Бүкіл әлемді дүрліктірген қауіпті індет – коронавирус құйыны қазақтың кең даласына да еніп кетті. Бүгінгі таңда қайда болмасын, жағдайдың күннен-күнге ушығып бара жатқанын дәлелдеп жатудың қажеті бола қоймас. Елімізде бұрын-соңды болмаған төтенше жағдай енгізілді. Іле Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Үндеу жариялап, осы бір қиын кезеңде қолға алынуға тиіс шұғыл шараларды белгілеп берді. Атап айтқанда, ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер және жұртшылық көп баратын басқа да орындар уақытша жабылды. Оқушылар демалысқа жіберілді. Студенттер қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Қазақстан Республикасының аумағына кіруге және шығуға шектеу қойылды. Мемлекеттік шекара бойындағы өткізу бекеттерінде, вокзалдар мен әуежайларда санитарлық режім күшейтілді. Билік тарапынан ел азаматтарының денсаулығы үшін осы сияқты басқа да маңызды қадамдар жасалуда, барлық қажетті алдын алу шаралары жүзеге асырылуда.
Десек те, аурудың беті жаман. Дамыған елдердің өзінде құрығына іліккендерді баудай түсіріп жатыр. Міне, осындай жағдайда өзінің, туған-туысқандарының бас амандығын қамтамасыз ету үшін қарапайым халық не істеуі керек? Ең бастысы әр азамат енгізілген шектеулерге жауапкершілікпен қарап, барынша сақтануы, вирустың таралмауына атсалысуы, тәртіпке бағынуы керек. Мамандар нақ осы кезде қолды жиі жуу, жеке бастың санитарлық гигиенасын сақтау, көп адам жиналатын жерлерге бармауға тырысу керектігін ескертуде. Бір сөзбен айтқанда, коронавирусқа қарсы күреске бүкіл халық жұмылуы тиіс. Сонда ғана біз оның бетін қайтара аламыз.
Өкінішке қарай, көпшілік осыны түсініп отырған жоқ. Қазақ әлі де ел шетіне әдеттегі тұмау келгендей жайбарақат. Осындай уақытта кейбіреулердің тойдың қамымен жүргеніне не дерсің?! Сол сияқты базарлар мен супермаркеттерде сапырылысқан халық не ойлайды екен?! Қазір көшеге шығудың өзі қауіпті. Бұл көппен бірге көретін “ұлы той” емес. Жұрт осыны түсінуі керек.
Өзіміз індеттің таралуын басынан қатаң бақылауға алған елдерде жағдайдың жақсара түскенін көріп отырмыз. Ал керісінше вирусқа аса мән бермей, сақтану шараларын ескермеген елдерде ауру кеңінен жайылып, шу асаудай бой бермей жатыр. Ондайдың бетін аулақ қылсын! Ал “жаман айтпай, жақсы жоқ” осы дертті дер кезінде ауыздықтай алмасақ, қандай күй кешетінімізді көзге елестетудің өзі қорқынышты.
Демек, елге, ұлтқа төнген қауіптің өте зор екенін түсініп, сын сағатта жауапкершілік танытайық. Еліміздің әр тұрғыны өзінің ғана емес, басқаның да өміріне жауапты екенін түсінгені жөн. Егер Президент, дәрігерлер қойып отырған талаптарды ескермесек, дерттің одан әрі таралу қаупі күшейе түседі.
Отпен ойнап, опық жеп жүрмейік, ағайын!
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Сурет https://www.objectiv.tv/ сайтынан алынды.