«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КУБОКТЫҢ АУЫЛЫ АЛЫС ЕКЕН

“Еуро – 2020” іріктеу турнирінен кейін Бірінші және Екінші лига клубтары 2019 жылғы Қазақстан кубогының іріктеу кезеңдерінде сынға түсті. Биылғы маусымға Премьер-лиганың 12 командасы тікелей өтсе, екі лига клубтары төрт жолдаманы сарапқа салды. Бұл сайыстарда “Қызылжар” мен “Рузаевка” командалары өңір намысын қорғаған болатын.

Солтүстікқазақстандық спортсүйер қауым жергілікті футболшылардың ел кубогының 1/8 финалына қатысуын тағатсыздана күтті. Жерлестеріміз Бірінші лигада ойнаған кезде Петропавлға “Астана”, ал 2018 жылы Шымкент қаласының “Ордабасы” клубы келген еді. Өкінішке қарай, жергілікті ала доп шеберлері бұл жолы жанкүйерлердің сенімінен шыға алмады.
Али Алиев бастаған қызылжарлықтар ел кубогында жақсы өнер көрсетіп, Премьер-лигаға қайта оралуды мақсат тұтты. Жеребе бойынша “А” тобына іріктелген жерлестеріміз негізгі кезеңге берілетін жалғыз жолдама үшін “Алтай”, “Екібастұз” және “Рузаевка” командаларымен бәсекеге түсті.
“Қызылжар” клубы топтағы алғашқы ойынында “Екібастұз” командасымен кездесті. Басынан бастап шабуылға көшкен қарсылас 15-ші минутта есеп ашты. Голдың авторы – екібастұздық Аслан Еркен. Кездесу барысында жерлестеріміздің бұған дейінгі маусымдардағы қателіктерінен сабақ алмағаны байқалды. Қызылжарлықтардың бірден шабуылға көшіп, есепті теңестіруге мүмкіндігі болмады. Осылайша, бірінші тайм қонақтардың басымдығымен аяқталды. Жерлестеріміз кездесудің екінші бөлігінде ойын тізгінін өз қолдарына алып, жылдамдықты үдетті. Футболшылардың үздіксіз соққылары тек ойынның 80-ші минутында нәтиже берді. Урош Делич бұрыштамадан тебілген ала допты қарсыластың қақпасына басымен соқты. Сөйтіп, есеп теңесті.
Жасыл алаңдағы келесі ойында солтүстікқазақстандық екі клуб кездесті. “Рузаевка” футболшылары бұған дейін “Алтай” командасымен кездесіп, ірі есеппен жеңіліс тапқан болатын. Ойын регламентіне сәйкес Петропавл қаласының клубына бұл кездесуде легионерлерді шығаруға тыйым салынды. Дегенмен, қызылжарлықтар қарсыласын қиналмай жеңді. Бірінші таймның 16-шы минутында Павел Кривенцев қарсыластың қақпашысынан айласын асырып, нысананы дәл көздеді. Арада тағы 11 минут өткеннен кейін қызылжарлық Данил Цой есепті еселей түсті. Тайм соңына дейін гол соғуға тырысқан рузаевтықтардың шабуылы нәтиже бермеді.
Екінші таймда петропавлдық команда қорғанысқа көшкен қарсыластың қақпасына доп дарытуға талпынды. Бірақ қорғаныс мықты. Кездесу аяқталуға сүт пісірім уақыт қалғанда “Қызылжар” футболшылары – Виктор Гунченко, Елмар Нәбиев және Дмитрий Савченко мергендік танытып, үш гол соқты. Есеп – 5:0.
Жерлестеріміз ел кубогының 1/8 финалына өту үшін соңғы қарсыласы – өскемендік “Алтай” клубымен кездесті. Бұл ойын командамыз үшін ерекше маңызды еді. Себебі, 6 ұпайға қол жеткізген алтайлықтар “А” тобында көш бастап тұр. Шығысқазақстандықтар бұған дейін “Рузаевканы” – 4:0, “Екібастұз” клубын 1:0 есебімен жеңген болатын. Сондықтан ойыншыларымыз алаңға шығысымен жеңіске жету үшін барын салды. Өкінішке қарай, солтүстікқазақстандықтар ойынның бірінші бөлігінде есеп аша алмады. Ойынның екінші кезеңі де тартысқа толы болғанымен, біздің аяқдопшылар мергендіктерімен көзге түскен жоқ. Қарсылас команда да жақсы ойын өрнегін көрсете алмады. Есеп – 0:0.
Ел кубогының іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 5 ұпайға қол жеткізген қызылжарлықтар өз тобында екінші орынға табан тіреді. Барлық кездесулерінде жеңіліс тауып, қақпасына 11 гол өткізген “Рузаевка” клубы турнир кестесінің соңына жайғасты. Ал “Алтай” клубы ел кубогының 1/8 финалына өтті.
28 наурыз күні Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы штаб-пәтерінде ел кубогының 1/8 финал жеребесі тартылды. Сөйтіп, павлодарлық “Ертіс” Ақтөбеге жол тартады. “Ақсу” өз алаңында қостанайлық “Тобылмен” ойнайды. Кубог иегері – Алматының “Қайраты” өз атағын қорғау үшін “Каспийге” қарсы шығады. Қарағанды қаласының “Шахтері” жасыл алаңға тараздықтармен, ал талдықорғандық “Жетісу” Атырау қаласының “Атырауымен” кездеседі. Ойындар 10 сәуірде басталады.
Петропавлдықтар болса, Бірінші лига аясындағы алғашқы ойынын 5 сәуір күні өткізіп, сырт алаңда “Байқоңырмен” кездеседі. Ал өз алаңындағы алғашқы кездесу 14 сәуірге жоспарланған. Жерлестеріміз Алматының “Қайрат” жастар клубын қабылдайды.


I тур
5 сәуір (жұма)
“Байқоңыр” – “Қызылжар”
ІI тур
14 сәуір (жексенбі)
“Қызылжар” – “Қайрат-Жастар”
III тур
21 сәуір (жексенбі)
“Астана” (жас) – “Қызылжар”
IV тур
28 сәуір (жексенбі)
“Қызылжар” – “Ақжайық”
V тур
4 мамыр (сенбі)
“Ақтөбе-Жас” – “Қызылжар”
VI тур

11 мамыр (сенбі)
“Жетісу Б” – “Қызылжар”
VII тур

16 мамыр (бейсенбі)
“Қызылжар” – “Қыран”
VIII тур

26 мамыр (жексенбі)
“Екібастұз” – “Қызылжар”
IX тур

31 мамыр (жұма)
“Қызылжар” – “Шахтер-Болат”
3-11 маусым, “FIFA” ресми күн-дері
X тур
16 маусым (жексенбі)
“Мақтаарал” – “Қызылжар”
XI тур
23 маусым (жексенбі)
“Қызылжар” – “Каспий”
XII тур
29 маусым (сенбі)
“Алтай” – “Қызылжар”
XIII тур
6 шілде (сенбі)
“Қызылжар” – “Академия Оң-түстік”

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp