Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны 40 мың теңге көлемінде айыппұл төлемек. Ол коронавирус инфекциясын жұқтырған адаммен байланыста болғаны туралы жалған ақпарат бергені үшін кінәлі болып отыр. Мас әйел «103» пультіне қоңырау шалып, дене қызуы көтерілгенін және бірнеше күн бұрына Италия тұрғыны өз үйінде қонақта болғанын хабарлаған. Алайда дәрігерлер көрсетілген елді мекенде мұндай жағдайдың болмағанын анықтап, полицияға хабарлаған.
Мағжан Жұмабаев ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері осы ауданның басқа ауылында тұрып жатқан «әзілқой» әйелді анықтап, ұстады. Жалған есіммен хабарласқан әйелдің бойында ауру бегілері болмай шыққан, тіпті ешқандай шетелдік мейман да келмеген. Ауыл тұрғынына қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 438-бабы «Арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақыру» бойынша әкімшілік материал толтырылды.
«Өртке қарсы қызметті, полицияны, жедел медициналық көмек пен апаттық қызметтерді көрінеу жалған шақыру үшін әкімшілік заңнамамен 160 мың теңгеге дейінгі көлемде жауапкершілік қарастырылған», – деді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаев.