«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КУБОК ӨЗІМІЗДЕ ҚАЛДЫ

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында дәстүрлі “Наурыз – 2015” қазақша КТК фестивалі өтті. Жылына бір рет өтетін сайыстың сахна төрінде жергілікті 6 командамен қатар, астаналық “Елорда” және “АТЭК” командалары Наурыз кубогын сарапқа салды.

Жастардың арасында қазақ тілінің мәртебесін көтеруді көздеген биылғы фестиваль жекпе-жек форматында өтті. Яғни, өңіріміздің аудандарынан келген ойыншылар бірігіп “СҚО” құрамасын құраса, облыс орталығының жастары “Петропавл қаласы” құрама командасы болып өнер көрсетті.

Қазақтілді көңілділер мен тапқырлар клубының ойыны барысында өнер көрсеткен әзілкештер ұтқыр ойынымен көзге түсті. Бұл жолы да ойын жастар тақырыбынан ауытқыған жоқ. Сайыс барысында көңілділер мен тапқырлар клубының ойыншылары күнделікті өмірдегі жағдай, күйбең тірлік көріністерімен қатар, өңір жастарының тыныс-тіршілігін, болашағын, қоғамдағы белсенділігін, қыз бен жігіт арасындағы махаббат мәселесін астарлы ой мен ұтқыр әзіл арқылы көрсетіп, баршаны күлкіге кенелтті. Әңгіме тақырыбы – Наурыз мейрамы да әзілдің өзегіне айналды.

Ал Астана қаласынан ат терлетіп келген “Елорда” мен “АТЭК” құрама командалары болса кубоктан дәмелі екендіктерін дәлелдеп, ұтымды әзіл, әртістік өнер және бойыңды билеп алар әуенді ұштастыра білді. Қала қонақтары өздерінің әр әзілін облыстың және Петропавл қаласының тіршілігімен сабақтастыруды ұмытпады. Әсіресе, петропавлдықтардың жүрегіне жақын жайттарды әзіл қылды. Атап айтқанда, облыс орталығының Жұмысшы және Бензострой кенттеріндегі келеңсіз жағдайлар, студенттер өмірінен үзінділерді көрсете білді.

Екі сағатқа созылған ойынның қорытындысына келсек, “Петропавл қаласы” құрама командасы Наурыз кубогының иегері атанды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp