбекке белсенді тұрғындардың 35 пайызы, яғни 120 мыңға жуық адам ауыл шаруашылығы саласына тартылғанына қарамастан, жергілікті кәсіпкерлерінің ет, сүт өнімдерін қалдықсыз өңдеу салаларына бет бұруы , “Алтын асық”, “Құлан” секілді мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы көңіл көншітпейді. Өткен жылы аграрлық секторға 17 миллиард теңге субсидия бөлінсе, олар негізінен ірі тауар өндірушілердің үлесіне тиген. Көктемгі дала жұмыстарын атқару үшін әр тоннасы 95 мың теңге жеңілдікпен берілетін 65 мың тонна дизель отыны биыл да алдымен алпауыт агроқұрылымдардың арасында бөліске түсері жасырын емес. Гәп неде деген сауалға келсек, “саусақ бірікпей, ине ілікпейді” демекші, басты мәселе майда тауар өндірушілердің бытыраңқы күйде жұмыс істеуіне, белсенді түрде бірікпеуіне, бәсекелестік ортаның аздығына келіп тіреледі. Өнімді өндірушіден тұтынушыға тікелей жеткізу мәселесінде де қордаланған проблемалар аз емес.
Енді не қылмақ, қайтпек керек, тығырықтан шығу жолдары қайсы дегенде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен кәсіпкерлер палатасының мамандары биылдан бастап қолданысқа енген “Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы” Заңды ауызға алады. Олардың пікірінше, ауылдықтар үшін тиімділігі зор құжатта елді мекендерде кооперативтердің көптеп құрылуына, шағын және орта бизнестің өркендеуіне қолайлы мүмкіндіктер жан-жақты қарастырылған. Заң талаптары шеңберінде ауыл шаруашылығы кооперативтері мүшелерінің құқықтары мен міндеттері нақты белгіленумен қатар, қауымдастық мүшесінің ақшалай түрінде енгізілген мүлік (пай) жарнасы бойынша дивидендтер алу құқығы өз мүшелеріне тауарларды өзіндік құны бойынша сатуы, сервистік қызмет ұсынудың оңтайлы түрлері басты жаңалықтардың бірі саналады.
– Елімізде аграрлық кооперацияның сылбыр дамып келе жатқаны жасырын емес. Оның түйткілді проблемаларының біріне ауылдық жерлердегі өндірісте ұсақ тауарлы сипаттың молынан кездесетінін айтар едік. Себебі, бұл санаттағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қаржылық, материалдық-техникалық күшінің жетімсіздігінен егіс танаптарын агротехникалық шараларға сай баптауға, минералдық тыңайтқыштармен, гербицидтермен өңдеуге шамалары жете бермейді. Қауқарсыздығы соншалық, маңдай термен өсірілген ризықты шашпай-төкпей жинап алу үшін ірі агроқұрылымдарға жалынып-жалбарынып жүргенін талай кезіктірдік. “Кісідегінің кілті аспанда” деген. Енді “Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы” Заң жеке қосалқы, шаруа және фермерлік шаруашылықтардың өзара ұжымдаса, ынтымақтаса жұмыс істеуіне кең жол ашары сөзсіз, – деген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаровтың сөзіне алып-қосарымыз жоқ.
Мұндай пікірлерді Уәлиханов ауданында іссапарда болғанымызда да көп естідік. Уәлиханов – 11 ауылдық округтен, 34 елді мекеннен тұратын, облыс орталығынан шалғай жатқан аудандардың бірі. Әлеуметтік-экономикалық өмірінде аграрлық сала басты орын алады. Ресейдің Омбы, еліміздің Павлодар, Ақмола облыстарымен шектесетіндіктен, темір жол және автомобиль жолдарының тоғысқан күретамыры іспеттес. Орманды-далалы аймаққа орналасқандықтан, көз жеткісіз жазық алқабы – төрт түлік үшін таптырмайтын қоныс. Яғни, осында өңірдегі алғашқы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің (АӨК) құрылуы кездейсоқ емес. Жылы жаңалықты жатырқамай қабылдап, мүшелікке енуге құлшыныс білдіріп жатқан жеке, заңды тұлғалар қарасының аз болмауына қарағанда, коммерциялық ұйымға деген сенімді білдірсе керек. Аудан әкімі Аман Төрегелдиннің айтуынша, Елбасы тапсырмаларына сәйкес кәсіпкерліктің кеңінен қанат жаюы, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуі – маңызды міндет. Оның бірден-бір серпінді қадамы ретінде кооперативтерге бірігу өмір талабы екенін, бүгінгі күні “бас-басына би болған өңкей қиқымның” емес, қаржылық, материалдық ресурстарды ортақ мақсатқа бірлесе бағдарлай білгеннің аты озып тұрғанын ерекшелеп айтты. Президенттің “бөлінгенді бөрі жейді” деген тамаша сөзін еске алды. Ақтүйесай ауылдық округінде бой көтерген АӨК “Қызылту-16” деген атауды иемденген. Оның құрамына кіруге алғашқылардың қатарында “Байбатыр”, “Дружба”, “Ақтай” шаруа қожалықтары тілек білдіріп, алды жемісін көре бастаған.
АӨК аудандық филиалының директоры Батырхан Ахметов қатарларының қалыңдай түсеріне еш күмән келтірмейді. Тағы төрт фермер ерікті түрде бірігуге бел байлапты. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы кооперативі қызметінің негізгі мақсаты оның мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, басқа да қажеттіліктерін қанағаттандыру, кірістерді арттыру, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру, қайта өңдеу, өткізу, сақтау, өндіріс құралдарымен және материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтау салаларында тартымдылық ортаны қалыптастыру мақсатын көздейтіндіктен, ішкі нарықты отандық тауарлармен молынан қамтамасыз етуге серпін бермек. Шикізат жеткіліксіздігінен, қаржы тапшылығынан жарым-жартылай жұмыс істеп тұрған ауылдағы кәсіпорындар өзара қызмет көрсетуді жүзеге асыру арқылы өз мүдделерін орайымен шеше алары анық. Уәлихановтықтардың қанатқақты жобасына Мамлют ауданы қолдау көрсетіп “Мамлют” АӨК-ін құрған. Қазір оның құрамында 11 шаруашылық бар. “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры Еркебұлан Мәмбетов қауымдастық мүшелері үшін салық төлеу, несие алу, субсидия беру салаларында жеңілдіктердің қарастырылуын ауылдық жерлердегі бизнесті дамытуға деген ерен қамқорлық үлгісіне жатқызады. Кооперативке бірінші болып кіргені де осындай тамаша мүмкіндіктерді қалт жібермеу ниетінен туғанын жасырмайды.
– Қазір Жамбыл, Ақжар аудандарында АӨК-тер құрылып, жаппай қозғалыстың өріс алғанын байқау қиын емес. Олардан 32-сі тіркелсе, 73-і тиісті құжаттарын әзірлеу үстінде. Алда Тайынша ауданында майлы дақылдарды қалдықсыз өңдеу және сатумен айналысатын ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру мақсаты тұр. Жылдық қуаты 100 мың тонналық Қазақстан мен Қытайдың “Total Impex” бірлескен кәсіпорны пайдалануға берілсе, ондаған адам жұмысқа орналасады. Ауқымды жоба аясында фермерлік қожалықтар көктемгі-күзгі дала жұмыстарына қаржылық қолдау, сапалы тұқым, машина-трактор стансаларынан сервистік қызмет алады. Мал өсіретін тұрғындар үшін мал тұқымын асылдандыру ісіне субсидия түрінде қаржылық қолдаулар көрсетіледі, – дей келіп облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов заң нормаларын кеңінен түсіндіру ісі назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
“Аумақтық астық холдингі” ЖШС-нің жетекшісі Марат Ысқақов құрылымның ауыл шаруашылығы кооперативіне айналғанын, оның құрамындағы 52 шаруашылық көктемгі егіске нық дайындық жасап отырғанын, мұның өзі “Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы” Заңда және жарғыда айқындалған құқықтар мен міндеттер ауқымында мүмкін болғанын көлденең тартады.
Иә, өңірде құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтерінің алғашқы аяқ алысы қауымдаса, ұжымдаса еңбек еткеннің ісі өнікті келетінін айқын аңғартады.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.